
...Темекісінің көк түтінін будақтатып, алысқа көз тастап отырған қартаң әйелдің азан шақырып қойған есімі Ханшайым еді. Ол темекісін тұтатқан сіріңкенің қолын күйдіргенін де сезбейтін сияқты. Жаздық жұқа күлгін көйлегінің әр жеріне темекінің шоғы түсіп, күйіп қалып жатыр. Қызыл шоқ әйелдің нәзік денесін қарып алғаны сөзсіз. Алайда өзі сезбеді де. Сезінгісі келмеді, әлде сезіне алмады. Екі саусағының ортасына қыстырған темекісін құшырлана сорып, арасында ащы суды ұрттап, әлемнің бар ауыртпалығын ұмытқандай күй кешіп отыра берді.
Ханшайымда кеше ғана бәрі бар еді. Бір үйдің жалғыз қызы болған соң жас құрақтай желкілдеп өсті. Бақыттың бақшасында өзіне тиесілі үлесінен де құр қалмады. Сүйікті жар атанып, перзент те сүйіп үлгерді. Жақсы тұрмыс кешуіне ешкім де, ештеңе де кедергі келтірген жоқ. Тек шаттанған үстіне шаттанып, өзінің масаң тартқан сәттерін қатты ұнататын. Сонда онсыз да түгел төрт дүниесі тіпті қызыл-жасыл түске еніп, ажарлана түсетін. Айналасы да шырайланып, жан біткеннің барлығы бақытты көрінетін.
Уақыт өте келе үйден безіп, көше кезіп ішетінді шығарды. Алқаш атанды. Бөтелкелес досының бәрі көшеде жүрсе, үйге оралып несі бар?! Тек солар ғана жандүниесін түсініп, солар ғана «ішпе» деп айтпайтын. Сол үшін оларды бәрінен артық көрді.
«Бүлінген түк те жоқ, бәрін қайта қалпына келтіруге болады» деп ойлады. Тіпті оның миында адами факторға саятын, қателік, ыза, ашу мен кек, тіпті жақсы көру мен сағыну деген сезімдер өшіп кеткен. Жанындай жақсы көрген ата-ана, сүйген жар мен тапқан балаларын ойлағысы келмейді. Оларға деген зор сүйіспеншілігі мен махаббаты қай күні, қалай өшкені өзіне де беймәлім. Ең қорқыныштысы да сол.
Жасыл желекпен көмкерілген «Мамыр» саябағына бас сұқтық. Басар тау, барар жері қалмаған, дүниеден баз кешіп, үйірінен адасып, отауынан айырылып қалғандар күн суығанда саябақта орналасқан Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықты жағалайды. Олар бұл орталықтың табалдырығын аязда үсіп қалмас үшін ғана аттайтын көрінеді. Көктем шығысымен қайта қашып шығып, баз-баяғы қалыптарына түседі. Бұлар Ханшайымның жан достары. Сырлас, тағдырлас әлемі.
– Бүгінде орталықта 100-ге жуық адам қызмет алады. Оларға стандарт бойынша 7 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өмірде адам қандай да бір жетістік жолында достықты, махаббатты құрбан етіп жатса, біздің орталыққа бас сұғатындардың басым көпшілігі өз өмірін қиындатып, уақытын босқа ысырап еткендер. Десе де біз олардың қателігіне «Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» деп жанашырлықпен қараймыз. Алайда қиын жағдайда қалған адам деп аузына тосып, алдына қойғаныңды бір-ақ күнде теуіп тастап, тайып тұратындар баршылық. Орталықта жұмыс істеген уақыт ішінде нағыз қиын жағдайда қалған адамдардың арасында Зоя есімді апайды кездестірдім. Ұлы мен қызы бақилық болған. Келіні үйінен қуып жіберген. Сол әжейдің құжаттарын дайындап, қарттар үйіне жібердік. Соңынан іздеп барып, жағдайын сұрап тұрамыз. Жақсылықты ұмытпай, үнемі алғыс айтып отырады. Ал орталықтағы басқа адамдарға келетін болсақ, жыл құсы сияқты. Қыста мекемеге сүрініп-қабынып жетеді. Биттеп кеткен ештеңе емес, жарасына шыбын тышып, құрттап кететіндер де келеді. Орталық қызметкерлері оларды жуындырып-шайындырып, адам қалпына келтіреді. Алайда қоңданып алған соң, көктем шыға қайтадан сыртқа қашады. Оның себебін өздері еркіндікті аңсаумен түсіндіреді. Құжаттарын жасау барысында аты-жөні арқылы туған жеріне іздеу саламыз. Бір қызығы, кейбіреулер біршама уақыттан соң өзінің айтқан аты-жөнінің дұрыс еместігін есіне түсіріп жатады. Анасының атын екі күн ойланып, әзер айтқандары да бар. Біраз жыл бұрын бір апайдың құжаттарын дайындап, әне-міне қарттар үйіне жібереміз деп отырғанда қашып кетті. Кейін қала тұрғындары жаңбырлы, суық күні көрпеге оранып көшеде жүрген жерінен видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберіпті. «Әжейді қор қылған қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың адамдары» депті куәгерлер. Қарт әйел соны мақұлдап тұр. Мұндай жағдайда не деуге болады? Олар далада өз еріктерімен жүр. Жұмыс істеуге, тіпті адам болуға құлықсыз,– дейді орталықтың психологі Бота Қалқабаева.
Расында тағдырын тас-талқан етіп, бауыры мен балаларынан безініп жүргендерден не үміт, не қайыр дерсің?! Алайда олар да адам. Бірақ адамды адам ететін оның сезімталдығы, әлденеге жанашырлығы, қамқорлығы, мейірбандығы, әлдебір жетістікке ұмтылуымен, қуаныш пен қайғыны сезінуінде емес пе?! Ал орталықта қызмет алушылардың көбісі өзге тұрмақ, өзін ұмытқандар. Оларға бәрібір. Кейбірі бәрін біліп тұрғанымен, өзін қалпына келтіре алмайды. Яғни ішкілікке салынып, құмарлық дерті асқынған жандар. Емделуге өздері де құлықсыз.
Орталықта ащы су ішуге, есірткі тұтынуға қатаң тыйым салынған. Ал қызмет алушылар мамыражай тіршілігін, жақындарын жан азаттығы үшін тәрк еткендер. Сондықтан олардың ойында бір ғана жақсы ой, пікір болса, ол бостандық, еркіндік деген ұғымға деген ұмтылыс қана.
Алайда адасқанның бәрі ащы су мен қателіктің кесірінен осында тоғытылғандар емес. Бірлі-жарым жандар тәлкекке салған тағдырының теперішімен осында жүгінеді. Олардың қатарында Бекнұр да бар. Күлімкөз жігіттің самайын қырау шалыпты. Жасы қырықтың ар жақ, бер жағында. Ішімдік ішпейді. Жымиып тұратын жанары алдамайды екен. Әлдебір жылылықты аңсап тұратыны жүзінен аңғарылып тұр. Бұл мекеменің көмегіне жүгінгендердің бойында семіп қалған көп адами қасиет осы кісінің бойында сақталғаны да білінеді.
– Ата-анам мен дүниеге келген сәтте-ақ бас тартып, балалар үйіне өткізіп кетіпті. Ес білгелі талма ауруымен ауырамын. Бірде пойызда талып қалыппын. Есімді жисам, ақшам да, құжаттарым да тып-типыл. Біреу ұрлап кетіпті. Міне, содан кейін осы орталықта жүрген жайым бар. Құжаттарымның жасалып біткенін күтіп жүрмін, – дейді Бекнұр.
Бекнұр өмірге өкпелемейді. Бәрін қалай бар, солай қабылдап үйренгені байқалады. Жанарын мұң шалмаған, биязы жігіт туралы орталық қызметкерлері «Еңбекқор, адал, бақытты болуға әбден лайық» деп жылы пікірлерін айтты. Тек толыққанды өмір сүруге дерті кедергі болып тұрған көрінеді. Бір кем дүние!
Анадайдан көзін қадап, сыртымыздан бақылап тұрған жігітке көңіл аудардық. Ол өзінің 8 бауыры бар екенін және оларға өкпелі екенін жеткізді.
– Үйдің кенжесімін. Әке-шешем жетінші сынып оқып жүргенімде өмірден озды. Сегізінші сыныпта ащы судың дәмін таттым. Содан бері ішіп жүрмін. Бірде арықта, енді бірге көшедегі орындықтарда ұйықтаймын. Бір қызығы тамаққа ақша таппасақ та, араққа тауып аламыз. Менің алдымда 8 аға-әпкем бар. Алайда мен оларға керек емеспін. Қайда жүргенімді білмейді де. Бәрі бақуатты тұрады. Өзімді оларға керексіз сезінемін. Әке-шешем тірі болғанда бәрі жақсы болар еді. Үйленбедім, бала да сүймедім. Не ащы суды қоя алмадым. Біз осылай жүріп өмірден өтеміз-ау, – дейді өзін Азамат деп таныстырған жігіт.
Азамат өзін видеоға түсіруімізге қарсы болмады. Бейнероликті әлеуметтік желіге жүктегеннен кейін, бізге көптеген адамдар хабарласты. Бірі сыныптасым еді десе, енді бірі ауылдасы екенін айтты. 8 бауыры да кезек-кезек қоңырау шалып, көздеріне жас алды.
– Әке-шешеміздің сүйікті ұлы, кенже бауырымыздың көшеде қаңғып жүргені әрине жанымызға батады. «Ана қала, мына қалада жүр екен», «мына жерден көрдім, ұстап тұрмын тез жетіңдер» деп хабар беретін ағайын, ауылдастарға алғысымыз шексіз. Айтқан уақытта сол орынға барып, алып келеміз. Жуындырып-шайындырып, емдетеміз. Шешендігі, ақындығы бар. Домбыра шертіп, ән салғаны қандай керемет десеңші?! Алайда араға апта салмай, қашып кетеді. Қайтіп қаз қалпына түседі. Бауырларынан қашып жүреді. Себебі біз оны арақ ішпеуге, адам болуға үгіттейміз, – дейді әпкесі Сабира.
Аяғынан айырылып, арбаға таңылған қарт та арбасының доңғалағын біз жаққа бұрды. Қолын сермеп әлденені түсіндіруге оқталды. Алайда онысынан түк шықпады. Тілі кеміс. Түсініксіз. Инсульт алған екен. Сондықтан сөйлеуден қалған.
Алайда біздің түсінбегенімізді көріп, ашуға мінді. Боқтай бастады. Бір қызығы, сөйлей алмайтын кісі жаман сөз айтуға келгенде аузы-аузына жұқпайды екен. Көздері шатынап, жұдырығын түйіп, әлдекімге ызалы, әлдекімге өкпелі кейіпте дүниенің бар боғауызын қарша боратты. Орталық қызметкерлерінің айтуынша, екі бірдей ұлы әкесінен бас тартыпты. Оған себеп осы бір оспадар, бетпақ, бейәдеп мінезі екен.
Мұндай жандардың өмірін қалай жөнге келтіруге болады? Ата-ана, бала-шағасы тоқтата алмаған, тас жүрегін идіре алмаған бейбақтардың тағдырын бір бөтелке тас-талқанын шығарды деу тым ауыр. Бірақ расы сол.
Иә, адамдар адасады. Жолдың бұралаң-ирелеңіндей тағдырдың да тосынсыйы таусылмайды ғой. Бірақ бәрінен ауыры – барыңды жоғалту, тәрк ету, жоқ қылу. Абырой, сый-құрметсіз қалу былай тұрсын, өз атыңды ұмыту деген не сұмдық?! Абыройдан айырылмайық!
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ