Бүгінде Қазақстан өңірлерінің бәрінде IQanat Олимпиадасының І туры басталды. Биыл жоба аясында еліміздің шалғай ауылдарындағы 64 мың оқушы әлемнің үздік жоғары оқу орындарына оқуға түсу үшін бақтарын сынауда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, IQanat жобасы үшін балалардың мектептегі бағалары маңызды емес. Бұл кезеңде қатысушылар кешенді тестілеуден өтіп, олардың математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау қабілеті мен қазақ тілі бойынша білімі бағаланады.
Олимпиаданың барлық 3 кезеңінен сүрінбей өткен жеңімпаздарға IQanat қамқоршылары IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында немесе олимпиададан кейінгі үш жылдық сүйемелдеу бағдарламасы бойынша оқуға грант береді.
Бағдарлама аясында балалар Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) және халықаралық емтихандарға дайындалып, ағылшын тілін тереңдетіп, ІТ, кәсіпкерлік және soft skills дағдыларын дамытады.
– Балалар үшін бұл расымен де олардың өмірін өзгертетін мүмкіндік. Біздің дайындықтан кейін IQanat түлектерінің 94 пайызы жоғары оқу орындарына грантпен түседі. Өткен жылы IQanat Назарбаев университетіне түскен түлектер саны бойынша үздік 5 мектептің қатарына кірді. Қазір онда біздің 90-ға жуық түлегіміз білім алып жатыр. Олардың саны өсіп келеді. Бүгінде «айқанаттықтар» әлемнің 19 елінде білім алуда. Оқушыларды одан әрі ынталандыру үшін жобаның қамқоршылары беделді америкалық университеттерге гранттар тағайындады. Олар тек оқу ақысын ғана емес, сонымен қатар тұру, жол жүру және басқа да шығындарды өтейді. Ауыл балалары үшін мұндай мүмкіндік бұрын тек арман болатын, – дейді жобаның атқарушы директоры Азамат Ашамаев.

Олимпиада барысында мотивациялық кездесулер мен тренингтер өтіп, оқушылар өз күшіне сенуге шабыт алады. Кездесулерге жобаның қамқоршылары қатысып, өз тәжірибесімен бөліседі.
IQanat – қазақстандық 240 ірі кәсіпкердің басын қосқан бастама. Олардың көбісі ауылдан шыққан, тек өз еңбегі мен білімі арқылы биікке жеткен азаматтар. Бүгінде сол кәсіпкерлер өздері жүрген жолды жалғап, «айқанаттықтарға» қолдау көрсетіп, білім мен еңбек арқылы табысқа жетуге жол ашып отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Шеберлікті шыңдаған байқау
Ұқсас жаңалықтар
Жаза емес — көмек: Жамбыл облысында қиын жасөспірімдермен жұмыс күшейтілді
- авторAR-AY
- 30 қазан, 2025



