
16 жастағы өнертапқыш өрен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Safe Way To School» деп аталатын жоба жасап шықты. Айша алғашқы әлеуметтік жобасын қолға алмас бұрын айнайы зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 2025 жылы елімізде 8 315-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелгеніне көзі жетеді. Соның 439-ын облысымыздағы апаттар құраса, оның ішінде 46 оқиға барысында балалар зардап шеккен.
– Жол-көлік апаттары кезінде қоғам көбіне жылдамдықты асырған жүргізушіні, қауіпсіздік талаптарын сақтамаған оқушыны немесе оған жол ережесін үйретпеген ата-ананы, педагогті кінәлап жатады. Алайда, түпкі себеп – жол инфрақұрылымындағы кемшіліктер. Сондықтан балалардың мектепке дейінгі жолын «Vision Zero» тұжырымдамасы негізінде қауіпсіз етуге бағытталған «Safe Way To School» жобасын жасауды қолға алдым. Кәмелет жасқа толмаған балалар арасындағы өлім-жітімнің негізгі себебі – осы жол-көлік оқиғалары. Балғындар жолда өзін қорғай алмайтын ең осал топқа жатады. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін «Vision Zero» тұжырымдамасына сүйеніп отырмын. «Vision Zero» – 1997 жылы Швецияда қабылданған тұжырымдама. Ол жол-көлік оқиғалары салдарынан болатын өлім-жітім мен ауыр жарақаттарды нөлдік деңгейге дейін төмендетуді мақсат етеді. Жалпы жобамның түп-тамыры 2024 жылдың қыркүйегінде басталды. Тура осы уақытта жасөспірімдерге арналған, әлеуметтік көшбасшыларды қалыптастыруды мақсат ететін «BeginIt» бағдарламасына қатысуға бел буған болатынмын. Қоғамның дамуына өз үлесімді қосуды қалайтындықтан осы қауымдастықтың мүшесіне айналғым келді. «BeginIt» бағдарламасы аясында қатысушылар 4 айлық оқыту курсынан өтіп, өзін әлеуметтік көшбасшы ретінде дамытты. Осы жылдың көктемінде халықаралық бағдарлама Алматы қаласында жалғасып, Vision Zero концепциясымен тереңірек танысу және әлеуметтік жобаларға алғашқы қадамдар жасау мүмкіндігі туды. «BeginIt» бағдарламасының финалисті ретінде «Safe Way To School» жобасын қолға алғаныма жетінші аптадан асты, – деген Айша Бахыт жобасының жасалу кезеңдеріне тоқталды.
Әуелі өнертапқыш өрен өзі тұратын «Салтанат» ықшамауданының тұрғындары арасында сауалнама жүргізеді. Жоба авторы әр тұрғынмен көзбе-көз жүздесіп, олардың қауымдастық мүшесі ретіндегі пікірін тыңдап, жол инфрақұрылымындағы олқылықтарды анықтауды көздейді. Жол қауіпсіздігіне қатысты өздерін алаңдатқан мәселелерді респонденттер алдын ала дайындалған картаға енгізеді.
Екінші кезеңде Айша сауалнамада көрсетілген деректерді цифрландыруға көшеді. Нақтылап өтсек, «Google Forms» платформасында статистикалық өңдеу жүргізіп, нәтижелерді Яндекс картаға орналастырады. Сонымен қатар, жобаның авторы респонденттердің жауабынан бөлек, ҚР жол-көлік апаттарының ресми онлайн картасын зерттеп, өз картасын ресми мәліметтермен толықтырды. Айшаның айтуынша, бұл қадам жобаның дәлдігі мен шынайылығын арттыруға сеп болды.
Үшінші далалық зерттеу кезеңінде автор үйінен 500 метр радиустағы көше-жол инфрақұрылымын зерттей отырып, нақты мәселелерді анықтайды. Әсіресе білім ошақтарының маңайына ерекше назар аударған екен. Фотофиксация арқылы алынған мәліметтерді «Далалық зерттеу» атты арнайы папкада жинақтайды. Бір айта кетерлігі, жол қауіпсіздігі бойынша анықталған мәселелерге көшелердің жарықтандырылмауы, жаяу жүргінші жолдарының жоқтығы, жолда шұңқырлардың көптігі, мектеп маңындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдері және өзге де инфрақұрылымдағы үйлесімсіздіктер кіреді. Мұнан соң анықталған кемшіліктерді нақты орнымен онлайн картаға белгілеп, картасын жетілдіре түседі.
– Далалық зерттеудің келесі бөлігі – көлік ағынын бақылап, санақ жүргізу. Зерттеу кезінде «Лермонтов» аялдамасы маңындағы реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткеліне қатысты бірқатар көрсеткіштерді тіркедім. Саралап айтқанда, көліктердің 89,2 пайызы – жеңіл автокөліктер, 2,93 пайызы – арнайы қызмет көліктері, ал 7,89 пайызы қоғамдық көліктер санатына жататыны анықталды. Бұл нәтижелер жолдағы қозғалыс құрылымын түсінуге ықпал етті. Жобамның негізгі кезеңі – құжаттаманы әзірлеу. Бұл жерде «Vision Zero»-ның 4 техникалық принципіне сүйене отырып, далалық зерттеуде анықталған 10 мәселені сипаттап, әрқайсысына нақты шешімдер ұсынып отырмын. Ұсыныстар графикалық редакторлар арқылы визуалды форматта дайындалған. Жобаны әзірлеу кезінде облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен де сұхбат жүргіздім. Департамент мамандары да жол-көлік апаттарының негізгі құрбандары балалар мен жаяу жүргіншілер екенін мойындап, көмектесуге уәде етті. Сол секілді облыстық мәслихат депутаттары – Оралхан Абдрашұлы мен Мұратжан Құрманжанұлымен кездесіп, ол кісілердің де қолдауына ие болдым. Сонымен қатар, №30 мектептің ата-аналар комитетінің төрағасымен кездесу барысында ата-аналардың да бұл мәселеге бейжай қарамайтынына көз жеткіздім. Соңында кәсіпкер Мұрат Мұханғалиұлымен жүздестім. Бұл кездесуде мен өзімнің көшбасшылық дағдыларымды қалай дамытуға болатынын тереңірек түсіндім. Әр сұхбат коммуникативтік қабілетімді, жобамды таныстыра білу және жоспарға сәйкес жұмыс істей алу дағдыларымды дамытуға ықпал етті. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жаяу жүргінші жолдың ортасында аялдап тұра алатын қауіпсіз аймақ орнатып, бейнебақылау камераларының санын көбейту қажет. Дегенмен, ең маңыздысы – балалардың қауіпсіздігі бәрімізге ортақ жауапкершілік екенін түсінуіміз керек, – дейді А.Бахыт.
Ал облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова талапты қыздың жобасының маңызы зор екенін айтты.
– Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – бәрімізге ортақ маңызды мәселе. Айша Бахыттың «Safe Way To School» жобасы осы бағыттағы өте жақсы бастама. Жас болса да Айша жол инфрақұрылымындағы нақты проблемаларды анықтап, оларды шешудің жолдарын ұсынған. Оның «Vision Zero» сияқты халықаралық тәжірибеге сүйеніп жұмыс істеуі – үлкен жетістік. Біз Айшаның бұл жобасын қолдаймыз. Жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кез келген ұсыныс біз үшін құнды. Әсіресе балалар жүретін жолда қауіпсіздікті күшейту – басты мақсатымыздың бірі. Айшаның жұмысы өзге жастарға да үлгі болады деп сенеміз, – дейді Г.Мұхтарқұлова.
Айшаның мұнан өзге агросектордың тұрақты дамуына бағытталған «STEM» атты жобасы бар екенін айта кеткен жөн. Зейінді қыз ауылшаруашылығы саласына арналған жобасын әлі де жетілдіре түсіп, республикалық конференциялар мен байқауларда бағын сынап жүр. Кейіпкеріміз «Dos Group» еріктілер ұйымының лидері, «Дарын» республикалық шығармашылық конкурсының бас жүлде иегері, «STEM» байқаулары мен командалық кейс-хакатондардың жеңімпазы. Болашақта инженер мамандығын таңдауды жоспарлап отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ