
Акцияға аталған мекеменің ұжымынан бөлек, белгілі тарихшылар, мәдениет саласының мамандары, журналистер, қала тұрғындары мен жастар қатысты.
– Енді қала тұрғындары мен қонақтары тарихи орынмен таныса жүріп, жанға сая аллеяда демала алады. Болашақта бұл жер экскурсиялар мен ашық аспан астындағы іс-шаралар өткізуге қолайлы орынға айналмақ. Сонымен қатар көгалдандыру арқылы кесене аумағының эстетикалық келбеті арта түседі, – дейді «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы директорының міндетін атқарушы Нұржан Мергенбай.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» музей-қорығының бастамасымен өткен игілікті іс-шарадан шетелдіктер де тыс қалмады. Тараз қаласына экскурсиямен келген италиялық туристер де тал отырғызып, ерекше әсер алып қайтты. Италияның Неаполь, Рим, Турин мен Милан қалаларынан шығып, Әулиеата жеріне табан тіреген туристер қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» акциясына жоғары бағаларын берді.
– Тамаша әсер алдық. Қазақстандағы тарихи орындар керемет екен. Айтып жеткізуге тіл жетпей отыр. Осы тарихи орынның аумағына тал егу құрметі бізге бұйырыпты. Өте қуаныштымыз. Болашақта үлкен баққа айналады деп ойлаймын, – дейді турист Кристина Карло.
Қарахан кесенесінен басталған тал егу науқаны алдағы уақытта барлық тарихи ескерткіштердің аумағында жалғасатын болады.
***
Сонымен қатар экологиялық акция шеңберінде Тараз қаласының шетіндегі зауыт аумақтарының маңына ағаш көшеттері отырғызылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, Тараз металлургиялық зауытының қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер, қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, жастар мен еріктілер қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, өндірістік аумақтарды көгалдандыру арқылы экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, сол жерлерде жұмыс істейтін және тұратын адамдардың өмір сапасын да арттыруға болады.
– Көктем – табиғат қайта жаңаратын кезең. Қоршаған ортаның көріктенуіне, жаңғыруына әрбіріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Биыл қала көлемінде ағаш отырғызу ерекше қарқынмен жүргізілуде. Жастардың экологиялық бастамаларды белсенді түрде қолдауы көңілге қуаныш сыйлайды, – деді қоғам белсендісі Қасымхан Төлендиев.
Өндірістік аймақтарда ағаш отырғызу – таза ауа мен жайлы орта үшін маңызды.
***
Сол секілді жуырда Тараз қаласындағы «Алатау» ықшамауданының тұрғындары сенбілікке шығып, акцияға өз үлестерін қосты.
Тұрғындар қыстай қар асында жасырынып, көктем келгенде көзге қораш көрінген, әр жерде бір үйіліп жатқан қоқыстарды жинап, алаңдарды, балалар ойнайтын орындарды тазартты. Сондай-ақ орындықтарды бояп, ағаш көшеттерін отырғызды.
Облыстық мәслихаттың депутаты Алтай Қарабеков тазалық пен тәртіптің сақталуы әр адамның ниетіне байланысты екенін атап өтті.
– Тазалық ой мен іс-әрекеттерден басталады. Егер әркім өз айналасында тәртіпті сақтаса, біздің қалаларымыз тек әдемі болып қана қоймай, өмір сүруге ыңғайлы болады. Көктем – жаңару уақыты, біз тек табиғатқа емес, өз көшелерімізге, аулаларымыз бен үйлерімізге де қамқорлық жасауымыз керек, – деді А.Қарабеков.
Тараз қаласының тұрғыны Гүлнара Ергешова мұндай акциялар қала тазалығын арттырып қана қоймай, адамдарды жақындастырып, ауламызға, ауданымызға, қаламызға деген қамқорлық сезімін қалыптастырады. Мұндай акциялар адамдарға табиғатқа ұқыптылықпен қарау мәдениетін сіңіреді.
Сонымен қатар наурыз айынан бастап аймақта көгалдандыру және санитарлық тазарту бойынша көктемгі екі айлық жарияланды. Ал 15 наурыздан 20 сәуірге дейін экология мен тазалық мәселелеріне назар аудару мақсатында «TazaLike» акциясы өтіп жатыр.
Экологиялық акциялар қалаларды тек тазартумен шектелмей, тұрғындарды өмір сүруге қолайлы әрі гармониялы орта жасау үшін біріктіреді. Ал қаншалықты көп адам осындай бастамаларға қатысса, біздің көшелеріміз соншалықты таза, жайлы және жасыл болады.
Мұндай игі шаралар облыс аудандарында да жалғасуда. Мысалы, Жаңатас қаласында белсенділер қала көшелерін тазаласа, Қаратау мен Шуда «Таза аула» конкурсы ұйымдастырылды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ