Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Білімді жас – білікті маман

Білімді жас – білікті маман
Автор
Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді.

Біз бұған облыс әкімдігі білім басқармасы мен техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы ұйымдастырған «Junior Skills Jambyl – 2025» облыстық кәсіби шеберлік чемпионаты кезінде көзіміз жетті. Байқауда Тараз қаласы мен аудандардағы мектептердің 8-9-сынып оқушылары өздерінің кәсіби машықтарын паш етуге мүмкіндік алды.

Оқушылардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын арттырып, еңбекке құрмет сезімін қалыптастыруды мақсат тұтқан сайыс қатысушыларға қазіргі еңбек нарығының кең де алуан қырлы екенін сезіндірді.

Облыс әкімдігі білім басқармасының бас маманы Алтынай Жайлышеваның айтуынша, «WorldSkills» форматында өткен байқау жас қатысушыларға берілген тапсырмаларды шығармашылық тұрғыдан шешуге жол ашыпты.

– «Junior Skills Jambyl – 2025» чемпионаты – жастардың кәсіби бағдарын айқындауға, олардың бойындағы қабілет пен талпынысты оятуға бағытталған өте маңызды жоба. Бұл байқау арқылы оқушылар еңбек адамдарының рөлін терең түсініп, нақты кәсіп иесі болудың қадірін сезінеді. Бүгінгі таңда қоғамға тек білімді ғана емес, іскер, шебер, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын мамандар қажет. Сол себепті мұндай чемпионаттар – оқушыларды ерте жастан еңбекке баулудың, кәсіби дағдыларды қалыптастырудың тиімді алаңы. Байқау барысында балалар өз білімін тәжірибеде қолдануды үйренеді, топпен жұмыс істеу, шешім қабылдау, уақыты мен күшін дұрыс жоспарлау сияқты өмірлік маңызды қасиеттерді дамытады. «Junior Skills Jambyl – 2025» чемпионатының басты нәтижесі – балалардың өз болашағына сеніммен қарауы. Осындай шаралар арқылы біз жастардың әлеуетін ашып, елдің дамуына үлес қосатын жаңа буын мамандарды тәрбиелей аламыз, – дейді А.Жайлышева.

Байқау үш колледжде өтті. Мәселен, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде қатысушылар «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» құзыреттілігі бойынша өз шеберліктерін көрсетіп, оқу-тәрбиелік тапсырмалар әзірлеп, ойын жағдайларын үлгілеп, балалармен жұмыс істеу қабілеттерін байқатты. Ал Жамбыл индустриалды-технологиялық колледжінде болашақ наубайханашылар «Нан пісіру ісі» құзыреттілігі аясында сынға түсті. Жас наубайханашылар қамыр илеу, өнім қалыптау, нан мен тоқаш пісіру барысында нақтылықты, ұқыптылықты және технологияны меңгеру деңгейін көрсетті. Сол секілді Жамбыл жоғары медициналық колледжінде «Химия, биология» бағыты бойынша жарыстар өтіп, қатысушылар зертханалық тәжірибелер жасап, заттарды талдап, жаратылыстану ғылымдарындағы білімдерін паш етті.

Жарыс қорытындысы бойынша Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» құзыреттілігі бойынша бірінші орынды Тараз қаласындағы №66 мектептің оқушысы Гүлім Нұргелді иеленді. Екінші орын №23 орта мектептің оқушысы Үміт Бақытқа бұйырса, үшінші орынды Нарғозы Данаев атындағы мектептің оқушысы Асылым Бурумтай мен Байзақ ауданы, Бурыл ауылындағы мектептің оқушысы Сандуғаш Жексенбек тең бөлісті.

«Химия – биология» құзыреттілігі бойынша Меркі ауданы, Ақарал ауылындағы №5 мектеп-гимназияның оқушысы Ұлдана Қыдырбек жеңімпаз атанды. Екінші орын Шу ауданы, С.Сейфуллин атындағы мектептің оқушысы Нұра Қасенге бұйырды. Ал үшінші орынды Байзақ ауданы, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ақсезім Шәріпбай мен Тараз қаласындағы №62 мектептің оқушысы Мағжан Тұлжан місе тұтты.

«Нан пісіру ісі» бағыты бойынша Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылынан келген Аруна Берік ең үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынға лайық деп танылды. Екінші орын тұғырынан Нарғозы Данаев атындағы мектептің оқушысы Інжу Жексенбек көрінсе, үшінші орынды Тараз қаласындағы №25 орта мектептің оқушысы Әзима Қуатқызы мен Ш.Смаханұлы атындағы №44 орта мектептің оқушысы Айлун Битанова бөлісті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, алғыс хаттар және естелік сыйлықтар табысталды.

Оқушылар чемпионат барысында жұмысшы мамандықтарының шығармашылыққа, дамуға әрі тұрақты болашаққа бастайтын жол екенін ұғынды.

– «Junior Skills Jambyl – 2025» чемпионатына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Байқау барысында өз білімім мен қабілетімді сынап, көп нәрсені үйрендім. Әсіресе, зертханалық жұмыстар орындау кезінде жауапкершілік пен дәлдік қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Байқауда жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Бұл жетістік – менің еңбегімнің және ұстаздарымның қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да білімімді тереңдетіп, таңдаған бағытым бойынша жақсы маман болуға тырысамын, – дейді «Химия – биология» құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанған Ұлдана Қыдырбек.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар