
Сембек Сейдәзімовтің айтуынша, Тараз қаласында орын алған жағдайлардан кейін 2 комиссия құрылып, облыстағы емшара кабинеттерінің қызметін сараптауға кіріскен. Нәтижесінде облыста жұмыс істеп тұрған 107 емшара кабинетінің тек 42-сінің ғана заңды түрде «Дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету» бойынша лицензия алғаны анықталған. Ал қалған 65 кабинет ешбір рұқсатсыз, яғни заңсыз жұмыс істеп келген.
– Бұл кабинеттерде екпе, система салу сияқты қызметтер көрсетіледі. Алайда олардың мұндай медициналық процедураларды жасауға рұқсат беретін құжаттары жоқ. Тіпті кейбірінде қажетті құрал-жабдық та жетіспейді. Егу кабинетін ашып алған кәсіпкерлер табыс табуды ғана көздеген. Ал ол жерлерде адамдардың өмірі таразыға түсіп тұр, – деді Сембек Сейдәзімов.
Баспасөз мәслихаты барысында емшара кабинеттерінде жұмыс істейтін мейірбикелердің арнайы оқудан өтіп, сертификат алуы міндетті екені де айтылды. Мұндай кабинеттер тек аурухана, емхана немесе жанұялық денсаулық сақтау мекемелерінің жанынан ғана құрылуы тиіс. Бұл талап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қаулысында да нақты көрсетілген.
Брифингте баяндамашылар заңсыз емшара кабинеттерін жабу және қызметін тоқтату шаралары қолға алынатынын жеткізді. Сонымен қатар, мұндай жағдайлардың қайталанбауы үшін бақылау мен лицензиялау жүйесі қатаңдатылмақ.
Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ