Жалпы облысымызда жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында күн, жел және су арқылы электр энергиясын өндіруге барлық жағдай жасалған. Осыған байланысты өңір бұл салада инвесторлар тарапынан ерекше қызығушылық тудырып отыр.
– Жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында облысымызда 2010 жылдан бері ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пайдалануға берілсе, 2015 жылы қуаты 114 МВт болатын 9 нысан, 2021 жылы қуаты 387,8 МВт болатын 17 нысан, ал 2024 жылы қуаты 571,3 МВт-ны құрайтын 22 нысан іске қосылды. Қазіргі таңда өңірде жалпы қуаты 571,3 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 22 нысаны жұмыс істейді. Республика көлемінде жалпы қуаты 3 248,1 МВт болатын 158 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. Осы көрсеткіш бойынша Жамбыл облысы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жағынан елімізде алдыңғы қатарлардың бірінде. Өткен жылдың 9 айында облыста 602,1 миллион кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Жоғарыда айтылғандай, ЖЭК нысандарының өңірде даму қарқыны айтарлықтай жоғары. Соңғы 4 жылда облыста бірқатар ірі және шағын қуаттағы жобалар іске асырылды. Атап айтқанда, 2021 жылы құны 49 миллиард теңге болатын қуаты 100 МВт «Жаңатас» жел электр стансасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ қуаты 9,2 МВт құрайтын «Тасөткел» суқоймасындағы су электр стансасының екінші кезеңі іске қосылды. 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 МВт «AEC ASA» күн электр стансасы, сондай-ақ Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт құрайтын «Шенгелді», «Шенгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» атты 3 жел электр стансасы (әрқайсысының қуаты – 4,5 МВт) пайдалануға берілді. 2024 жылы Сарысу ауданында қуаты 100 МВт «Шоқпар ЖЭС» электр стансасының құрылысы аяқталды, – дейді Ғалым Исабайұлы.
Облыстың табиғи және климаттық жағдайлары ЖЭК нысандарын салуға барынша қолайлы болғандықтан, алдағы жылдары 2 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр екен. Атап айтқанда, 2028 жылы Мойынқұм ауданында (Франция) «Total Eren» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, 2029 жылы Сарысу және Талас аудандарында (Біріккен Араб Әмірліктері) «Masdar» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт жел электр стансалары соғылады деп күтілуде.
Сонымен қатар өңірде күн, жел және су электр стансаларын орналастыру әлеуетін ескере отырып, 2030 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерін дамытудың болжамды картасы әзірленіпті. Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 24 нысанға дейін жеткізілетін болады.
Аталған жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электр энергиясымен қамтуға және облысты толықтай «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сымбат НҰРБОЛҚЫЗЫ




