Сайыс аудандық балалар-жасөспірімдер орталығы ғимаратынан бастау алып, көне «Ақтөбе» қалашығына дейін жалғасты. Ойын барысында оқушылар екі топқа бөлініп, ағартушылық мәдениеттің тұңғыш өкілдерінің бірі, этнограф, географ Шоқан Уәлихановтың зерттеулерімен жан-жақты танысты. Сондай-ақ түрлі өлең жолдары арқылы жасырынған сұрақтардың сырын ашып, карталар сызып, экспедиция жасады. Қойнауына сыр жасырған көне қалашықтың өткенінен сыр түйді.
Қатысушылар әсіресе бір кездері тіршілігі қайнап жатқан көне қаланың орнын көрген сәтте ерекше әсерге бөленді. Ежелгі құрылыстардың жұрты мен қираған қабырғаларының арасында жүргенде оқушылар өткенмен байланысын сезініп, мәдени мұраны сақтау қаншалықты маңызды екенін терең түсінді.
Одан бөлек, Бірлікүстем ауылдық округіндегі жастармен жұмыс жөніндегі маман Айжан Аралбайдың ұйымдастыруымен «Баласағұн» қалашығына танымдық экскурсия ұйымдастырылды.
«Көне қала күмбірі» атты экскурсияның мақсаты – жас ұрпаққа туған жердің тарихи мұрасын таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отансүйгіштік пен адалдыққа, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеу.
Экскурсия барысында оқушылар «Баласағұн» қалашығының мәдениет пен руханияттың ірі орталығы болғанынан хабардар болып, археологтардың тапқан жәдігерлері мен осы өңірге қатысты аңыз-әңгімелерді тыңдады.
Бұл орайда Домалақ ене атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Нұрғали Нұржанның қолдауына алғыс айтуға болады. Өйткені жас ұстаз жасөспірімдерге елді сүю, заңын құрметтеу, оған адал болу турасында әңгіме өрбітіп, өмірлік өнеге боларлық кеңестер берді.
– Мен әрдайым шәкірттеріме «тарихты білу – өзіңнің кім екеніңді, қайдан шыққаныңды және қай бағытқа бет алғаныңды түсіну» екенін айтып отырамын. Өткенді ұғынбай, болашаққа нық қадам басу мүмкін емес. Ал елге деген шынайы сүйіспеншілік оның өткеніне құрметпен, бабалар аманатына адалдықпен қараудан басталады. Ал «Шоқан экспедициясы» мен «Көне қаланың жаңғырығы» сынды жобалар – ұрпақтар арасын жалғайтын рухани көпір. Мұндай игі бастамалар жастарға тарихты тек оқулықтан үйреніп қана қоймай, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінуге, сол арқылы ел тағдырына бейжай қарамайтын азамат болып қалыптасуға жол ашады. Бүгінгі балалар осындай экспедициялар арқылы өз елінің тамырын, жерінің қасиетін, өткеннің өнегесін таниды. Ал бұл таным олардың бойында туған жерге деген мақтаныш сезімін, жауапкершілікті және рухани байлықты қалыптастырады, – деп атап өтті Н.Нұржан.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ



