Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шектеулі ғұмырдағы шексіздік

Шектеулі ғұмырдағы шексіздік
Автор
Мүгедектігі бар азаматтардың жүрегінде қорқынышқа, күйзеліске, немқұрайдылыққа орын жоқ. Керісінше қолы жоқ бола тұра құшағына әлемді сыйдырып, аяғы жоқ бола тұра төрткүл дүниенің төрт бұрышын аралайды. Саңырау болса да бәрін ұғынып, көзі көрмесе де әлемді жүрегімен сезеді. Қысқаша айтқанда жетістікке жету үшін ағысқа қарсы жүзеді, мойымайды. Міне, он екі мүшесі сау адамдар солардан үлгі алуы керек.

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесовтің айтуынша, басқа адамның көмегін аса қажет ететін жалғызбасты мүгедектігі барлар мен қарттарға әлеуметтік көмек көрсететін басқармаға қарасты 19 арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы бар.

Адамның ақыл тоқтатып, ой-өрісі кеңейген тұста басына түскен сынақты қабылдауы саналы түрде қалыпты болары сөзсіз. Ал балалар ше? Бесіктен белі шықпаған балғындардың тай-құлындай шапқылап, ойнап жүретін шағында жүріп-тұруы мұң болғанынан асқан қасірет те жоқ шығар.

– Облыста мүгедектерді оңалту және мүгедек балаларды оңалтып, бейімдейтін 9 орталық және орталықтың 1 филиалы жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда бір мезгілде 606 мүгедек, оның ішінде 456 мүгедектігі бар бала бейімдеу мен оңалтудан өте алады. Бүгінгі күнге дейін 121 бала оңалту шараларын қабылдап шықты. Орталықтағы ерекше қажеттіліктері бар адамдар ыстық тамақ және қажетті гигиеналық құралдармен қатар, төсек жабдықтарымен қамтылған. Қызмет алушыларды үйден орталыққа, орталықтан үйге тасымалдауға автокөліктер қарастырылып, толыққанды жұмыс атқаруда. Сондай-ақ қызмет алушы балалар да әдістемелік тауарлармен, гигиеналық құралдармен, тұрмыстық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Балаларға 2 мезгіл ас та беріледі. Өз-өзіне толық қызмет жасай алмайтын балаларды орталық қызметкерлерінің өздері тамақтандырады, киіндіреді, жөргегін ауыстырады. Бір сөзбен айтқанда жүріп-тұруына және басқа да қызметіне орай барлық көмекті көрсетеді. Барлық қызмет алушы балалар сабаққа қажетті құрал-саймандармен қамтылған. Атап айтар болсақ, қоршаған ортаны қалыптастыруға арналған карточкалар, суреттер, стендттер, жемістердің, жануарлардың муляждары, монтессори тақтайшалары, нейрожаттығуларға арналған тақтайшалар мен төсеніштер қарастырылған. Одан бөлек түрлі-түсті карындаштар, қағаз, алфавит, санамақ түрлері, әріптер мен сандар жазылған кубиктер, оқуға және жазуға арналған кітаптар, сенсормоторлық түрлі ойыншықтар, құрастырмалы пазлдар, мозаикалар, сенсорлық тақтайшалар, дамытушы түрлі ойыншықтар бар. Оңалту шаралары үшін арнайы жабдықталған емдік денешынықтыру залы да жұмыс істейді. Онда вертикализаторлар, жүгіруге арналған құрылғы, швед қабырғасы, велотренажерлар, мотомед, гросс, еңбектеуге арналған құралдардың сан алуан түрі қолжетімді, – дейді Еркін Егембердіұлы.

Жалпы мүгедектігі бар азаматтардың жайын сөз етер болсақ, мылқау, зағип, тіпті аяқ-қолы жоқ бола тұра арманы асқақ, алға қойған мақсат-мұраты айқын жандар әлемде жетерлік. Олар тағдырға налып, басына түскен сынақты қасқайып қарсы алған батыл һәм өмірді сүйе білетін ерекше түсінік, биік өренің иелері.

Әлемді өзіне қаратқан Ник Вуйчич серб эмигранттары Борис пен Душка Вуйчичтің отбасында дүние есігін ашқан. Никтің есімін білмейтіндер бүгінде жоқтың қасы. Ол тетраамелия синдромымен туған австралиялық мотивациялық оратор, меценат, жазушы және әнші.

Ник туғаннан бастап сирек кездесетін генетикалық патологиясы бар тетраамелия ауруына ұшыраған. Аяғы жоқ, алайда жартылай табанында екі башпайы бар екен. Башпайларды хирургиялық жолмен бөлдірген. Соның арқасында жүруді, жүзуді үйренген. Скейтборд тебуді, компьютерде жұмыс істеуді, жазуды меңгерген.

Никтің өмір суруге талпынуда бастан өткерген қиындығы аз болмады. Бірақ Құдай Никті мүгедек етсе де, мұқатпады. Аяқ бермесе де, әлемді шарлауға, қол бермесе де мұқтаж жандардың көз жасын сүртуге зор мүмкіндік берді.

Аяқ-қолы жоқ адамды көргендер аңтарыла қарап, тіпті жанына ауыр тиетін сөздерді айтудан да еш тайсалмайтын. 10 жастағы бала Ник мектептегі қысымдарға шыдамай суға батып, өз-өзіне қол жұмсамақшы болған. «Мен суға батуға тырыстым. Бірақ қолымнан келмеді. Көз алдыма өзімнің жерлеу рәсімімді елестеттім. Ата-анамның қиналатынын түсіндім. Мен оларды жылатқым келмеді» деп еске алады Ник өзінің суицид жасауға ұмтылған сәттерін.

Ал 21 жасында Ник Вуйчич Брисбендегі Гриффит университетін бухгалтерлік есеп және қаржылық жоспарлау мамандығы бойынша бітіріп, 2012 жылғы 12 ақпанда Ник Канае Мияхараға үйленеді. Ник пен Канаэнің балалары ешқандай сыртқатсыз аман-есен дүниеге келген.

Ол шіркеу, түрме, мектеп және балалар үйлерінде жұмыс істеген. Бүкіл әлемдегі мүгедектерге көмек көрсетіп, «Шекарасыз өмір» атты қайырымдылық ұйымын ашқан. «Жылдың үздік жас азаматы» сыйлығын иеленіп, «Көбелек циркі» фильміне түскен. «Шекарасыз өмір», «Керемет бақытты өмірге жол», «Шексіз махаббат. Керемет сүйіспеншілікке бастайтын жол», «Тоқтаусыз. Іс-әрекеттегі сенімнің керемет күші», «Мықты бол. Сіз зорлық-зомбылықты жеңе аласыз» атты кітаптары жарық көрген.

Байқасақ, Ник өз қолымен ас ішіп, табанымен жер тіреп көрмеген. Дүниеге келгелі бері не анасын, не баласын бауырына басып, құшақтай алмады. Басы ауырып, балтыры сыздай қалса, өз қолымен дәрі де іше алмады. Оның киген киімін суреттесек қолы жоқ, жеңі бос жейдесі мен балағының ішінде аяғы жоқ шалбарлары ғана бар. Алайда жүрегі арманға, үмітке тұнып тұр. Оның аяғынан тік тұруына, өмірде биіктей беруіне, ғажайып қиялы себеп екені даусыз.

Ник өзінің мотивацияға толы бір сөзінде: «Барлығы арманнан басталады! Иә, барлық арман орындалмауы мүмкін. Бірақ мен өз мақсаттарына жеткен адамдарды көрдім. Сондықтан армандаңыз. Үлкен нәрсені армандаңыз» деп айтқан.

Үміт сөніп, арман аласарған күні адамның өзі ғұмыр кешсе де, өмірі тоқтайды. Оған дәлел Никтің өз сөресіне аяқкиім сақтап қойғаны. Күндердің күнінде аяқкиім киіп, көшеге шығатынына сенеді.

Ал ең ғажабы сол, бір мүмкіндігі шектеулі аяқ-қолсыз жанның дені сау, дүниесі түгел, он екі мүшесі орнындағы адамдардың өмірге деген ойын түзетіп, күйзелістен құтқаратынын бүкіл әлем біледі. Ол сол үшін құрметті, сол үшін қоғамға керек һәм бағалы жанға айналды.

Мұндай қайсар жандар облысымызда да аз емес. Мәселен, Тараз қаласының тұрғыны Анар Бексұлтанова да мақтанышпен таныстыруға тұрарлық жан. Ол Талас ауданына қарасты Үшарал ауылында туабітті екі қолсыз дүниеге келген. Бүгінде екі қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана тағдырдың сынына мойымай, аяғымен сурет салып, ісмерлікті кәсіп етіп, қыз жасауын тапсырыспен тігіп жүр. Ерекше талант иесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен.

Анар ел қатарлы мектепке барды. Оған оқушылар мүгедек деп қарамады, басқа қыздар сияқты оны да қағып, құлатып, алашапқын еткен балалар болды. Сүріндірген балаларға кектенбеді, өжеттеніп, қайта тұрып жүгіруге ұмтылды. Сөйтіп ерекше қыз жан-жақты білім мен ой жүйесін дамытып, ортаға бейімделе бастады.

Арманы асқақ қыз кейін жоғары оқу орнына грантқа оқуға түсті. Жақсы білім алды. Тілге шешен, ақылына көркі сай болып дами түсті. Алайда университет бітіргеннен кейін лауазымды кісілер жұмысқа алмайды. Сол сәтте бойын өжеттік кернеген қыз «Әлі мен бәріне қандай қызмет істей алатынымды көрсетемін» деген ызамен тек алға жылжи береді.

Расымен кейін Анар кәсіппен айналысып, қыз жасауын тігіп, талай ханшайымның алғысын арқалады. Аяғымен жазу жазып, сурет салудан алдына жан салмайтын шебер қыздың бүгінде аты асқақтап тұр. Анар адамдарға мүмкіндіктің шексіз екенін, еңбектің елеулі екенін дәлелдеп келеді.

Өмірдің сан соқпағынан өткен Анар Бексұлтанова қолы болмаса да жолы болған ерекше адам. Әр ісі көпке үлгі Анар адамның кембағалдығы қол-аяғына байланысты емес, ой-өрісінің саяздығы мен жалқаулығынан екендігін дәлелдеп келе жатыр.

Осы орайда 1965 жылы Таразда дүние есігін ашқан Зульфия Габидуллинаның жетістігі жайлы да атап өту қажет-ақ. Ел тарихындағы Паралимпиада ойындарының тұңғыш чемпионы, даңқты спортшының қаны – татар. Ол 1971 жылы маскүнем мотоцикл жүргізушісінің кесірінен жол апатына түсіп, нәтижесінде омыртқа жарақатын алып, басы, қолы және аяғы зақымданған. Бірақ ол ешқашан мойымады. Төсек тартып жатпады. Керісінше жаттығулар жасап, 1990 жылдан бастап спортпен шұғылдана бастады. 1991 жылы мүгедектерге арналған қоларба жарысынан бірінші Президенттік жарысқа қатысып, 4 рет бірінші орынды жеңіп, биікті бағындырды. Сонымен қатар жеңіл атлетика және жүзу спорты бойынша спорттың 2 түрінен жарысқа қатысып, 8 рет бірінші орынды қанжығасына байлаған. Жүзу спортымен кәсіби түрде айналысуды 2007 жылы бастаған.

Кейіпкеріміз бүгінде көп адамның көкірек көзін ашып, спортқа аяқ басуына себепші болып отыр. Армандардың алдамайтынына сенім білдіріп, тоқтаусыз жаттығып, өзінің дамылсыз күш-қуатымен жетістікке жеткен спортшының тұлғасы баршаға үлгі екені анық. Зульфия әлі де биіктен көрінетіні анық. Оған себеп – оның өзіне деген шексіз сенімі.

Осы орайда №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығына бас сұқтық. Бұл орталықты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар мекен етеді. Бірі дүниеге аяқ-қолсыз келіп, тағдырдың тауқыметін тартса, енді бірі әлдебір келеңсіз жағдайдың кесірінен кесапатқа ұшырап, аяқасты кембағал болып қалған.

№1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығы зейнеткерлік жасқа жеткен егде адамдарға, І және ІІ топтағы мүгедектерге, бөгде адамның күтіміне мұқтаж, жалғызбасты жандарға арналған. Қазіргі таңда орталықта 143 қызметкер жұмыс істейді. Ал 165 адам арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алуда. Мұнда І топтағы – 20, ІІ топтағы – 31, ІІІ топтағы – 3, яғни 54 мүгедектігі бар азамат қызмет алады. Зейнет жасына дейінгі мүгедектер саны – 27. Оның 100-і ер адам болса, әйелдер саны – 65.

Орталықта жоспарға сай қызмет алушыларға әлеуметтік тұрмыстық, медициналық, психологиялық, еңбек, мәдени, құқықтық, экономикалық сынды 7 бағыт бойынша қызмет көрсетіледі.

Мұндағы қызмет түрлері өз-өзіне қызмет жасай алатын және өзіне қызмет жасай алмайтындар болып екіге бөлінген. Әр қабатта 1 жуыну бөлмесі, 1 тұрмыстық бөлме, 1 демалыс бөлме орналасқан. Тұрмыстық бөлмелер электр плиталарымен, тоңазытқышпен және асүйге қажетті заттармен, сонымен қатар жұмсақ жиһаз және теледидармен қамтылған. Қызмет алушылар 4 мезгіл тамақтанатын асхана қызметін, монша, кір жуу комплексін, дербес жылу қазандығын пайдаланады.

Бұл орталықты мекен еткен Талғат Аманбеков мүгедектер арбасына таңылған. Спорттық биге көңілі ауған жігіт Толғанай Төребек есімді кәсіби бишімен жұптасып, бимен шұғылдана бастайды. Ол облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубына 2016 жылы қабылданған. Қазіргі уақытта Талғат қоларбадағы биді халықаралық турнирлердің жеңімпазы, спорт шебері Наргиза Ахметовамен жұптасып билейді.

Арнайы орталық осындағы тағдыры сан қилы жандардың жүрегіне жол салып, түрлі жарысқа қатыстырып, қиындыққа мойымаудың жолдарын қарастырады. Әсіресе мұндағы еңбек бөлмесі ерекше. Көздің жауын алғандай жарқырап тұр. Бұл бөлмеде Ілияс Ахметов, Береке Жұмабеков, Гүлмира Нұржанова, Айгүл Амирова әлеуметтік қызмет алушыларды еңбекке баулып, қолөнерге үйретеді.

– Орталықтағы адамдар өмірді шын сүйеді және өмірге қосқан әр үлесі үшін өздерін бақытты сезінеді. Олар қандай қолөнер бұйымын жасаса да балаша қуанады. Өздеріне қандай қиын болса да, өз істерін аяғына дейін жеткізеді. Бірі қолмен үй тұрғызып, оның шарбағына дейін әрлесе, екіншісі соны түрлі-түсті етіп бояйды. Жасалған шарбақ ішіндегі аулаға жасыл желек, әртүрлі гүлдерді қондырып, жайлы да әсем бау-бақшасы бар үйге айналдырады.  Түрлі әйнектердің сынығы жапсырылған жалтырақ костюмдер, қағаздан жасалған көйлектер, мата пайдаланылған сан алуан гүлдердің барлығын осындағы қызмет алушылар жасайды. Бұл еңбек терапиясының берері мол, – дейді Г.Нұржанова.

Әлгі бұйымдар мен әсем ойыншықтар, қатты қағаздан жасалған зәулім сарайлар – орталықтағы қызмет алушылардың қолынан шыққан дүниелер.

Александр Попов 2014 жылы өмірлік қиын жағдайға тап болып, содан бері осы орталықтың көмегіне жүгініпті. Негізі 2000-2014 жылдар аралығында өз мамандығы бойынша, яғни аспаз-технолог болып жұмыс істеген. Бүгінде осы орталықтың белсенді һәм еңбекқор тұрғыны. Орталықтағы үлкен-кішісі Александрдың ерекше ілтипатына разы. Александр қол еңбегімен айналысқанды ұнатады.

– 33 жаста болатынмын. «Отбасын құрсам» деген ниетім бар еді. Жеңіл көлікпен келе жатып, жол апатына ұшырадық. Есімді жиғанда жүргізушінің қайтыс болғанын естідім. Сүйген қызым да іздеп келді. Басында «Дәрігерлер аяғымды аман алып қалады» деген ой болды. Кейін аяқсыз қалдым. Содан кейін жақсы көретін қызым да ізім-қайым жоғалып кетті. Мұндай уақытта адам сезімтал болады. Ештеңе айтпаса да бәрі түсінікті еді. Аяғымнан бір, сүйгенімнен екі айырылып, өмірден түңілгенім рас. Кейін бір медбике басу айтып, жұбатты. Өз-өзіме келіп, аяқсыз өмірге бейімделе бастадым. Кейін осы орталыққа орналасқан соң, өмірімді қайта басынан бастадым десем де болады. Орта таптым, түрлі қолөнер бұйымдарын жасап үйрендім. Мойымауды, қайсар болуды, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді мақсат тұттым. Сүрінгенге сүйеу, құлағанға демеу болатын орталық қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін, – деді Александр.

Тағдыры қоларбаға таңылған Мақпал Нұрсейітованың да өмірі ерекше. Сезімтал жан өте өнерлі. Ән салғанды ұнататын ерекше жан бізге де тамылжыта ән салып берді.

– Мен ес білгелі жүре алмаймын. Әкем мен шешем ажырасып кеткеннен кейін осы орталықты паналадым. Әркімнің өз өмірі бар. Әкем өз отбасын, анам өз отбасын құрып кетті. Мен орталыққа әкемнің қазіргі әйелі алып келді. Алғашында көңілім құлазып, бойымды жапанда жалғыз қалғандай сезім билегені рас. Алайда уақыт өте келе бәрі қалпына түсті. Мұндағы ақжарқын адамдардың бізге жасаған қызметі мен құрметі осы орталыққа тез орнығуыма, қатарға тез қосылып кетуіме ықпал етті. Орталықта дос таптым. Махаббатымды жолықтырдым. Алайда әкеме деген сағынышым үдей түсті. Әкем жиі іздеп келіп тұрады. Ол кісіге деген құрметімнің биіктігін, балалық сүйіспеншілігімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол кісінің асқар тау екенін, осы сөздің терең мағынасын үнемі сезінемін. Ал анам жақында ғана іздеп келді. Алайда көкірегімдегі өкпем ол кісіге қара қазандай екенін жасыра алмадым. Бірақ іштей жақсы көремін. Уақыт өте келе кешіретінімді білемін. Мен дүниеге сал болып келгеніме кінәлі емес екенімді ұғамын. Сондықтан рухым биік, өзім өжетпін. Тағдырға налып, мойыған емеспін. Ондай әлсіздік танытқан адамның ісі алға баспайды, бір орында алға жылжымай тоқтап қалғандай ғұмыр кешеді. Қазіргі таңда ән айтып жүрмін. Өзім төрт тілде сөйлей аламын, – дейді Мақпал Орынбекқызы.

Арбаға таңылса да, тағдырға таңылмаған жанның алға қойған мақсаты айқын. Сурдо аударма жасап, сол бағытта өзін дамытуды көздеген ерекше жан еңбек терапиясымен де айналысады. Өзі секілді жандардың қолынан шыққан сансыз бұйымдарды түрлі-түске бояйды. Сол сәт Мақпал жер бетіндегі бүкіл адамзаттың жүрегіне шаттықтың дәнін егіп, қанаттандырғысы келеді. Мұңы бар жандардың жүрегіне түскен қаяуды өзінің түрлі-түсті бояуымен ұмыттырып, қызыл-жасыл әлемнің тілінде, барлық қара түстерді тек қуаныштың жолақтарымен сызып, жүректерге тек бақыт жолдағысы келеді.

Барлық адам шексіздік әлемінде өз талпынысына орай күн кешеді. Ендеше шектеулі әлемнің шексіз мүмкіндігін пайдаланып, болашаққа үмітпен қарап, сеніммен қадам басқан әр адам бақытты!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар