Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сиреп қалған Сиверс алмасы

Сиреп қалған Сиверс алмасы
Автор
Таулы шатқалдарда өсетін Сиверс алмасы – әлемдегі алуан түрлі алма сұрыптарының арғы атасы. Ғалымдар кезінде Қазақстанның брендтерінің біріне айналған, бүгінде жойылып бара жатқан Сиверс алмасының тарихы 165 миллион жылдан асатынын айтады. Жалпы жабайы алма ағашының тұқымы бүкіл әлемге жан-жануарлар мен құстар, кейінірек Ұлы Жібек жолы арқылы тараған. Алайда жыл өткен сайын әлемдегі ерекше алма сұрпының жойылып бара жатқаны табиғат жанашырларын алаңдатып отыр.

Орталық Азияның тау бөктері мен тауларында өсетін жеміс ағашының атауы Санкт-Петербург қаласынан шыққан атақты ботаник Иоганн Сиверстің құрметіне қойылған. Ал тарихы тереңде жатқан алма сұрпы алғаш рет 1792-1794 жылдары Ресейдің Алтай, Сібір өлкелері мен Орта Азияға жасалған экспедиция кезінде анықталған. Сиверс өзінің «Сібірден келген хаттар» атты жазбаларында Тарбағатай тауларында терең тамыр жайған, құрғақшылыққа және аязға төзімді алма ағаштарын тапқанын айтады. Иван Сиверс 1796 жылы қыркүйекте Алакөлге келіп, Тарбағатай тауында өсіп тұрған керемет алмаларды көріп, «Мұндай алманы бұрын еш жерде кездестірген емеспін» деген екен.

Ал өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында әйгілі биолог, академик Николай Вавилов Іле Алатауындағы жабайы алма ормандарына зерттеу жүргізіп, Сиверс алмасы Қазақстанның аумағында пайда болған деген тұжырым жасайды. Н.Вавилов Бүкілодақтық өсімдікшаруашылығы институтының бірегей тұқым коллекциясын жасау үшін Ленинградқа Сиверс алмасының тұқымын алып келеді. Соғыс жылдарында институт қызметкерлерінің көбісі аштықтан қайтыс болады. Алайда Николай Иванович Сиверс алмасының тұқымын болашақ ұрпақ үшін аман сақтап қалған екен.

«Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Рауф Сәбитовтың айтуынша, Сиверс алмасының адам ағзасына тигізетін пайдасы зор екен.

– Сиверс алмасы жайылып өседі, кейде домалақтанып, жинақы келеді. Сондай-ақ бұл жеміс түрінің өте бағалы емдік қасиеті де бар. Дәрігерлер оның жемісін ішек-қарын және авитаминоз ауруларынан тезірек жазылу үшін жеуге кеңес береді. Емдік сапасы жағынан Сиверс алмасы өзге алмаларға қарағанда пайдалы. Олар ыстыққа да, суыққа да төзімді келеді және витаминді сорттар шығаруда селекциялық мәні өте жоғары. Негізі 200 жыл бұрын Сиверс алмалары біздің өңірде көп мөлшерде өскен. Сол кезде Қазақстанның баға жетпес генетикалық қорын сақтау туралы ой ешкімді толғандырмаған. Мәдени алманың басым бөлігінің атасы болып саналатын бұл жабайы ағаштың популяциясын табиғи мекенінде қалпына келтіру қажет. Бұл ұсынысты аймақтың биологиялық алуандығын сақтаумен айналысатын қоғам белсенділерімен бірлесіп көтеріп келеміз, – дейді Рауф Қабиұлы.

Алпыс жылдан астам уақыт табиғат байлықтарын қорғап жүрген қорықшы Рүстем Назарбеков те Сиверс алмасын сақтап қалу үшін күресіп жүрген жанның бірі.

– Бір кездері Берікқара шатқалына жартылай аласа мәдени алма ағаштарынан бақ отырғызған болатынмын. Бастапқыда бәрі жақсы болып, яғни бақ көктеп, өнім бере бастады. Алайда көп уақыт өтпей қатты аяздан сап-сау ағаштар үсіп кетті. Сол суықтан шатқалдың жоғары жағында өсіп тұрған биік Сиверс алмалары ғана аман қалды. Осы жағдайдан кейін жабайы алманың мәдени сұрыптарға қарағанда генетикалық әлеуеті әлдеқайда жоғары екеніне көз жеткіздім. Бірі білсе, бірі білмес, Сиверс алмасы аты алысқа жайылған Алматы апортының негізі. ХIХ ғасырдың соңында Верный қаласынан қоныс аударушылар жабайы Сиверс алмасына апорттың қалемшесін егеді, яғни сабағын немесе тамырын жалғау, будандастыру секілді жұмыстар жүргізеді. Бұл тәжірибе тамаша нәтиже береді. Алматының апорты деп танылған алма ағашының тарихы осылай шыққан. Өзім еңбек ететін Берікқара шатқалындағы Ақсақалсайда Сиверс алмасы өседі. Табиғат байлығын аман алып қалу үшін қолдан келгенді жасап жүрмін. Сиверс алмасына төнетін үлкен қауіптің бірі – оның мәдени, яғни бақта өсетін, адам өсірген алмалармен араласып тозаңдануы. Егер мәдени алма ағаштары жабайы алмаларға жақын өссе, араларында айқас тозаңдану (шаңның араласуы) болады. Бұл кезде жабайы алманың бастапқы таза түрі өзгеріп, мәдени алмаға ұқсап кетуі мүмкін. Ал бұл оның табиғи генетикалық қасиеттерінің бұзылуына әкеледі. Сондықтан Сиверс алмасы өсетін аймақтар қатты қорғалуы керек. Осындай жолмен ғана жабайы алманың табиғи тазалығы сақталады, – дейді орманшы Р.Назарбеков.

Сиверс алмасын зерттеуге қазақстандық академик Аймақ Жанғалиевтің де қосқан үлесі зор. Ғалым Қазақ КСР Ғылым академиясының жеміс-жидек және жүзім шаруашылығы институтының алғашқы директоры болған. Оның 1977 жылғы есептеулері бойынша, Қазақстандағы Сиверс алмасы тоғайларының 75 пайызы негізінен Іле және Жоңғар Алатауында шоғырланған. Алайда бұл есепке Қырғыз Алатауы жотасы енбеген. Бірақ «Жабағылы-Манас» тау клубының экспедициялары осы жотада бірнеше рет жабайы алманы кезіктірген екен. Ғалымдардың айтуынша, Қырғыз жотасының Қазақстанға тиесілі бөлігі әлі де аз зерттелген. Аймақ Жанғалиевтің бастамасымен Сиверс алмасы Қызыл кітапқа енгізіліп, өсімдік заң жүзінде қорғауға алынған. Сондай-ақ баға жетпес генетикалық қорды тұрақты басқару үшін Сиверс алмасын сақтау жөніндегі халықаралық қор жұмыс істейді.

Рауф Қабиұлы Қырғыз Алатауы жотасының облысымызға тиесілі бөлігіне жасалған экспедициялар барысында Сиверс алмасын Сұғаты, Қара-Арша, Меркі шатқалдарында кездестіргенін айтады.

– Бірер жыл бұрын Қара-Арша шатқалының бас жағында өрт болып, Қызыл кітапқа енген Сиверс алмалары да өртеніп кетті. Жалпы аталған шатқалда бұталы өсімдіктер мүлдем азайған. Жас жабайы алма өскіндерін үй жануарлары таптап кетеді, болмаса туристер сындырып кетеді. Екі жыл бұрын жасаған экспедиция барысында Қара-Арша шатқалындағы туристік тұрақ маңында мол жеміс беріп тұрған Сиверс алмасын анықтап, бақылауға алдық. Сол секілді Сырдария Қаратауының сілемдеріне жүргізген экспедициялар барысында өз тұқымынан шыққан Сиверс алмасының өскіндерін кезіктірдік. Ал Берікқара шатқалындағы реликті орманда тамыр атпаларынан вегетативті жолмен пайда болған Сиверс алмасының координаттары анықталды. Негізінде Сиверс алмалары кейбір өсімдіктер сияқты жыл сайын емес, бір-екі жылда ғана гүлдеп, демалып тұрады, – дейді Р.Сәбитов.

Сиверс алмасы көп өсетін өңір Жетісуда аталмыш өсімдік жоғары бағаланады. Алма ағаштары «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парк аумағындағы 3 мың 800 гектарға жуық алқапты алып жатыр. Жетісулықтар үшін әсем алма ағашының гүлдеуі – нағыз мереке. Жапониядағы сакураның гүлдеуінен кем түспейтін құбылысты қызықтап көрушілер қатары да жыл өткен сайын артып келеді екен.  Сәйкесінше ұлттық паркте алманың гүлдеуін көруге келген туристерге барлық жағдай жасалған. Жабайы Сиверс алмасы теңіз деңгейінен 700-800 метр биіктіктен бастап 1 200 метр биіктікте өседі. Оның гүлдеу кезеңі табиғатқа ерекше сұлулық береді. Әулиеата өңірінде де тұмса табиғаттың байлығы осындай деңгейге көтерілсе деген ойға қалдық.

Қазіргі уақытта Сиверс алмасы жойылу қаупінде тұр. 1992 жылы алма тоғайларының аумағы шамамен 11 мың гектар болған. Содан бері өсімдік көлемі жыл өткен сайын айтарлықтай азайып келеді. Алма біткеннің атасының сиреуіне, ең алдымен, тау бөктерлеріндегі ағаштардың «жайылым үшін, жеке құрылыс немесе суқоймалар саламыз» деген желеумен заңсыз кесілуі себеп болып отыр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар