
Іссапар аясында делегация мүшелері Сеул қаласындағы бірнеше алдыңғы қатарлы медициналық мекемеге барды. Атап айтқанда, «Dongguk» университетінің клиникасы, «H+ Yangji» ауруханасы және Кореядағы ең ірі әрі ең заманауи ауруханалардың бірі «Asan Medical Center»-де болды. Бұл мекемелер – Оңтүстік Кореядағы медициналық қызмет көрсету сапасы мен ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша көш бастап тұрған ұйымдар.
Тәжірибе алмасу барысында қазіргі заманғы медициналық технологияларға, әсіресе роботтандырылған хирургияға ерекше назар аударылды. Делегация мүшелері «Da Vinci» атты роботтандырылған жүйені пайдалану арқылы жүргізілетін аз инвазиялық хирургиялық операцияларға қатысу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – соңғы жылдары Қазақстанның да бірқатар емдеу мекемелерінде енгізіліп жатқан, дәлдігі мен қауіпсіздігі жоғары, жаңа буындағы технология.
Атап айтқанда, дәрігерлер «Da Vinci» жүйесін қолдану арқылы өт қабын алып тастау (холецистэктомия) операциясының барысын бақылады. Кореялық мамандардың айтуынша, бұл әдіс операция кезінде қан кету қаупін азайтып, инфекциялық асқынулардың алдын алуға көмектеседі әрі науқастардың сауығу үдерісін едәуір жеделдетеді. Мұндай операциялар сонымен қатар хирургтің дәлдігін арттырып, адамның қолынан келмейтін нәзік манипуляцияларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Жамбыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Сейдахмет Чинибеков бұл іссапардың маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл тәжірибе заманауи хирургиядағы жаңа әдістер мен тәсілдерге деген көзқарасты кеңейтіп, болашақта отандық медицинада қолдануға болатын нақты ұсыныстарға негіз болды.
– Біз тек бақылаушы емес, белсенді қатысушы ретінде көптеген операцияларға қатысып, тәжірибе жинадық. Бұл біз үшін өте құнды әрі кәсіби тұрғыдан маңызды болды, – деді Сейдахмет Чинибеков.
Оңтүстіккореялық дәрігерлер де қазақстандық әріптестерінің қызығушылығына жоғары баға беріп, өз білімдерімен бөлісуге әрқашан дайын екендіктерін білдірді. Екі ел арасындағы бұл кәсіби байланыс болашақта бірлескен жобаларға, ғылыми зерттеулерге және оқыту бағдарламаларына ұласуы мүмкін.
Қазақстандық дәрігерлердің бұл сапары Оңтүстік Кореяның бұқаралық ақпарат құралдарының да назарынан тыс қалған жоқ. «H+ Yangji» ауруханасында жүргізілген «Da Vinci» роботымен операцияны бақылаған жамбылдық делегация туралы бірнеше кең көлемді мақала жарық көрді. Мақалаларда халықаралық медициналық тәжірибе алмасудың маңызы, шетелдік мамандардың кореялық технологияларға деген қызығушылығы және болашақтағы ықпалдастықтың әлеуеті кеңінен сөз болды.
Тәжірибе алмасу бағдарламасы әлі де жалғасуда. Делегация мүшелері алдағы күндері Сеулдің басқа да медициналық орталықтарында болып, заманауи диагностикалық әдістер мен инновациялық емдеу тәсілдерімен танысады. Сонымен қатар, шеберлік сабақтары, клиникалық конференциялар және кездесулер өткізу жоспарланған.
Мұндай халықаралық сапарлар тек кәсіби тәжірибе алмасу емес, сонымен бірге еліміздегі денсаулық сақтау жүйесінің дамуына тың серпін береді. Озық технологияларды меңгерген қазақстандық мамандар келешекте өз өңірлерінде жаңа деңгейдегі медициналық қызмет көрсетуді жолға қоюға мүмкіндік алады.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау
басқармасының баспаөз қызметі
Ем-шара кабинеттері талапқа сай ма?
Ұқсас жаңалықтар
«Әулиеата аңыздары» – тарих пен технологияны тоғыстырған жаңа кітап
- авторAR-AY
- 30 сәуір, 2025
Ақтөбелік студент ЖИ көмегімен Әлия Молдағұлова туралы комикс жасады
- авторAR-AY
- 30 сәуір, 2025