
БАЙСЕРКЕ КҮЙШІ
Байсерке Қылышұлы 1841 жылы Шу өзенінің Қордай тарапындағы Майбұлақ деген жерде дүниеге келген. Ол атақты Өтеген батырдың бесінші ұрпағы. Өтегеннің үлкен ұлы Қосағалдан Дөненбай, одан Шұбартай, одан Қылыш туған. Байсерке осы Қылыштың жалғыз ұлы. Байсеркенің әкесі Қылыш та өнерден құралақан емес, былғарыдан таспа тіліп, түйін түйген етікші, өнердің парқын білетін жан болса керек-ті. Шаруаға қырсыз ұлының өзі сияқты пайдалы кәсіппен айналыспай (ол кезде байдың баласына тігіп берген бір жақсы етікке бір жылқы алуға болатын), ән-күйге құмарлығына түсіністікпен қарап, бетінен қақпайды. Байсерке 7 жасында-ақ ауыл-аймаққа белгілі домбырашы атанады. Өсе келе Жетісу алабы мен көрші қырғыз елінің күйлерін түгел меңгеріп, алқалы басқосуларда атақты күйшілермен күй тартысына түсіп, аты мәлім бола бастайды. Бұрыннан белгілі күйлерді асқан шеберлікпен орындауын місе тұтпай, өзі куә болған өмір құбылыстарын домбыраның қос шегіне түсіріп, көптеген күйлер де шығарған.
Байсерке күйшінің өмір және өнер жолын алғаш хатқа түсірген қазақ музыка өнерінің аса көрнекті қайраткері Ахмет Жұбановтың өзі еді. Оның өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарық көрген «Ғасырлар пернесі» кітабында Байсерке туралы жеке тарау бар. Академик Ахмет Жұбанов ондағы деректерді Байсеркенің шәкірттерінің айтуымен жазып алған.
«Жеті жасында ауыл халқы ойын орнына «таяққа» (домбыраға) жармасқан Құлыштың бұзық баласы дейді екен. Ол ертегі жырларды, әсіресе ән-күйді ішкен асын жерге қойып тыңдайтын болған көрінеді. Оның кішкене қолы домбыра пернесіне ойнағанда өз қатары емес, үлкен музыканттар да ілесе алмай қалады. Домбырадан қос дыбысты бірден алып ойнау кішкентай Байсеркеге көп қиындық келтірмейді» деп жазады Ахмет Жұбанов «Ғасырлар пернесі» кітабында.
Сонымен қатар күйлерді жинақтап нотаға түсіруге, дыбыстық нұсқасын жазып алуға бастамашы болды. Борис Ерзакович сынды сазгерді осы іске жеккен.
Көрнекті жазушы Марал Ысқақбайдың да Байсерке өмірін мейлінше зерттеп, жан-жақты қамтыған еңбектері бар. Жерлес жазушыға күйшінің есімі жасынан таныс болған екен. Байсеркенің күйшілік өнері туралы әрқилы аңыз-әңгімелер құлағына бала күнінен сіңген. Жазушының тырнақалды көркем әңгімелерінің бірі «Дұшпан тұсар» осы аңыздардың бірінің желісімен жазылыпты. Байсеркедей дәулескер күйшінің қалыптасуының құнарлы топырағы, оған негіз болған жайлар туралы былайша тебіренеді:
«Сол дәуірде Қордай өңірінде бүкіл Жетісуға танымал бірталай өнер иелері өмір сүргені мәлім. Айналасынан әнші, күйші арылмаған Кебекбай шешен мен Ноғайбай би, әрі айтыскер ақын әрі сазгер Тәкен сал, басынан сөз асырмаған ақын қыз Әлмен, әрі шешен, әрі күйші Бердібек, төкпе айтыс ақындары Әлмейін мен Сарбас, осы Байсеркеге жақын туыс болып келетін Тілеміс шешен секілді майталмандар күйші шеберлігін еріксіз жетілдірер өнер атмосферасын жасағаны даусыз. Оның үстіне тоғыз жолдың торабы іспетті қырғыз-қазақ шекарасында ғұмыр кешкен Сұлутөр, Қордай елі Сүйімбай, Жамбыл, Майкөт, Сауытбек, Қуандық, Тоқтағұл, Қатаған, Қалмырза сияқты тағы басқа толып жатқан қырғыз-қазақ өнерпаздарының әрлі-бері не түстеніп, не түнеп өтер жолында жатқандықтан да, сол кездегі мәдени ауыс-түйістен мол хабардар әрі сол үрдіс ыңғайына өнерпаз қауымды құрмет тұтып, өнегесін үйреніп өсуге бейімделген ел болса керек-ті. Бұның бәрі жас Байсеркенің шығармашылық тұрғыда тез жетілуіне де, таным-түйсігінің ерте толысуына да ықпал жасағаны анық» деп жазады Марал Ысқақбай «Асу-асу бел Қордай» кітабында.
Байсеркенің өнер жолында жетілуіне Есім, Сарша дейтін өнерпаздардың ықпалы зор болса керек. Әсіресе, Есім бала домбырашының бойындағы дарын қуатын қапысыз танып, бар білгенін жалықпай үйреткен дейді. Өсе келе Байсерке де қасына өнерлі жастарды жиып, сол кездегі сал-серілердің дәстүрімен ел аралап, той-думанның сәніне айналған топ құрған. Оларға ұстаздары Есім мен Саршадан, Қожеке Назарұлынан үйренген күйлерді, әрине өз туындыларын да үйретуден жалықпаған. Байсеркенің шәкірттерінің қатарында Қатшыбай Таубаев пен оның немересі Темірбек Ахметов, Қожабек Жапбасұлы мен Сатқынбай Әлмесұлы, Бердібек Мықтыбекұлы, Қырықбай Сатқынбайұлы аталады. Осылардың ішінде әсіресе Бердібектің орны бөлек болған. Ол алып қара күштің иесі, әрі бетіне жан қаратпайтын өткір адам екен. Күйшілігі өз алдына, шешендігі ақындыққа барабар, әрі тапқыр болған. Бердібек Байсеркеден оншақты жас кіші болса керек, ұстазымен алғаш танысуына арнап «Кездесу» деген күй шығарған. Міне осылай Жетісуда Байсеркенің күйшілік мектебі қалыптаса бастаған.
Байсерке батыстың төкпе күй, арқадағы шертпе күй өнерін де меңгере білді. Байсерке Қарақияның басына көтеріліп, домбырасын аңыратқанда Ойжайлау, Қасқажол, Көкқапталды жайлап отырған ауылдар түгел естиді-міс. Ол домбыраны желкесіне қойып та, жон арқасына теріс ұстап та, сондай-ақ, мондолина, балалайка, сырнай сияқты аспаптарда да шебер ойнай білген. Байсеркенің «теріс бұраулы» күйлері де баршылық. Мәселен, «Жетпіс бұтақ», «Толқытпа», «Байсеркенің сылқылдағы», екі қызына арнаған «Қалипа», «Қалыш» аталатын күйлері «теріс бұрауда» тартылады. Күйлері ән әуендес саздылығымен, нақышты ырғағымен ерекшеленеді.
Дегенмен Байсерке күйлерінің нотаға түсіріліп, концерттік бағдарламаларға енгізілуі бертінде, өткен ғасырдың соңында ғана қолға алынады. Белгілі меркілік композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүнгенбай Ботбаев Байсеркенің «Ұран», «Толқытпа», «Қалипа-Қалыш», «Жекпе-жек», «Жоқтау», «Келіншек», «Байсеркенің сылқылдағы», «Жетпіс бұлақ», «Қалипа», «Қалыш» күйлерінің оркестрлік партитурасын жасайды. Жалпы әдебиет және өнер институтының дыбыс жазба қорында Байсеркенің 10 күйі сақталған. «Отырар сазы» оркестрінің және көптеген жеке домбырашылардың репертуарына енген.
Ал, Байсеркенің Құрманғазы оркестрінің репертуарына енген «Ұран» күйі жеке сөз етуге лайықты. Академик Ахмет Жұбанов та кезінде оның көркемдік ерекшеліктерін тәтпіштей талдаған екен. «Ұран» күйі Байсерке творчествосының биік шыңы деуге болады. Ол мұны өткен ғасырдың аяғында, Россия империясында бостандыққа қол созғандардың оянып, өз ән, күйлерінде самодержавияға наразылықтарын білдіріп жатқан кезінде шығарған. Бұл күй халық арасында тез тарап кетеді. Жетісуда алғаш орындалғанына аз уақыт өтсе де көрші отырған қырғыз халқының музыканттарына жетті. Олар да өздерінің үш шекті комуздарына салып, үйреніп алды» деп жазады академик.
Ал жазушы Марал Ысқақбай болса, бұл күйдің идеялық мазмұнын бүгінгі талап тұрғысынан былайша түсіндіреді: «Патша үкіметінің Қазақстанның бүкіл түстік өлкесін отарлау саясаты Байсеркенің бозбала шағына дөп келгені белгілі. Қордай елінің ең шұрайлы, ешқандай құрғақшылық қауіпі төнбейтін, тау баурайындағы нулы, сулы жеріне жаппай орыс мұжықтары қоныстанып, Өтеген батырдың үрім-бұтағының атажұрты саналатын Қарасу өзенінің бойында «Черная речка», Шудың «Жайылма» деп аталатын жазығында «Георгиевка», төменгі ағысында «Успеновка», Сұлутөрдің жаннаттай сұлу баурайында «Красногорка», «Архангельское», «Маханковка», «Горно-Никольское» секілді орыс селолары пайда болған. Қазақтар кіл таулы-тасты, сай-жыралы өңірлерге немесе шөлейт жерлерге ысырылған. Кейіннен аралас-құралас тіршілік кешіп, жақындаса түскенімен де, атақоныстарынан көрнеу көзге айырылған жергілікті жұрттың қаны ішіне қатып қалғаны айтпай-ақ түсінікті ғой. Осының бәрі Байсеркенің жүрегіне жүк түсірмеуі мүмкін емес еді. Орыс ауылдарына қатынап, тіпті балалайкасын қызықтай шертіп, ырғағы бөтендеу музыкасын үйрене жүргенімен, Байсерке бәрібір отарлаушылар саясатының зардабына көндіге алмаса керек-ті. Жасар өзге қайраны жоқ композитор ішін өртеген запыранды домбыра тілімен жеткізген ғой айналасына. Қара домбыраның шанағын дабылдата шертіп, қиянат қияметінен құтылудың жөнін нұсқауға тырысқан...» дейді жазушы «Асу-асу бел Қордай» кітабында.
Күйші 1906 жылы 65 жасында өмірден озып, Майбұлақ жағасындағы ескі зиратқа жерленген екен. Оның Қалипа, Қалыш деген екі қызы, Әбдіраман есімді ұлы болған. Бірақ ұлы жігіт болып қалғанда өлсе керек. Баласы дүние салғанда егіліп отырып «Солқылдақ» күйін тартқан екен. Ал әлгі қыздарынан ұрпақтары бар. Осыдан 25 жыл бұрын Құрманғазы атындағы академиялық оркестрдің концерт залында өткен күйшінің 160 жылдығына Марал Ысқақбай ағамыздың іздетіп, арнайы алдыруымен Ауқатты ауылында тұратын Байсеркенің бір қызынан қалған әлде немересі, әлде шөбересі болып келетін бір қарт әжей қатысып, риза болып қайтқан екен.
Бір әттеген-айы, әлі күнге дейін туған жерінде күйшінің есімі берілген не бір көше, не бір өнер мектебі жоқ, ескерткіші де орнатылмаған. Байсерке туралы қомақты зерттеу еңбек жазған жазушы Марал Ысқақбай күйшінің суретін де жасатып қордайлықтарға тарту еткен болатын. Кезінде Өтеген батырдың айшықты суретін салған қылқалам шебері Мұратбек Нұрлыбаевтың қаламынан туған сол туынды аудандық мұражайға қойылды. Аудандық мәдениет үйінің алдында Өтеген батырдың ат үстіндегі асқақ ескерткіші тұр. Сол маңайдан батырдың атақты ұрпақтары Байсерке күйші мен Тілеміс шешенге де ескерткіш бюсті қойылса жарасым табар еді.
ТІЛЕМІС ШЕШЕН
Өтеген батырдың Қосдәулет деген ұлынан Есенқұл, одан Есбол, одан Тілеміс тарайды. Тілеміс Есболұлы 1860 жылы туып, 1933 жылы дүниеден өткен.
Тілеміс туралы естеліктерде ол орта бойлы, сары-қызылшырайлы, көзі көк өжет кісі делінеді. Ол жастайынан ән салып, өлең айтып, қасына сылқым, сері жігіттерді ертіп, жүрген жерін ойын-сауыққа бөлеп ел аралай бастаған. Жиырмадан асқанда Қосдәулет ауылына әуелі старшын, кейін би де болады. Асқан ділмар, бірбеткей, ешкімнің алдында иілмейтін өр мінезімен айтар сөзден тайсалмай өзіне жақпаған, ісі ұнамаған кісіні бай-манап па, сұлтан, ұлық па шен-шекпеніне қарамай мінін бетіне басып отырған. Ол бай-болыстардың сөзін сөйлеп, оларды жөнді-жөнсіз мақтап шапан киіп, ат мінуден дәметкендер санатынан емес еді. Астындағы жалғыз атын алдырған кедей-кепшікке болысып, төрелерде кеткен ақысын алып беретін. Содан да бай-болыстар Тілемістің өткір тілінен сақтана жүретін болған. Жыр алыбы Жамбылдың «Тілеміске» деген өлеңі осыған дәлел:
«Ей, Тілеміс, Тілеміс!
Тілің мірдің оғындай,
Тиіп кетсе күйдірген,
Сексеуілдің шоғындай.
Қарсы келген жау болса,
Құтылмайды соғылмай,
Құр сүлдері қалғанша,
Қара терге шомылмай.
Кебекбай мен Ноғайбай,
Тіліңнен-ақ именіп,
Жүр ғой сені ала алмай!» деп бекер айтпаса керек.
Ел аузында Тілеміс айтыпты деген әңгімелер аз емес. Бірде Ноғайбайды Құлболды елінің бір байы түстенуге шақырады. Тілеміс бірге барады. Ас дайын болып Ноқаң мен Тілеміс сыртқа шығып, екеуі екі жаққа қарап тізерлеп дәрет сындырып отырғанда, екеуінің ортасында жалғыз қурайда бір кішкене торғай тыным таппай қыпылықтап тұрады.
– Тілеміс, мына торғай не деп қыпылықтап отыр? – депті Ноғайбай.
Тілеміс іркілместен:
– Ноқа, ол сіз құсап аз берсе алып кетейін, көп берсе көріп кетейін деп тұр, – депті.
Сол кезде Ноғайбай орнынан тұра беріп:
– Тіліңе шоқ, Тілеміс, осы жолы не берсе де сен ал, – деген екен.
Сөйтіп Тілеміс тай жетектеп қайтады.
Ноғайбайға да қасына ертіп жүретін Тілеміс сынды өткір тілді, батыл, топ жарар адам керек болған. Бірде қырғыз елінде Шәбден мен Ноғайбай қатысқан үлкен жиын болады. Олардың ақын, шешендері қырғыздың батырларының ерлігін айтып Ноғайбайды мұқатпақшы екен. Кезек-кезегімен Семетей, Жанғараш, Жантай, Қанай, Бәйтіктердің ерлігін, бектігін, манаптығын және олардың Кенесары, Наурызбай сұлтандарды өлтіргенін жырға қосады.
Сонда арқаланып отырған Шәбден:
– Оу, Ноғайбай, «біздер көппіз» деп мақтанасыңдар. Бірақ ауызға ілігер түктерің жоқ. Ерлік десең – қырғызда, бектік десең – қырғызда, манаптық десең – қырғызда, сендерде осы не бар? – дейді.
Ноғайбай сөз таластырмай «ертең бірақ сөйлесерміз» деп орнынан тұрып жүріп кетіпті.
Дереу елге кісі шаптырып, ақындарды жинапты. Ертесіне түс ауа Әулиеатадан келіп жатқан Майкөт ақын, Қордайдан Тілеміс шешен, Байсерке күйші сынды өнерпаздар, Алғадай болыс бастаған би-төрелері бар 40-50 шақты адам Шәбденнің арнайы тіктірген ақ үйлеріне келіп жетіпті. Қырғыздар да көп жиылған екен. Әуелгі сөзді домбырасының құлағын ұзақ бұрап Майкөт бастапты. Қазақтың қалың дулатынан шыққан Төле бидің, Тойшыбек, Сыпатай, Қойгелді, Өтеген сынды батырлардың ерлігін ұзақ термелеп келіп: «Ал, Тіке, атаң жайлы айтып берші» домбыраны Тілеміске ұсыныпты. Сонда Тілеміс:
«Домбыра екі шекті қолға алайын,
Азырақ тамаша етіп ән салайын.
Арғы атам аты шулы ер Өтеген,
Мен неге бұл арада қорғанайын?!» деп бастап, өзінің бізге жеткен «Ер Өтеген» деген 600 жолдық ұзақ дастанын табан астында сол арада шығарған екен. Ол батыр бабасының бүкіл өмірін, Төле би, Абылай хан, Қойгелді, Сәмен, Наурызбай, Райымбек, Шінет, Тауасар, қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Ыстыдан шыққан ер Төлек сынды батырлармен тізе қосып шайқасқанын, қалмақтың Тайшық деген мықты батырын жекпе-жекте өлтіргенін, айлап-жылдап ат белінен түспей жерұйық болар жер іздеп, елін жұттан аман алып шыққанын жырға қосады.
«Кейін қалған Үйсінді,
Төле би құрап жинапты.
Жолбарысты хан сайлап,
Жұрттың басын құрапты.
Дулаттың қолы күшейіп,
Қалмақты қайта айдапты.
Жауды қуып қаладан,
Ташкентті Дулат қайта апты.
Қырғыздар оны көре алмай,
Іштері күйіп қайнапты.
Сарт пен қырғыз бірігіп,
Абайсызда бір күні,
Жолбарыс ерді өлтіріп,
Хан көтеріп қалаға,
Қоқым биін сайлапты.
Қатыннан қорқақ Қоқым би,
Соғыспай жауға қарапты.
Кейінгі мына Қанайың,
Жанғараш, Бәйтік, Жантайың,
Қоқым биден үлгі апты.
Түсінер өзі ер Шәбден,
Салыстыра ойланып,
Ар жақ пенен бер жақты.
Жантайың «батырым» деп мақтайтұғын,
Патшаға елін сатып шекпен киген» деп қырғыздардың да мінін бетіне шыжғырып басып, Шәбденге тигізе сөз айтқан екен.
Шәбден Тілемістің бұл сөзіне ашуланып, ішіне дық алып қалған деседі.
Тілеміс тағы бірде қырғыз манабының үйіне келсе, өзі жоқ екен. Әйелі бір қара құмғанмен шәй бермек болады. Төрде ақ самауыр жарқырап тұрады. Тілеміс аңқаусып жағасын ұстап:
– Әсияш-ау, анау не зат, – депті.
– Ол самауыр ғой, қоқи, бұрын көрмеген бе едіңіз?
Тілеміс таңырқаған болып:
– Қойыңыз, самауыр деген осы ма? Оған суды қалай қайнатады, отты қалай жағады? – депті.
Мақтанған Әсияш дереу самауырды алып шығып, су құйып, от салып, шәй қайната бастайды.
– Қазақта мұндай әлі жоқ па? – дейді Әсияш сенер-сенбесін білмей.
– Біздің атақты Ноғайбайға да мұндай зат біткен емес, – деп Тілеміс ақ самауырдың шәйіне қанып алған соң жүріп кетеді.
Ертесіне үйіне оралған күйеуіне Әсияш:
– Кеше үйге бір қазақ келді, әлі самауырды көрмепті, – деп болған жайды бастан-аяқ айтып беріпті.
Сол кезде манап санын бір-ақ соғып:
– Қап, Құдайдың ұрғаны-ай! Ол қазақтың атақты ділмары Тілеміс болар. Оның бұл дүниеде көрмегені жоқ, сені әбден мазақтап кеткен екен-ау, – деп өкінген екен.
Тілемістің ешкімнен жеңілмейтіні Жидебаймен сөз қағысуынан да көрінеді. Асанның алты салы атанған Жидебай, Қайрақбай, Балқыбек, Сауытбек, Әлдибай, Бекқұлы шетінен өнерпаз екен. Бірде олар «Қасқараудан Тілеміс деген шешен шығыпты, өзі ешкімнен жеңілмейді екен» дегенді естиді. «Алты серінің ішінде Тілеміске жұп келсе Жидебай келер» деп топшылаған Дулаттың қариялары екеуін бір жиында кездестіруге құмар болады. Ақыры екеуі бір аста кездесіпті. Сөзді Жидебай бастайды:
– Мүйізді Өтеген батыр сен тумай тұрғанда «біздің ұрпақтан көзі көк, сөзі көп бір сары бала туады, кесір қырсықты ала туады» деген тілемсек Тілеміс сен бе едің? – депті.
Тілеміс те қарап қалмай:
– Рас, мүйізді атам айтқан «көзі көк, сөзі көп бала туады, байлар мен билерден кегін ала туады» деген баласы мен боламын. Ал мен екі түрлі Жидебай бар деп естігенмін, біреуі бай Жидебай, екіншісі төркінінен жүкті болып келген әйелден туған некесіз қу Жидебай. Соның қайсысы боласың? – депті.
Сонда Жидебай:
– Ізіме шырақ алып жақсы-ақ түскен екенсің, таптың. Мен сол өзің айтқан екінші Жидебаймын, – деп жеңілгенін мойындаған екен.
Тілеміс Есболұлы туралы бұл деректер өткен ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген, 1948 жылы небәрі 34 жасында қазаға ұшыраған қордайлық тарихшы Әбілқасым Ділебаевтың ел аузынан тірнектеп жүріп жинап, Қазақстан Ғылым академиясының тарих институтына өткізген қолжазбалары негізінде дайындалды. Қолжазбада Тілеміс шешеннің ел арасындағы дауды шешуге қатысқаны, қырғыз-қазақ ақындарымен айтысқа түскені де айтылады. Жоғарыда айтылған «Өтеген батыр» дастаны мен «Жорықта» деген тағы бір жыры ақынның өз ұлы Қасымхан Тілемісовтың айтуымен жазылып қалған екен. Ол Тілемістің өзіне тартқан әнші де, өлеңші де болыпты, бірақ ерте қайтыс болған. Қазір Тілемістің қыздарынан тараған жиендері бар.
Тілеміс шешен 1933 жылы дүниеден өткенде сүйегі Табанқайнар деген жердегі қорымға қойылғанмен кейіннен ол жер бульдозермен тегістеліп кетіп, ақынның қабірі нақты қай жер екені белгісіз болып келген-ді. Сортөбе мен Бұлар батыр ауылдары аралығындағы жолдың кішігірім жылға үстіндегі көпір маңы ежелден арлы-берлі өткендер құран оқып, бата қайыратын қасиетті орын саналатын. «Бұл жерде Тілеміс аталарың жатыр» деп үлкендер үнемі аманаттап келген сол орынға ұрпақтары 2019 жылы белгітас орнатты.
ӘЙГІЛІ ШҰБАР ТЕГЕНЕ
Абылай ханның оң қол батырларының бірі болған Өтегеннің хан сарайынан қолқалап алып келген шұбар тегенесін ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап келеді. Бізге жеткен аңыз бойынша бірде хан үш жүздің батырлары мен билерін жинап, үлкен кеңес өткізіпті. Бұл жиынға Ұлы жүзден Төле би, Өтеген, Жауғашты батырлар қатысқан екен. Келелі бір мәміледен кейін Абылай хан қоштасар алдында батырлар мен бекзадаларды ақ ордаға шақырып, ортаға қойылған үлкен шарадан балдай сары қымыз құйғызады.
Өтеген батырлардың ішіндегі ең жасы екен. Бір сөз кезегінде:
– Тақсыр, сізге бір датым бар, – дейді ханға.
– Айт! – дейді хан.
– Ханым, адам көргенге сене ме, айтқанға сене ме?
– Әрине көргенге сенеді, – дейді хан.
– Олай болса, сіздің мына қымыз құйған шараңызды осы жиынның дәлелі ретінде аға балаларына апарып көрсетейін, – деп Өтеген ортадағы ыдысты шығыршығынан ұстап өзіне қарай тарта түседі.
Хан жас батырдың меселін қайтармаған.
Емен ағашының тамырынан өте шебер зергерлер ойып жасаған, ішіне төрт-бес шелек су сиятындай үлкен тегене оңтүстікке осылай келген екен. Түсі қоңыр-шұбар, сондықтан шұбар тегене аталып кеткен.
Өткен ғасырдағы ашаршылықта жаны қиналған Кішкей деген кісі тегенені қырғыздарға бір тайға сатқалы тұрған жерінен Жолдасбай аталары ту биеге айырбастап алып қалыпты. Содан бері киелі жәдігер Жолдасбайдың, одан інісінің тұяғы Уәлиханның қолына өткен. Атадан балаға мұра болып келе жатқан киелі мүлік қазіргі кезде аудан орталығында тұратын Бақытжан Бекбатыровтың шаңырағында. Ауданда өткізілетін айтулы мерекелі жиындарда сол тегененің ішінен жұрт дәм ауыз тиіп, құрметтеп сақтап келеді.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
Қордай ауданының Құрметті азаматы