Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Еңбек майданының майталманы

Еңбек майданының майталманы
Автор
Екінші дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті әрі ұлы ерлікке толы кезеңдердің бірі. Биыл төрткүл дүниені дүр сілкіндірген соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Соншама жыл өтсе де ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмады, ұмытылмайтынын да дәлелдеп отыр. Себебі Отан үшін от кешіп, оққа ұшқан ержүрек бабаларымыздың ерлік істерін, «Бәрі де майдан үшін!» деп жеңісті жақындату жолында жан аямай еңбек еткен тыл ардагерлерін ұмытпай, ұлықтау баршамыздың ұлы міндетіміз.

Мырзахан Бектұрғанов 1927 жылы Меркі ауданына қарасты қазіргі Сарымолдаев ауылдық округіндегі Ойтал ауылында дүние есігін ашқан. 1935 жылы туып-өскен ауылындағы мектепте алғаш білім нәрімен сусындап, кейіннен Калинин атындағы, қазіргі Ақкөз Қосанов есімін иеленген білім ордасында оқуын жалғастырған.

Сталиндік қуғын-сүргін талай тұлғаның тағдырын тәлкекке салғаны мәлім. Сол аумалы-төкпелі кезеңде ел тірегіне айналған азаматтар жаппай қуғын-сүргінге ұшырады. Зұлматты жылдар Мырзаханның да тағдырына әсер етпей қоймады. Әкесі Бектұрғанға жазықсыз жала жабылып, репрессия құрбанына айналды. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, кейін алғашқы колхоздардың құрылуына мұрындық болған Қашқынбай атасы да қуғынға ұшырайды. Осылайша Мырзахан ағасы Шайхы мен жеңгесі Әшімханның қамқорлығында өсіп, сол кісілердің қолдауының арқасында білімге ден қояды.

Ұлы Отан соғысы басталып, азаматтар майданға аттанғанда ел ішіндегі бар ауыртпалық жасы жеткен қариялар мен әйелдерге, тіпті балалар мен жеткіншектерге түскені белгілі. Сол ауыр кезеңде Мырзахан да үлкендермен иық тірестіре еңбек етті. Қысы-жазы мал соңында болып, жаз шыға өгізге соқа жегіп, жер жыртып, астық сеуіп, оны қолмен орып, қырманға атарбамен тасып, нағыз еңбек майданының жауынгеріне айналды. Кейін бұл жанкешті еңбегі еленіп, ел есінде тыл ардагері ретінде сақталып, құрметке ие болды.

– Атамның азан шақырып қойған есімі – Мырзахмет. Бірақ біз Мырзахан деп атайтынбыз. Кішкентайымнан атамның қасынан табылып, әрбір сөзін санама сіңіріп, өнегесін алып өстім. Қолынан жетектеп, ақылын тыңдап, қазыналы сөздерінен өмірлік сабақ алғаным – мен үшін баға жетпес мұра. Ас үйдің берекесі болған әжемнің де мейірімі мен махаббатына шомылып ер жеттім. Екеуінің шапағаты мен тәрбиесі өмірімде ерекше орын алады. Атам жарықтық көзі тірісінде: «Біздің балалық шағымыз Ұлы Отан соғысының зұлматымен тұспа-тұс келді. Біз көрген тауқыметті сендер көрмеңдер, тек бейбіт заманда өмір сүріңдер» деп жиі айтып отыратын. Сол бір тар заманда маңдай терімен абыройға бөленіп, айналасына сыйлы болған атам мен әжемнің өнегелі ғұмыры мен үшін өмірлік бағдар, рухани тірек. Атам тірі болғанда 98 жасқа келетін еді. Амал нешік, фәни жалғанда ешкім мәңгілік емес, – деп еске алады немересі Ақтөре Бектұрғанов.

Иә, расында соғыс жылдарында тылда еңбек еткендерді жеңісті жақындатқан нағыз батырлар десек, артық айтқанымыз емес. Әйелдер мен балалар, қариялар күн-түн демей егіс даласында, зауыт-фабрикаларда жұмыс істеді. Қазақ даласындағы әрбір ауыл, әрбір отбасы жеңіс үшін барын салды.

– Атам соғыс аяқталып, жеңіс туы желбірегенде жоғары білім алуға ұмтылады. Сөйтіп 1947-1950 жылдар аралығында Жамбыл зооветеринарлық училищесінде білім алып, туған топырағына арнайы жолдамамен оралды. Жастайынан еңбекке етене араласып, елге қызмет етуді мұрат еткен атам 1950 жылдан бастап сол кездегі «Красный Восток», қазіргі «Жылы бұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде мал дәрігері, кейіннен бас мал дәрігері лауазымын абыроймен атқарып, 27 жыл бойы тынымсыз еңбек етеді. 1977 жылдан бастап зейнет жасына дейін, яғни 1991 жылға дейін атам мал бағу ісіне біржола бет бұрып, озат шопан ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне өз үлесін қосты. Әжем Бүбізайым да сол бір қиын да қызықты жылдардың еңбек майданында алдыңғы саптан көрінді. 27 жыл бойы сауыншылық кәсіппен айналысып, тынымсыз еңбегі мен қоғамдық белсенділігінің арқасында екі мәрте облыстық кеңестің депутаты болып сайланды. Атам мен әжем 55 жыл бойы тату-тәтті ғұмыр кешіп, ұрпақ тәрбиелеу ісіне ерекше мән берген жандар. Олар 3 ұл мен 4 қызды тәрбиелеп, өсіріп, барлығына тәлім-тәрбие беріп, адал еңбек пен адамгершіліктің үлгісін көрсетіп өтті. Бүгінде олардан өрбіген немере-шөберелері ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, аталары мен әжелерінің есімін ұлықтап келеді, – дейді Ақтөре Бектұрғанов.

Мырзахан Бектұрғанов пен адал жары Бүбізайым Бектұрғанова Ұлы Жеңістің 40, 50, 60 жылдықтарына арналған мерекелік медальдармен, «Ветеран труда» төсбелгісімен және көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған. 1970 жылы Лениннің 100 жылдығына орай арнайы медаль табыстылған.

Бүбізайым Бектұрғанова 2005 жылы қарашада 79 жасында дүниеден өткен. Араға екі жарым ай салып 2006 жылдың наурызында тыл ардагері де мәңгілік мекеніне аттанды.

Ұлы Жеңіс – қанмен, термен келген қасиетті жеңіс. Бұл – елдің бірлігі мен ерлігінің, сабыры мен табандылығының нәтижесі. Бейбіт өмір сыйлаған батырлар мен еңбек ерлерінің есімін ұлықтап, естен шығармау басты парызымыз.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар