Ардақ Құлжановтың айтуынша, бүгінде облыстағы 447 жалпы білім беретін мектепте 226 668 оқушы білім алса, 88 282-сі спорттық секцияларға тартылған. Секцияларда футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, шахмат, үстел теннисі, жеңіл атлетика, таеквандо, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату және басқа да спорт түрлері қамтылған.
Білім басқармасына қарасты орталық оқушылар арасында спортпен шұғылдануды насихаттау, салауатты өмір салтын ұстану бағытында түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Мәселен, биылғы жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңі аясында спорттың 10 түрінен 5-11-сынып оқушылары арасында 48 жарыс өткізіліп, 193 200 оқушыны қамтыған.
– 2025 жылдың көктем айларында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында ұйымдастырылған спорттық бәсеке есте қаларлықтай болды. Себебі ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өткен додаға 11 команда қатысып, барлығы 1 361 студент қамтылды. Мерейлі дата аясында 12-13 мамыр күндері қазақ күресінен 11-сынып ұлдары арасында «Оқушы арланы», ал қыздар арасында «Оқушы қыраны» тақырыбында жарыс өтті. Облыстық турнир Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің спорт кешенінде өтті. Жарысқа облыс аудандары мен Тараз қаласынан іріктелген кіл мықтылар қатысып, өзара шеберліктерін сынға салды. Спорттық іс-шаралар мұнымен тоқтап қалған жоқ. 17-18 сәуір күндері Тараз қаласында «Дене шынықтыру пәні» бойынша облыстық олимпиада өтіп, 40 оқушы өз білімін және спорттық қабілетін көрсетті. Ал 23-27 қыркүйек аралығында Қордай ауданында өткен облыстық спартакиадада мұғалімдер 6 спорт түрінен сынға түсті. Бұл жарысқа 600-ге жуық педагог қатысып, жекелей және командалық есепте үздіктер анықталды. Оқу жылы басталғалы бері де түрлі деңгейдегі жарыстар жүйелі түрде жалғасуда, – дейді Ардақ Зейнуллаұлы.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ




