
Алдымен Ержан Нұрлыбаевтың төрағалығымен босандыру қызметін жетілдіру мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті құрылымдары мен аймақтың медициналық мекемелерінің басшылары қатысты.
Жиын барысында өңірде ана өлімін азайту, жүкті әйелдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту, перинаталдық қызметті жетілдіру мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаев босандыру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы баяндама жасап, 2025-2026 жылдарға арналған кешенді жоспармен таныстырды. Аталған жоспарда медицина кадрларын тарту, заманауи құрал-жабдықтармен қамту, акушер-гинекологтар үшін ағзаны сақтау операциялары бойынша мастер-кластар өткізу сынды бағыттар қамтылған.
Ержан Шәкірұлы әйелдердің денсаулығы ұлт денсаулығының негізі екенін ерекше атап өтіп, бұл салада адами, техникалық және ұйымдастырушылық ресурстарды тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Сонымен қатар, инфекциялық қауіпсіздік, ана өлімін азайтудағы республикалық орталықтың рөлі, перинаталдық көмекті жетілдіру мәселелері кеңінен сөз болды.
Сапар аясында Ержан Нұрлыбаев облыстық перинаталдық орталыққа барды. Орталықтағы «Бір күндік клиника», жаңа туған нәрестелерді реанимациялау және патология бөлімшелері мен ахуалдық орталықты аралап, мекеменің техникалық жабдықталуына баға берді. Сонымен қатар, мониторинг жүйелерін жетілдіру, медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды.
Вице-министр Шу көпбейінді аудандық орталық ауруханасына да арнайы барып, аталған мекемеде жуырда орын алған ана мен бала өліміне қатысты оқиғаның мән-жайын зерттеді. Делегациямен бірге келген министрлік өкілдерімен бірге Ержан Нұрлыбаев жағдайдың егжей-тегжейін талдап, мұндай оқиғалардың алдын алу үшін шұғыл және жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Шу ауданына сапар кезінде медицина қызметкерлерімен де кездесу өтіп, олардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, ана мен бала денсаулығын қорғауда дәрігерлердің кәсіби дайындығы мен моральдық қолдауы да аса маңызды.
Жұмыс сапары аясында вице-министр Тараз қаласындағы №5 қалалық емхананың да қызметімен танысты. Емхананың бас дәрігері Динара Сәрсенова мекеменің жұмыс барысы мен көрсетілетін қызметтер туралы кеңінен баяндады. Қазіргі таңда бұл емханада 65 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіледі. Медициналық жабдықталу деңгейі – 97,7 пайыз. Бұл мекеме 2021 жылы құрылған «Үздік тәжірибелер орталығы» аясында отбасылық практиканы, денсаулықты басқару бағдарламаларын және патронаж моделін белсенді түрде енгізіп келеді.
Емхана қоғамдық мониторинг жүйесін жетілдіру арқылы халықтың шағымдарын 55 пайызға қысқартып, тұрғындар сенімін арттырған. Бұл – емхананың ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмысын көрсетеді. Ержан Шәкірұлы емхананың бұл бағыттағы жұмысын жоғары бағалап, алдағы уақытта амбулаторлық қызмет аясын кеңейту мен инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне назар аудару қажеттігін жеткізді.
Жалпы сапар қорытындысында Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне кешенді баға беріп, саладағы қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін нақты ұсыныстар дайындау қажеттігін атап өтті. Медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда реформаларды тереңдету, жаңа технологиялар енгізу, адами ресурстарды тиімді пайдалану және басқару тетіктерін жетілдіру – басты міндеттердің бірі болып қала бермек.
Облыс әкімдігі денсаулық
сақтау басқармасының баспасөз қызметі