
Роботтар адам өмірін жеңілдету және әртүрлі салаларда тиімдірек жұмыс істеу үшін қажет. «Робот» сөзі чех тілінен аударғанда «ауыр жұмыс», «каторга» деген мағынаны білдіреді. Адамзат баласы робот жасау идеясын ертеде-ақ ойлап тапқан. Мысалы, б.з.д. 300 жылы пайда болған алғашқы автоматты құрылғылар екі әйел пішіндес фигуралар болып, келген кемелердің жақындауын хабарлап тұрған. Ал ХV ғасырда әйгілі суретші әрі ғалым Леонардо да Винчи алғашқы роботтың сызбасын жасап, ғылымға елеулі үлес қосты. Кейін ұлы суретшінің жазбаларын зерттеген Марио Таддей «Leonardo da Vinci’s Robots» атты кітап шығарды.
ХХ ғасырда робототехника қарқынды дамып, XXI ғасырда адамзат назарын аудартқан ең таңғажайып салалардың біріне айналды. Қазіргі таңда әлемде 3 500-ден астам компания робототехника саласымен айналысады. Ал роботтар медицина, ауылшаруашылығы, өндіріс, білім, журналистика, ғарыш сынды түрлі салада кеңінен қолданылады. Тіпті бүгінде робаттар адамның жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, кейде толықтай алмастыра да алады. Мысалы, «Samsung Bot Care» қарттардың денсаулығын бақылап, дәрі қабылдау уақытын еске салып, жедел жәрдем шақырады. Ал «Samsung Bot Retail» дүкендер мен мейрамханаларда қызмет көрсетеді. «Softbank Robotics» ұсынған «Pepper» роботы 2018 жылдан бері Мюнхен әуежайында жолаушыларға бағыт-бағдар беріп жүр. Ал «Hanson Robotics» жасаған «София» – тарихтағы азаматтығы бар алғашқы робот. 2017 жылы Сауд Арабиясының азаматы атанды.
Жалпы мамандардың айтуынша, робототехниканың тарихы тереңде жатыр. Грек мифологиясындағы Талос – қоладан жасалған алып күзетші, Қытай мен Араб елдерінің автоматтары – робот жасаудың алғашқы идеялары. ХVIII ғасырда француз механигі Жак де Вокансон ойлап тапқан механикалық қуыршақтар – алғашқы автоматтардың бірі. Ал 1921 жылы чех жазушысы Карел Чапек «робот» сөзін алғаш рет «R.U.R.» пьесасында қолданды. 1927 жылы Нью-Йоркте инженер Д.Уэксли қарапайым ғана қимыл жасай алатын роботын таныстырды. Сол секілді 1928 жылы сөйлей алатын «Эрик» роботының таныстырылымы үлкен сенсация болып тарихта қалды. Сондай-ақ 1943 жылы Макколлок пен Питтс нейрондық желі идеясын ұсынды. 1948 жылы Норберт Винер кибернетиканың негізін қалады. Айзек Азимов робототехниканың үш заңын жазды. 1950 жылы Алан Тьюринг интеллектуалдық шахматқа талдау жасады. 1960 жылдары КСРО мен АҚШ-та жасанды интеллект мәселелері кеңінен зерттелді. 1965 жылы алғашқы чат-бот – «Elisa Elamus» пайда болды, ал 1969 жылы жеке қозғалатын андроид – «Sheki» жасалды.
Елімізде робототехника саласының дамуына жоғары технологиялық университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары үлкен үлес қосуда. Мемлекет тарапынан IT және инновацияларды қолдау бағдарламалары іске қосылып, стартап-жобаларға қаржылай көмек берілуде.
Робототехника дамыған сайын қоғамда робот пен адам арасындағы этика, адамдық құндылықтар мәселелері кеңінен талқылануда. Роботтардың адамға ұқсауы, өз бетінше шешім қабылдауы философиялық сұрақтар тудыратыны ақиқат. Олар адам сезімдерін сезіне ала ма? Адамның серігі ме, әлде бәсекелесі ме? Ғалымдар, философтар, қоғам қайраткерлері осы сұрақтарға жауап іздеп, ғылыми фантастика мен кино саласы қоғамның көзқарасын қалыптастыруда.
Қорыта айтқанда, роботтар мен жасанды интеллект адамзат дамуының жаңа кезеңін білдіреді. Олар өмірімізді жеңілдетіп қана қоймай жаңа мүмкіндіктер ашуда.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ