Жыл өткен сайын қаламыз құлпырып, ажарланып келеді. Демалыс орындары да көбейді. Алайда көңілге қаяу түсіретін көріністер де бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Әсіресе тым жақсы дүниені қирату, сындыру, бүлдіру белең алып бара жатқаны жанға батады. Қазір әйнегі сынып, төбесі опырылған аялдамалар мен төңкеріліп шашылып жатқан қоқыс салғыштарды, подъездердегі сынған лифтілерді, бүлдірілген балалар ойын алаңын, жаңадан егілген көшеттердің сынғанын, ғимараттардың қабырғаларына жазылған есірткінің жарнамаларын және де дауыстап оқуға ұятың бармайтын бейпіл сөздер мен сұрықсыз суреттерді қаланың кез келген ауданынан кезіктіруге болады. Автобусқа мінсеңіз жап-жаңа жұмсақ орындықтардың шимақталғаны, тесілгені, жыртылғаны, темекімен күйдірілгені көзге шалынады. Мұның барлығы жастардың санасының таяздығын, мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда қаланың, табиғаттың көркін бұзатындар әлі де аз емес.
Мысалы, таяуда әлеуметтік желіде Қарқаралы тауларында бір отбасы мүшелерінің есімдері жазылып кеткен жартас анықталды. Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде кеңінен таралып, жұрт наразылығын туғызды. Полицияның мәліметінше, жазуларды Қарағандыдан келген отбасы жазып кеткен. Отағасы – 1977 жылы туған ер адамға қатысты екі әкімшілік хаттама (ұсақ бұзақылық және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жүріп-тұру ережесін бұзу) толтырылды.
Бұл аз десеңіз, қала маңындағы бейіттерден де вандализмнің іздерін көруге болады. Бір танысымнан вандалдардың зираттағы марқұмдардың басына қойылған құлпытастарды, металл шарбақтарды қиратып, тонап, қорым аумағында өсіп тұрған талдарды сындырып, жағып кеткені туралы естігенімде өз құлағыма сенер-сенбесімді білмедім. Мұндай адамдарда қандай қасиет бар? Жер бетіндегі тіршілікті қойып, қабірді қиратудан қаймықпаған вандалдар 2024 жылы қаладағы «Жасыл кілем» («Зеленный ковер») қорымында 30-дан аса адамның бейітін бұзып, сыртқы қоршауын ұрлап алып кеткен.
...Таяуда көп жылдан бері Астанада тұратын бір танысым Таразға арнайы келіп, біраз жылдар бұрын жерленген анасының зиратына барады. Бейіттің темір қоршауын бір имансыздар бұзып, тонап кетіпті. Оны көрген астаналық қонақ қыздың қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып, ебіл-дебіл болып жылап, зират басшылары мен жергілікті полицияға барыпты. Бірақ олар вандализммен айналысқандарды таба алмайтынын айтып, жылы сөзбен шығарып салыпты.
Марқұмдардың әруағын қорлау – нағыз надандық емес пе?! Осындайда белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің:
«Кімді аяйды есіргендер,
Қызғаңдар?!
Қасиетті ұғымдарды сызғандар?
Бәрін, бәрін,
Барлығын да бұзады
Бақилардың тыныштығын бұзғандар!» –
– деген өлеңі еріксіз еске түседі.
Вандализм соғыс болып жатқан өңірлерде кең етек жаюда. Ежелгі құрылыстар, ескерткіштер аяусыз қиратылып, тоналып жатыр. Вандализмнің салдарынан өнер, мәдениет объектілері мен мемлекеттік маңызды орындар бүлінуде немесе біржола жойылуда. Францияның «Ларусс» баспасы: «Вандализм – әдемі дүниелерді, атап айтқанда өнер туындыларын жоюға мәжбүр ететін адам ақыл-ойының көрінісі» деп бағамдайды, яғни жеке немесе қоғамдық меншікті қасақана қирату, жою саналы адамның жасайтын әрекеті емес деп есептейді.
Материалдық пайданы көздемейтін жабайылықтың жағымсыз үлгісі көрініс тапқан тұстан бері тұтас ғасырлар жылжып, бірнеше дәуір көшті. Уақыт сатысымен көтеріліп, адамзат баласы қанша ұрпақ ауыстырғанымен, кейбірмізде жеке адамға немесе көпке ортақ мүлікке орынсыз залал келтіруді, мемлекет қазынасындағы құнды тарихи заттарды, нысандарды қирату сияқты жабайы мінез жойылмай келеді. Қара күші қойнына сыймай жүрген жап-жас жігіттер қала көшелеріндегі аялдамаларды, орындықтарды, жарықшамдарды қиратуды өз ермектеріне айналдырып алғандары өкінішті. Ғимараттарға, тарихи-мәдени орындарға сурет салып кететіндер көп. Өз атын әр жерге қайталап жаза беретіндер де аз емес. Сондай-ақ түнде бетперде киіп, рұқсат етілмеген жерлерге барып сурет салып, полиция қызметкерлерінен қашып, содан ерекше адреналин алатындар да бар. Бұл – таза жабайылықтың, мәдениеттің төмендігінің көрінісі, анық вандализм. Олардың эмоцияға беріліп, істеген әрекеті, қаланың сәнін қашырып, бюджетке салмақ түсіріп тұр. Бірақ оның салдарын бұзақы түсініп, парқына бармайды. Көп болса, айыппұлмен құтыламын деп ойлайды. Бірақ қиратылған тарихи мұра бұрынғы қалпына қайтып келе ме? Міне, мәселе қайда жатыр...
Психологтардың пікірінше вандализм әрекетіне психологиялық фактор түрткі болады екен.
«Вандализм» ұғымына кіретін әрекеттерді көп жағдайда жастар қауымы жасап жатады. Вандализм көбінесе үрейден, қаттылықтан, қозудан, агрессиядан болады. Яғни қандай да бір бойдағы агрессия ошақтарын қандырушы әрекет ретінде есептеледі. Вандализмге алып келетін жолдар: онтогенді яғни дұрыс емес тәрбие көзі, гипер немесе гипобайектеу баланы, жағымсыз орта болса, биогенді түрде ол шығу тегі (ішімдікке әуестік, психопатия, психикалық ауытқулары агрессивті түрде) арқылы генетикалық тұрғыда ұшырайды. Алғашқы әрекет немесе айқын агрессивті әрекеттің алдын алу психиканы тұрақтандыру және қорғанудың ең тиімді жолы», – дейді мамандар.
Жастар, әсіресе 11 жастан асқан жасөспірімдердің мұндай қитұрқылықты істеуінің төрт деңгейі болады. Біріншісі, ессіз әрекет. Адам ішіндегі ашуын сыртқа шығару мақсатында ішімдік пен есірткі әсерінен бұзақылыққа барады. Екіншісі, саналы деңгейде ойын-сауық құрып, жарысу, бәсекелесу, өзгелерге еліктеу, өзін сендіру мотивімен жасайды. Үшіншісі, психологиялық тұлғалық саналы түрде өзін-өзі қорғауы, кек алуы, азаматтың мінез-құлық әдеті. Төртіншісі, ішкі наразылығы, өзіне көңіл аударуды көздейтін әлеуметтік психологиялық саналы деңгей.
– Қазақстандағы вандализммен байланысты негізгі проблемалар – қоғамдық сана мен білімнің жоқтығы. Қоғамдық кеңістіктер мен ортақ меншіктің маңыздылығын түсінбеу, салдарынан адамдардың қоршаған орта мен қала нысандарын бағаламауына және оларға қамқорлық жасамауына дейін апарады. Қоғамдық орындарда тиімді мониторинг пен қадағалаудың жоқтығы вандализм әрекеттерінің көбеюіне әкеледі. Әлеуметтік-экономикалық мәселелер де маңызды рөл атқарады. Кедейлік, жұмыссыздық және әлеуметтік шиеленістің жоғары деңгейі вандализм әрекеттерін өршітуі мүмкін. Сондай-ақ қатаң заңдардың жоқтығы вандализмді көбейтеді, асқындырады. Вандализм үшін жауапкершілікті күшейту, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуде халықаралық тәжірибені ескеру қажет деп есептеймін. Вандализммен күрестің ең тиімді жолы – тәрбие. Бұл мәселеге тек мектеп немесе құқық қорғау органдары ғана емес, ең алдымен әр отбасы жауапты болуы тиіс. Әр ата-ана баласына ортақ мүлікке, тарихи ескерткіштерге жанашырлықпен қарауды үйретуі керек. Тәрбие тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы беріледі. Егер ата-ана өзі көшеге қоқыс тастамай, қоғамдық орындарды таза ұстаса, баласы да соған ұмтылады. Ал тәртіпті тек сырттан талап ету нәтиже бермейді. Вандализммен күрес, қоғамдық дүниелерге қамқорлықпен қарау отбасында, мектепте жүргізілу керек. Арнайы сабақтар өткізілсе де артық болмас еді. Оқушы балалар мен ата-аналарға рухани, заңдық бағыттарда түсіндіру жұмыстары жүргізілгені жөн. Өйткені қоғамдық сананы, мәдениетті қалыптастыруды адамның жас кезінен бойына сіңіру нәтижелі болады, – дейді ғалым-ұстаз, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Жүсіпбек Сүлейменов.
Осы орай әлем елдерінің тәжірибесіне де аударсақ. Бәрімізге белгілі, Жапония білім мен тәрбиеге деген көзқарасымен, әсіресе қоғамдық орындарды құрметтеу контекстінде танымал. Жапон мектептеріндегі білімге тазалық сабақтары кіреді. Мұнда оқушылар сыныптары мен мектеп аумағын өздері жинайды. Бұл тек тазалықты сақтауға емес, сіздің жұмыс кеңістігіңізге, қоғамдық мүлікке деген құрметті қалыптастырады.
Сингапур елі де тәртіп пен тазалықты сақтауда қатаң көзқарасымен ерекшеленеді. Елде қоқыс тастау, бұзақылық және басқа да қоғамға қарсы әрекеттер үшін қатаң заңдар мен айыппұлдар бар. Сингапур тәжірибесі нақты ережелердің есебінен вандализмнің алдын алуға болатынын көрсетеді.
Ал Ұлыбритания вандализммен күресу үшін әртүрлі стратегияларды пайдаланады. Соның ішінде бейнебақылау камераларын орнату және «Neighborhood Watch» сияқты бағдарламаларды жасау оң нәтижесін беруде. Мұндай бастамалар тұрғындар мен полиция арасындағы ашықтық пен ынтымақтастықты арттыру арқылы қылмыс пен вандализмді азайтуға көмектеседі.
Бүгінгі жастар – ертеңгі ел иесі. Ал вандализмнің құрбаны болу – жастарға жат қылық. Сол себепті оларды мәдени құндылықтарды қадірлеуге баулу аса маңызды. Қоғамдық жұмысқа, еріктілер қозғалысына қатыстыру, тарихи орындарды танып-білуге ынталандыру – вандализмге қарсы нақты бір қадам.
Вандализм – бұл бір қала немесе облыс көлеміндегі ғана емес, ұлттық мәселе. Бұл мәдениетке, тарихқа деген қастандық. Сондықтан онымен күрес бір сәтке де назардан тыс қалмауы керек.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі




