Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмысшы мамандықтарына кешенді көзқарас

Жұмысшы мамандықтарына кешенді көзқарас
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осыған орай облысымызда бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып, жұмысшы мамандықтарын қоғамда кеңінен насихаттауға баса назар аударылуда.

2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына байланысты білім беру саласында кешенді іс-шаралар жоспары әзірленіп, оны жүзеге асыру аясында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл жоспар өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртуға, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда 2025-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында колледждерді халықаралық салалық аккредиттеуден өткізу, заманауи талаптарға сай «1С» сертификаттау орталығын құру, 220 орындық жаңа жатақхана құрылысын салу көзделген. Сонымен қатар еңбек нарығының сұранысына бейімделген, нақты салалар бойынша 6 заманауи салалық (hub) кешен ашу жоспарланған.

Бұдан бөлек, жұмыс берушілердің нақты тапсырыстары негізінде мақсатты мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін ұлғайту, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен әріптестік орнатып, жаңа әрі сұранысқа ие мамандықтарды енгізуге назар аударылған.

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков 6 салалық кешен тек оқу орындарының материалдық базасын нығайтумен шектелмейтінін айтады.

– «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өңірлік білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында қолға алынған басты басымдықтардың бірі – 6 заманауи салалық (hub) кешен құру. Әрбір салалық кешен белгілі бір сала бойынша тереңдетілген білім беруді, тәжірибеге бағытталған оқытуды және еңбек нарығымен тығыз байланысты қамтамасыз етуді көздейді. Мәселен «Дәнекерлеу» полигоны заманауи дәнекерлеу технологияларына негізделген тәжірибелік алаң болып табылады. Полигон заманауи техникалық стандарттарға сәйкес жабдықталып, болашақ мамандардың өндірістік ортаға бейімделуін қамтамасыз етеді. Ал «Agro hub» кешені (Құлан агротехникалық жоғары колледжі) агроөнеркәсіп саласына бағытталған. Бұл ауылшаруашылығының әртүрлі бағыттары бойынша тәжірибеге негізделген оқытуды жолға қоймақ. Агротехникалық білім беру мен тәжірибелік дағдыларды ұштастыру арқылы бұл кешен ауылшаруашылығының жаңа технологияларын меңгерген мамандар даярлайды. «АВТОТЕХНОПАРК» кешені болса (Қаратау құрылыс-техникалық колледжі) студенттердің заманауи өндірістік жабдықтармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға арналған. Мұнда CNK-станоктар, лазерлік кесу құрылғылары, өнеркәсіптік роботтар секілді технологиялар орнатылады. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және инженерлік жобалармен айналысатын студенттер үшін инновациялық орта қалыптастырылады. Дәл осындай «AUTO SKILLS» кешені (Жаңатас көпсалалы колледжі) автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану саласын дамытады. Кешен жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Студенттер қозғалтқыш тренажерларының арнайы стендтерінде тәжірибеден өтіп, нақты техникалық жағдайлармен жұмыс істеуді меңгереді. Бұл автомеханик мамандығына қажетті кәсіби шеберлікті тереңдетуге бағытталған кешен. Сонымен қатар «IT hub» кешені (Жамбыл инновациялық жоғары колледжі) цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелер саласына бағытталған. Бұл кешен IT-білім берудің жаңа тәсілдерін енгізуді көздейді. Хабтың басты мақсаты – колледждер арасында тәжірибе алмасуды, заманауи цифрлық құралдарды пайдалану мәдениетін қалыптастыруды және ақпараттық технологиялар саласында кәсіби білікті мамандар даярлауды қамтамасыз ету. Соңғы салалық кешенді құру жоспары химия саласына бағытталып, осы бойынша құзыреттілік орталық ашу көзделіп отыр. Бұл орталық Ресейдің атақты Менделеев атындағы химия-технологиялық университетімен бірлесіп құрылады. Химия және химиялық технология саласындағы мамандарды даярлауға арналған орталық заманауи зертханалық жабдықтармен толықтырылып, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыруда халықаралық тәжірибеге сүйенеді. Аталған жобаларды жүзеге асыруға жалпы 404 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Оның ішінде 304 миллион теңге жергілікті бюджеттен, ал 100 миллион теңге демеуші кәсіпорындар тарапынан бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл инвестиция білім беру сапасын арттыруға, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығы талаптарына бейімдеуге және техникалық мамандықтардың тартымдылығын арттыруға бағытталған, – деген Нұрбек Әбубекұлы келесі кезекте «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында облысымызда ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталды.

Басқарма басшысының айтуынша, 3 наурыз күні Тараз қаласында «Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбында «Жұмысшы мамандықтары жылының» салтанатты ашылуы өтіпті. Бұл іс-шара жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын халыққа кеңінен насихаттау, кәсіби білім беру жүйесінің мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ жастарды еңбек бағытына бағыттау мақсатында ұйымдастырылған. Ашылу салтанатында 11 тақырыптық көрме мен 10 интерактивті алаң жұмыс істеген. Мұнда облысымыздағы кәсіптік білім беру мекемелері ұсынатын мамандықтар жан-жақты таныстырылып, олардың ерекшеліктері мен артықшылықтары көрнекі түрде көрсетілген. Сонымен қатар іс-шара барысында 500-ге жуық мектеп оқушысына кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіліп, оларға түрлі мамандықтар туралы жан-жақты мәлімет берілген.

– Жоспарға сәйкес 2025 жылдың қаңтар, ақпан және наурыз айларында өңірімізде бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Атап айтқанда өңірдегі ірі 10 кәсіпорында 2 300 оқушыны қамтыған экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл іс-шаралар жастарды еңбек нарығындағы нақты кәсіптермен таныстырып, кәсіби бағдар беру мақсатында өткізілді. Қытай Халық Республикасының Сиань қаласындағы «Ваньтун» автомобиль дағдылары кәсіптік-техникалық колледжі мен Қордай ауданындағы №7 Бетқайнар колледжі арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. Осы келісімге сәйкес Қытай тарапынан «Автокөлік құрастыру» мамандығы бойынша материалдық-техникалық жабдықтар мен арнайы мамандар тартылып, тәжірибе алмасу және кәсіби даярлықты арттыру жұмыстары ұйымдастырылады. Сонымен қатар Жамбыл инновациялық жоғары колледжі мен №9 Меркі колледжі Халықаралық АССА қауымдастығының аккредитациясынан өтіп, Париж академиясы арқылы халықаралық стандарттарға сәйкестігін растап, білім беру сапасын халықаралық деңгейге көтерді. Бұл білім беру мекемелерінің мәртебесін арттырып, түлектердің әлемдік еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ облыс деңгейінде колледждер, кәсіпорындар және жоғары оқу орындары арасында кәсіби ынтымақтастықты нығайту мақсатында барлығы 98 меморандумға қол қойылып, білім мен өндірістің интеграциясы күшейтілді. Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған ақпараттық және идеологиялық жұмыстар да жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Медиа-жоспар шеңберінде бүгінгі күнге дейін жалпы саны 92 мақала, телеарналарда 57 сюжет, сайттарда 108 материал, әлеуметтік желілерде 2 инфографика және 6 бейнеролик таратылып, жалпы 2535 пост жарияланды.  Бұл материалдар жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы орны мен маңызын кеңінен таратуға, жастар мен ата-аналардың ақпараттандырылуына зор үлес қосты, – дейді басқарма басшысы.

2024 жылы өңірдің еңбек нарығының сұранысына сәйкес жаңа мамандықтар ашу және жұмыспен қамтудың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық маңызды жоба – «Жаңа мамандықтардың атласы» іске қосылған. Нәтижесінде өңірдің нақты қажеттіліктерін ескере отырып, 68 жаңа мамандық анықталып, олар еңбек нарығындағы олқылықтарды толықтыруға бағытталған. Сонымен бірге, техникалық және өндірістік процестердің өзгеруіне байланысты 17 мамандық жойылатындар қатарына шығарылып, 41 мамандық трансформацияланатыны анықталған.

Сонымен қатар АЭС құрылысына қажетті кадрларды даярлау аясында №8 Мойынқұм колледжінде арнайы жұмыстар жүргізілуде. Атом энергетикасы саласына тән жоғары технологиялық мамандарды дайындау үшін колледждің қолданыстағы «Дәнекерлеу ісі» мамандығының материалдық-техникалық базасын жаңғырту басталыпты. Осылайша колледж өңірдегі атом энергетикасы саласының кадрлық қажеттіліктерін қамтуға мүмкіндік алуда.

Алдағы уақытта да бекітілген жоспарға сәйкес, өңірімізде кәсіби мамандықтарды дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар жалғаса бермек.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Роботтар не үшін қажет?
Алдыңғы мақала
Роботтар не үшін қажет?

Ұқсас жаңалықтар