
Дарынды, бастамашыл, жаңаша ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған Президенттік жастар кадр резервін қалыптастыру Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынған. Бұған дейін 3 іріктеу өткізіліп, нәтижесінде резервке 400 адам қабылданған. Резервке алынған 400 адамның 318-і мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда жұмыс істеуде, яғни жалпы санының 80 пайызы жұмысқа орналастырылған.
– Төртінші іріктеудің ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әрбір кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни, резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі. Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни, кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталады. Іріктеуге қатысуға Президент тағайындаған адамдар, саяси қызметшілер, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері, Президенттік жастар кадр резервінде тұрған адамдар жіберілмейді. Іріктеу Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады және маусым-қазан айларында өткізіледі, – деген Руслан Шәмелұлы әр кезеңге жеке-жеке тоқталды.
Баяндамашының айтуынша, алғашқы кезең бойынша құжаттарды қабылдау 2025 жылдың 1-30 маусымы аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режимде жүзеге асырылады. Екінші кезең – кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау. Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидаттар мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан өтеді. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50 пайызы жіберіледі.
– Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу Кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауға бағытталған. Бұл кезең онлайн режимде эссе жазу форматында өтеді. Нәтижесінде 22 тамыз бен 3 қазан аралығында өтетін кандидаттардың құзыреттерін бағалау кезеңіне 300 кандидат жіберіледі. Төртінші кезең бағалаудың екі блогынан тұрады. Ол – ассессмент-орталық және құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Мемлекеттік басқару академиясының базасында оффлайн форматта өтеді. Ол кандидаттардың бойындағы мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы қажетті құзыреттерді бағалауға бағытталған. Ассессмент-орталықтан өту қорытындысы бойынша 200 қатысушы құзыреттер бойынша сұхбаттан өтуге жіберіледі. Құзыреттер бойынша сұхбат блогы кәсіби HR-менеджерлерді тарта отырып өткізіледі. Сұхбат кандидаттардың ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтауға бағытталады. Оның қорытындысы бойынша келесі кезеңге 150 қатысушы жіберіледі. Бесінші кезең – сарапшылық комиссиясында әңгімелесу. Сарапшылық комиссиясы отырысының қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысына 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі ұсынылады. Резервке үздік 50 кандидатты қабылдау үшін Ұлттық комиссияның отырысын қазан айының 25-іне дейін өткізіп, қазан айының соңына дейін шешім шығару жоспарлануда, – дейді Руслан Шәмелұлы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ