
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мадияр Ақпенов ең қадірлі, ең ардақты мұғалім мамандығының атына қылаудай кір келтірмей, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандардың бірі.
– Ұстаз – ұлы қызмет. Ел болашағының негізі ұстаздар арқылы қаланады. Сондықтан әр ұстаз өз ісін зор жауапкершілікпен атқаруы керек. Сонымен қатар ұстаздар тек білім берумен ғана шектеліп қоймай, шәкірттеріне дұрыс өмірлік бағыт-бағдар бере отырып, оларды ұлттық мүдде тұрғысынан тәрбиелеуі қажет. Отансүйгіштік, еңбекқорлық, бәсекеге қабілеттілік сынды қасиеттерді бойларына сіңіру арқылы біз әр шәкіртіміздің болашақта елінің тұғырлы тұлғасы болуына ықпал ете аламыз, – дейді М.Ақпенов.
Әрі мұғалім, әрі ақын Мадияр мұғалім оқушыларды сөз өнері арқылы тәрбиелеуге де ерекше мән береді.
– Бесінші сыныпта оқып жүрген кезімде әдебиет пәнінен Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы туралы эссе жазып келу туралы үй тапсырмасы берілді. Тапсырманы орындай отырып, кенеттен көкейіме өлең жолдары келді. Алғаш рет шабыттың лебін сезініп, екі шумақ өлең жаздым. Кейін өлеңімді мұғаліміме оқып бергенде ол кісі жылы пікірін білдіріп, шабыттандыратын сөздер айтты. Содан бері өлең сырласыма, қалам серігіме айналып, шығармашылықпен тұрақты түрде айналысып келемін.
Бүгінде жас ақын шәкірттеріммен жұмыс істеп, олардың алғашқы қадамдарына бағыт-бағдар беруге тырысамын. Ақындық – мен үшін тек өнер ғана емес, өмір салтына айналған ерекше әлем, – дейді ақын-педагог.
Ақындық пен ұстаздықты қатар алып жүру – зор жауапкершілікті талап ететін үлкен міндет. Бұл екеуі – бір-біріне ұқсас, рухани үндестігі бар екі жол. Мұғалім – білім мен тәрбиенің дәнін сепсе, ақын – рухани азық сыйлайды.
– Ұстаз – тек білімнің емес, руханияттың да шырақшысы. Ол баланың жандүниесіне үңіле отырып, бойындағы қабілетін оятып, өмірге деген көзқарасын қалыптастырады. Ал ақындық – сезім мен шабыттың нәтижесі, адамның ішкі әлемінің көрінісі. Ақын – айналасындағы әрбір құбылысты терең сезініп, соны сөзбен өрнектейтін ерекше жаратылыс иесі. Сондықтан менің ойымша ұстаздық пен ақындық – екеуі де жүрекпен жасалатын рухани қызметтер. Екеуін ұштастыра білу – нағыз шеберлік.
Өзімді танымал ақынмын деп айта алмаймын. Өйткені мен әлі де үйреніп, ізденіп, кемелдікке ұмтылып келемін. Шынайы ақын – тоқмейілсімей, үнемі өсуге, тереңдікке ұмтылатын жан. Ақындық – бір күнде қалыптасатын қабілет емес, ол – үздіксіз еңбектің, тәжірибенің, рухани өсу мен толысудың нәтижесі. Қалам тербеп келе жатқаныма 14 жылдың жүзі болыпты. Бұл – мен үшін үлкен мектеп, өмірдің әр кезеңін, сезім мен толғанысты өлеңге айналдырған сапар іспетті. Дегенмен өзімді әлі де жол басында тұрған шәкірттей сезінемін.
Соңғы жылдары тек жазба ақындықпен шектеліп қалмай, шеберлік пен тапқырлықты, терең білімді талап ететін айтыс өнеріне де қадам бастым. Айтыс сахнасында өнер көрсету – мен үшін үлкен тәжірибе және шыңдалу мектебі. Сөз сайысы арқылы халықпен тікелей жүздесу, елдің мұң-мұқтажын, арман-тілегін жеткізу – төл өнеріміздің маңыздылығын бұрынғыдан да терең сезіндірді, – дейді М.Бекбергенұлы.
Мадияр Ақпенбетов ақын ретінде де, педагог ретінде де осы уақытқа дейін түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Кейіпкеріміз әрбір жеңіс ұзақ еңбектің, тынымсыз ізденістің, өз ісіңе деген адалдық пен сүйіспеншіліктің жемісі екенін айтады.
– Ақындықпен қатар ұстаздық жолда да бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Мәселен Қарағанды қаласында өткен республикалық ақындар байқауында қазақтың дәстүрлі күй өнерін биікке көтерген күйші Тәттімбет Қазанғапұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталдым. Алматы қаласында өткен жазба ақындар арасында ұйымдастырылған республикалық байқауда І орын иелендім. Ал Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдығына арналған республикалық мүшәйрада «Үздік поэзия» номинациясына ие болдым.
Ұстаз ретінде де бағындырған биіктерім аз емес. Атап өтер болсам, 2023 жылы «Шығармашыл ұстаз» төсбелгісін кеудеме тақтым. Бұл төсбелгі – менің шәкірттеріммен жүргізген шығармашылық жұмыстарымның, ізденістерімнің нәтижесі. Сонымен қатар, ел болашағына сүбелі үлес қосып жүрген жас маман ретінде «Қазақстанның үздік ауыл жастары» төсбелгісіне де ие болдым. Бұл марапаттар – еңбегімнің еленгенінің дәлелі ғана емес, сонымен қатар болашаққа деген сенімімнің, өз жолымда дұрыс бағытта келе жатқанымның нышаны деп білемін, – дейді Мадияр.
Екінші ұстаз атанған әл-Фараби «Маған жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен. Еліміздің болашағы жарқын болсын деген ниетте жас ұрпаққа сапалы білім беріп қана қоймай, олардың тұлға болып қалыптасуына үлес қосуды мақсат екен Мадиярдың ұлы жолдағы сапарының сәтті болуын тілейміз.
Сымбат ҚУАНЫШ