
Басқосу барысында қатысушыларға қоқыс пен қураған шөпті, ағаш қалдықтарын өртеудің қоршаған ортаға, атмосфералық ауа сапасына және ең бастысы халық денсаулығына тигізетін зияны жөнінде жан-жақты мәлімет ұсынылды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, қала аумағында тазалықты қамтамасыз ету, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жолдары кеңінен қарастырылды.
Мамандар қоқысты бейберекет өртеудің салдары ретінде тек экологиялық теңгерімнің бұзылуын ғана емес, сондай-ақ тұрғын үй секторында өрт оқиғаларының туындау қаупін де атап өтті. Өйткені мұндай әрекеттер өрт қауіпсіздігі талаптарына қайшы келіп қана қоймай, айналадағы адамдардың өмірі мен жеке мүлкіне елеулі қауіп төндіреді. Осы орайда төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан тұрғындарға қоқысты өз бетінше жағуға қатаң тыйым салынатыны және мұндай заңсыз әрекеттер үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғаны жөнінде нақты ескерту жасалды. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 336-бабына сәйкес, экологияға зиян келтіретін бұл әрекеттерге әртүрлі деңгейде айыппұл көзделген. Мәселен, жеке тұлғалар үшін айыппұл көлемі 5-тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде белгіленсе, лауазымды тұлғаларға 10-нан 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін бұл көрсеткіш 15-тен 30 АЕК-ке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 50 АЕК-ке дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 50-ден 100 АЕК-ке дейінгі аралықта айыппұлдар қарастырылған. Осы арқылы жауапты органдар тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажеттігін және әр азаматтың экологиялық қауіпсіздікке деген саналы көзқарасы қала болашағы үшін маңызды екенін еске салады.
Жиын барысында «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің өкілдері сөз алып, қала аумағын көгалдандыру, экожүйені қалпына келтіру және жасыл желек қорын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Жиынның қорытындысы ретінде қатысушылар өрт қауіпсіздігі талаптарын өрескел бұзған азаматтарға қатысты қолданыстағы заңнама аясында қатаң шаралар қолданудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте, жауапты органдар тарапынан бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту, құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды дер кезінде анықтау бойынша нақты міндеттер белгіленді.
Сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыру, өртке қауіпті әрекеттердің алдын алу және қоқыс пен өсімдік қалдықтарын заңды әрі қауіпсіз жолмен жоюды насихаттау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тұрақты түрде жүргізілетіні айтылды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ