Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

L-410 қосмоторлы ұшағы қолданысқа берілді

L-410 қосмоторлы ұшағы қолданысқа берілді
Автор
Төтенше жағдайлар министрлігі алғаш рет L 410 көпмақсатты қос моторлы ұшағын алды. Бұл-ведомствоның авиациясын дамытудағы маңызды қадам. Ол төтенше жағдайларға тезірек ден қоюға және шалғай аудандарға жедел көмек жеткізуге мүмкіндік береді.

Әуе техникасын тапсыруға арналған салтанатты рәсімде  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов жаңа ұшақтың құтқару бөлімшелерінің ұтқырлығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар министр бұл әуе техникасының заманауи жабдықтармен қамтылғанын, оның табиғи апаттар, техногендік сипаттағы авариялар және түрлі төтенше жағдайлардың салдарын шұғыл әрі тиімді жоюға септігін тигізетінін тілге тиек етті.

– Мемлекет басшысының қолдауымен бүгін біз L-410 ұшағын алып,  тарихи оқиғаға куә болдық. Бұл қадам бізге құтқарушыларды, құрал-жабдықтарды және гуманитарлық көмекті еліміздің ең шалғай жатқан мекендеріне жедел жеткізуге жол ашпақ. Ұшақ біздің жұмысымызда сенімді және жан-жақты көмекші болады, - деді Шыңғыс Әрінов.

 Министр айтқандай, жуырда «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының  базасында «солтүстік–оңтүстік, батыс–шығыс» қағидаты бойынша елдің бүкіл аумағын қамтитын 20 авиажасақ құрылады. Бұл шұғыл әрекет етуге және құтқару операцияларын тиімдірек ұйымдастыруға мүмкіндік бермек. Жаңа ұшақты пайдалануға енгізу Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясының әлеуетін күшейтіп қана қоймай, жалпы Қазақстанның әуе флотының дамуына ықпал етеді.

L-410 ұшағы Қазақстан ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ авиациялық паркінің құрамына кіреді. Бұл әуе көлігі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою ісінде маңызды құрал ретінде пайдаланылатын болады. Ұшақтың басты мақсаты – апат орын алған аумақтарда жағдайды әуеден бақылау, гуманитарлық жүк пен жеке құрамды шұғыл жеткізу, сондай-ақ зардап шеккен азаматтарды қауіпсіз аймаққа эвакуациялау болып табылады.

Жаңа ұшақтың  ерекшелігі – оның күрделі климаттық және географиялық жағдайларда жұмыс істеуге бейімділігі. Атап айтқанда, бұл ұшақ қар, шөп басқан немесе топырақ жамылғысы бар аэродромдар мен ұзындығы небәрі 500 метр болатын қысқа ұшу-қону жолағынан оңай ұшып-қона алады. Температуралық төзімділігі де жоғары. Мәселен  -50°C градустан +50°C градусқа дейінгі кең диапазонда үздіксіз қызмет атқарады. Бұл оның еліміздің кез келген өңірінде, тіпті алыстағы  инфрақұрылымы дамымаған аудандарда да сенімді көлік құралы ретінде қолданылуына жол ашады.

Техникалық сипаттамалары бойынша L-410 ұшағы бір рейсте 19 жолаушыны немесе 1800 килограммға дейін жүк тасымалдауға қабілетті. Ал максималды ұшу қашықтығы 6500 шақырымға дейін жетеді. Осылайша ол Қазақстанның кең-байтақ аумағында төтенше жағдайлар кезінде қажетті жедел көмек көрсетуді қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Бұдан бөлек бұл үлгінің тағы бір маңызды ерекшелігі – ауыр жұқпалы ауруларға шалдыққан науқастарды тасымалдауға арналған арнайы модификациясының болуы. Бұл эпидемиологиялық қауіп төнген жағдайларда, соның ішінде пандемиялық ахуалдарда, оның рөлін ерекше маңызды етеді.

Ұшақтың тиімді және қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық ұшқыштар мен инженерлік-техникалық қызмет мамандары Чехия астанасы Прага қаласында орналасқан халықаралық авиациялық даярлық орталығында арнайы оқудан өтті. Олар L-410 ұшағын басқару, оны техникалық тұрғыда күтіп ұстау және күрделі жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетік  меңгерді. Бұл – ұшақтың қызметке толық дайын күйде қосылуына және оны барынша тиімді пайдалануға негіз болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі бұл жобаның жүзеге асырылуы – тек авиациялық әлеуетті арттыру емес, сонымен қатар халықаралық ынтымақтастықты дамыту арқылы отандық төтенше жағдайлар жүйесін жаңа деңгейге көтерудің нақты қадамы екенін атап өтті. Қазіргі таңда әлем бойынша мұндай ұшақтарды шығаратын бар болғаны үш авиакомпания ғана бар, бұл оның бірегейлігін және жоғары технологиялық деңгейін дәлелдейді.

Осылайша L-410 ұшағының қызметке енгізілуі – құтқарушылардың кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, еліміздің төтенше жағдайларға дайындығы мен қауіпсіздік стратегиясының нығаюына зор үлес қосатын ауқымды әрі стратегиялық маңызы бар оқиға саналады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар