Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Өндірістік тәжірибе» жобасының мүмкіндігі мол

«Өндірістік тәжірибе» жобасының мүмкіндігі мол
Автор
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Бияхметов жұмыс сапарымен өңірімізге келді. Вице-министр алдымен облыс әкімдігінде халықты жұмыспен қамту және өңірдің инвестициялық климатын жақсарту мәселелеріне арналған жиынға қатысты.

Басқосуды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізді.

– Соңғы жылдары елімізде жұмыссыздық мәселесі өзекті болып отыр. Аймақта еңбекпен қамту бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда. Осы жылдың бірінші тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, жастар арасында бұл көрсеткіш 3 пайызға тең. Биыл республика бойынша «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланғаны белгілі. Бұл өз кезегінде облыс тұрғындарын жұмыспен қамту бойынша қосымша жауапкершілікті арттырып отыр. Бүгінде еңбекке тарту шараларын оңтайландыру мақсатында мемлекетімізде ақпараттық жүйелер арқылы мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз ететін жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі отырыста сол жұмыстар жөнінде толығырақ айтылатын болады, – деді Серік Жақсылықұлы.

Мұнан соң тақырып аясында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов баяндама жасап, салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Басқарма басшысының айтуынша, биыл жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылатын жұмыс орындарының жоспары 65 647 орын болып бекітілсе, есепті кезеңге барлығы 20 723 жұмыс орны құрылып, жалпы жоспар 31,6 пайызға орындалыпты.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы «Әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» көрсеткіші бойынша 12 534 жұмыс орнын құру жоспары бекітіліп, қазіргі уақытта 983 жұмыс орны құрылды. Бұл көрсеткіш осы айда бастау алатын әлеуметтік осал топтарға берілетін қайтарымсыз гранттар және маусым айынан басталуы жоспарланып отырған «Ауыл аманаты» бағдарламалары аясында жүзеге асырылатын болады. Осы жылы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 55 179 адам тарту көзделсе, жыл басынан жоспар 36 пайызға орындалып, 19 870 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында осы жылы жұмысқа орналастырудың жоспары 45 778 орын болып белгіленіп, жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына және субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру арқылы қазіргі уақытта 16 393 адам жұмыспен қамтылды. Электронды еңбек биржасында облысымызда биыл 192 жоба бойынша 2 732 жұмыс орнын құру жоспарланып, есептік кезеңде 28 жоба электронды еңбек биржасына енгізілді, 124 азамат жұмысқа орналастырылды. Сол секілді осы жылы субсидияланатын жұмыс орындарына 11 036 адам тартылды. Сондай-ақ «Жастар практикасының» және «Алғашқы жұмыс орны» жобасының тартымдылығын арттыру мақсатында біздің облыстың дотациялық өңір екендігін ескере отырып, қазіргі кездегі жастардың еңбекақысын 30 айлық есептік көрсеткіштен 40 айлық есептік көрсеткішке көтеру қажет. Осы орайда «Алғашқы жұмыс орыны» жобасын басқа шарамен алмастыруға ықпал етуді сұраймыз. Себебі, бүгінгі күнде жастардың басым көпшілігі аталған мемлекеттік қолдау шараларының еңбекақысының төмендігін алға тартуда, – деген Еркін Егембердіұлы 2026 жылдан бастап субсидияланатын жұмыс орынының қаражаты қысқарып, Тараз қаласы үшін аталған бағытта жұмыс берушілерге субсидияландырылған жұмыс орындарына қаражат қаралмау қауіпі жоғары болып тұрғанын жеткізді.

Осы ретте басқарма басшысы вице-минситр Асқар Сақтағанұлына бұл бағытта тиісті қаражаттың республикалық бюджеттен бөлінуіне ықпал етуін сұрады.

– «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында 113 бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жоспарланған болса, қазіргі таңда 33 жәрмеңке өтіп, жұмыссыз ретінде есепте тұрған азаматтарға 100-ден аса жұмыс берушіден 1 621 бос жұмыс орны ұсынылды. 481 адам тұрақты жұмысқа жолданды. Облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 1 636 адамға 2,5 миллиард теңге көлемінде қайтарымсыз грант беру жоспары қойылған. Алғашқы лек 21 мамырдан бастау алады. Аталған шара бойынша да 2026 жылдан бастап республикалық бюджеттен қаражаттың қаралмауы себебінен облыста меженің орындалмай қалу қауіпі бар. Сондықтан да республикалық бюджеттен тиісті қаражаттың бөлінуіне ықпал етуіңізді сұраймыз. 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие берілген. Нәтижесінде 362 адам жеке кәсіптерін ашып, жұмыссыздар қатарынан шығарылған болатын. Өткен жылы 362 несиеге есептелген 1,8 миллиард теңге көлеміндегі қаражат бөлінбегендіктен аталған жоба іске асырылмады. Облыста «NEET» санатындағы жастардың санын едәуір азайту мақсатында аталған бағдарламаға биылғы жылы біздің облыс үшін қаражат қарастыруды сұраймыз, – деп сөзін түйіндеді Еркін Егембердіұлы.

Басқарма басшысы тарапынан көтерілген мәселелер назарға алынатынын жеткізген Асқар Биахметов жиынға қатысушыларға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің цифрлық технологиясы – инновациялық жобалар навигаторын таныстырды. Аталмыш навигаторға өңірлер бойынша барлық салада жүзеге асырылып жатқан жобаларға қатысты мәліметтер енгізілген. Платформаның басты бетінде карта арқылы өңірді таңдауға, онда қанша инвестициялық жобаның жүзеге асырылып жатқанын, олардың қандай салаларға қатысты екенін, сондай-ақ жоба аясында қанша жұмыс орны құрылғанын көруге болады. Инновациялық навигатордың мәліметінде өңірде 58 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатқаны көрсетілген екен.

– Бұл платформаға барлық әкімдер мен салалық ведомство мамандарының қол жеткізуі маңызды. Сол кезде олар жағдайды бақылап, проблемалық мәселелерді дер кезінде байқай алады. Сондай-ақ тағы бір жаңалығымыз «Enbek.kz» сайты арқылы әзірленген «Өндірістік тәжірибе» жобасының мүмкіндіктері туралы айтып өткім келіп отыр. Бұл жоба студенттерге ірі өндіріс орындарында тәжірибеден өтуге, ал жұмыс берушілерге болашақ қызметкерлерді табуға мол мүмкіндік береді. Оқу орындарының өкілдерімен, компания және өндіріс орны басшыларымен кездесулер өткізіңіздер. Мұндай ресурс барын көп адам білмейді, ал оның мүмкіндіктері өте пайдалы, – деді А. Биахметов.

Мұнан соң ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі «Таразкожобувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Сапар барысында Асқар Сақтағанұлы жұмысшылардың өзекті мәселелеріне құлақ түріп, министрлік тарапынан енгізіліп жатқан цифрлық жаңашылдықтар туралы айтып берді.

Келесі кезекті А. Биахметов «Запчасть» акционерлік қоғамына ат басын бұрды. Зауыттың бас директорының орынбасары Борис Полуда вице-министрді кәсіпорынның жұмысымен таныстырды.

Борис Полуданың айтуынша, зауытта барлығы 600 адам жұмыс істейді. Олар үш ауысыммен тамақтанады. Тамақтану шығындары толығымен кәсіпорын есебінен төленеді екен.

Сондай-ақ вице-министрге зауыттың цехтары көрсетіліп, өндірістің барысы, кәсіпорын қуаты мен негізгі міндеттері таныстырылды. Кәсіпорын жұмысымен толық танысып болғаннан кейін Асқар Сақтағанұлы зауыт ұжымымен әңгімелесіп, жұмысшылардың мәселелерін тыңдап, жергілікті жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Вице-министр сапар аясында барған соңғы нысан – «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің үй құрылысы комбинаты. Бүгінде мұнда 100-ден астам адам еңбек еткенімен, кәсіпорын толық қуатында 400 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы.

«Бином» ЖШС-нің атқарушы директоры Мақсат Бакеев зауыттың толық қуатта жұмыс істемеу себебі мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан екенін жеткізді.

– Біздің жылдық қуатымыз – 90 мың шаршы метрден асады. 400-ден астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндігіміз бар. Алайда қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс жоқ. Дейтұрғанмен өз шығындарымызды жауып, қызметкерлердің айлығы уақтылы төленіп тұруы үшін «Отбасы банк» акционерлік қоғамымен бірлесіп, тапсырыс бойынша тұрғын үй салып жатырмыз. Дайын болған баспаналар шаршы метрі 265 мың теңгеден есептеліп, сатылып жатыр. Бір айта кетерлігі, біз құрылысын жүргізген нысандардың барлығын жылдам аяқтап береміз. Мәселен, былтыр Жуалыда тұрғынүй  құрылыс жұмыстарын қазан айының басынан бастап, желтоқсан айында, яғни екі ай ішінде аяқтадық. Байзақ ауданынан да өткен жылы тапсырыс түсіп, 2-3 айдың ішінде тұрғынүй құрылысын аятаған едік. Биыл мұндай тапсырыстар аз. Дегенмен зауыттың қуаттылығы, мүмкіндіктері жеткілікті болғандықтан ірі нысандарды жүзеге асырғымыз келеді, – деді М. Бакеев.

Аталған кәсіпорын министрліктің жалақы беру мәселесі бойынша тәуекелдер картасына кіретінін еске салған А.Биахметов зауыт қызметкерлерінің орташа жалақысын сұрап, жалақы төлеу мәселесінде қандай да бір қиындықтар бар-жоғын нақтылады.

– Қызметкерлердің орташа жалақысы – 250-300 мың теңге. Жалақыны уақытында төлейміз. Әлеуметтік аударымдар – медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналары бойынша кідірістер болған, бірақ бұл мәселені шешіп қойдық, – деп жауап берді М. Бакеев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі құрылыс компаниясының қала мен облыс әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуі қажет екенін атап өтіп, жауапты тұлғаларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды. Сонымен қатар азаматтарды жұмыспен қамтуға мүмкіндігі бар ірі кәсіпорындар бос тұрмауы тиіс екенін айтты.

Сөзін қорытындылай келе Асқар Биахметов халықты жұмыспен қамту мен отандық кәсіпорындарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар