– Айдана Сатылғанқызы, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға қандай көмектер көрсетіледі?
– Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдер мен балаларға көмек көрсету мақсатында еліміздің барлық аймағында тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталықтары ашылған. Бұл орталықтар өмірдің қиын кезеңінде адамды алға жетелейді, үміт отын қайта тұтатады. Орталықтағы мамандар қызмет алушының көңілінен шығуға тырысып, жабырқаған көңілін аулайды, көкірегі қарс айырылып, жүрегі қан жылаған әлсізді жұбатады. Бұл ретте мамандар қызмет алушыларға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық қолдау көрсетеді. Әр адамның өмірін қауіпсіз әрі бейбіт өткізуіне жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз. Осындай ауыр, жауапкершілігі мол жұмыстың алдыңғы шебінде жүрген біздің орталықтың ұжымы күн сайын күрделі жағдайға тап болған талай жанға қолдау көрсетіп, олардың жаңа өмірге деген сенімін қайта оятып жүр.
– Орталыққа осы уақытқа дейін және биыл қанша адам қайырылды?
– 2014 жылдың қазан айынан бастап 2025 жылдың 22 қыркүйегіне дейін орталыққа 1 730 қызмет алушы (507 әйел, 1 223 бала) қабылданды.. Былтыр орталыққа 252 қызмет алушы келсе, 71-і әйел, 181-і кәмелет жасына толмаған бала болатын. Ал биыл 268 адам (66 әйел, 202 кәмелет жасына толмаған бала). Осы жылы 90 қызмет алушы (22 әйел, 68 бала) өз отбасына отбасына оралды.
Жалпы орталық 2014 жылдың 22 қазанында ашылған болатын. Бастапқыда 25 төсек-орынға жабдықталған. Қызмет алушылар санының жылдан-жылға артуына байланысты былтыр наурыз айынан бастап 51 төсек-орынға ұлғайтылды.
Қызмет алушылар тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық сынды 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтылған. Сондай-ақ осы стандартқа сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына уақытша тәулік бойы 6 ай мерзімге дейін арналған арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін көрсетеді.
Біздің негізгі міндетіміз – тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдердің жеке басына қауіп төндіретін мәселелерді болдырмай, келеңсіздікті жою үшін бар жағдайды жасап, кешенді қызмет көрсету. Түрлі зорлық-зомбылықтың салдарынан қиын жағдайға тап болған әйелдер мен олардың балаларының әлеуметтік бейімделуіне көмектесіп, қолдау көрсетіп, құқықтық кеңес береміз. Орталықтағы «Сенім» телефоны арқылы да көптеген адам көмекке жүгінеді. Биыл көмек алғандар саны 83 адамды құрады.

Қызмет алушылар келгенде арнайы бөлмеге уақытша орналастырамыз. Сондай-ақ анасы мен кәмелетке толмаған жасөспірім балаларға санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес тұрмысқа керекті заттар беріледі. Қызметкерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тегін медициналық жәрдем алуға, ауруханаға орналастыруға және қызмет алушылардың денсаулықтарына байланысты емдеу жолдарын қарастырады. Жеке басының психологиялық жағдайын түзеу үшін психологиялық диагностика жасалып, күйзеліс пен үрей жағдайларында моральді-психологиялық және психотерапевтік көмек көрсетіледі. Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес тиесілі жеңілдіктерді, жәрдемақыларды, өтемақыларды, алименттер мен басқа да төлемдерді алуға, тұрғын үй жағдайларын жақсартуға жәрдемдеседі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін тергеп-тексеру, сот өндірісі және оны атқару шеңберінде құқық қорғау, сот органдарымен ынтымақтасуға атсалысады. Сондай-ақ қызмет алушының құжаттарын ресімдеуге көмектесіп, келген жері бойынша тіркеу және тұрғын үй құқықтарын қалпына келтіру, ішкі істер, әділет, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру органдары мен мекемелеріне арыз дайындау және беру жолдарын үйретеді. Арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұсынатын және көрсетілетін қызметтерді алушылардың заңды құқықтарын бұзатын немесе шектейтін ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне өтініштер дайындауға және беруге ықпал етеді.
– Бұрын мекеменің заңгері ретінде зорлық-зомбылық көрген әйелдердің сотына да қатысқаныңызды білеміз. Оның ішінде кейбір ерлі-зайыптылардың ісін сотқа жеткізбей, тағы бірін сотта татуластырып жүрдіңіз. Осы жайлы тереңірек сөз қозғасаңыз.
– Жалпы болмашы нәрсеге бола бір отбасының шаңырағы шайқалып, іргесі сөгілмес үшін біз оларды бірінші кезекте татуластыруға тырысамыз.
Орталықта 10 жыл заңгер болып еңбек еттім. Осы уақыт аралығында талай әйелдің өміріне араша болып, әлеуметтік-құқықтық көмек түрлерін көрсеттік. Директордың әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары лауазымын атқара жүріп те қылмыстық істерге заңгерлер палатасының мүшесі ретінде қатысып, әйелдердің құқығын қорғадым.
Заңгер ретіндегі көзқарасымды сөз етсем, бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық әкімшілік іспен қаралатын. Ол кезде кінәлі тарап өздерінің жасаған әрекеттері үшін кешірім сұрайтын. Қателіктерін сот залында түсініп, татуласып та жататын. Тіпті 5-10 тәулікке қамалып келіп жатқанда да өз қателіктерін түсініп, отбасын сақтап қалу үшін әрекет ететін. Ал қазір бәрі басқаша. Қазір заң күшейгенімен, зорлық-зомбылық азайған жоқ. Тіпті өткен жылмен салыстырғанда деректер артып отыр.

Былтыр және биыл орталыққа жүгінген әйелдердің көбісі арыз жазудан бас тартты. Нәтижесінде іс сотқа дейін қысқарып жатты. Күйеуі кешірім сұрамаса да әйелдердің өз еріктерімен кешірім бергенін көрдік. Себебі «қылмыстық іс қозғалады» дегеннен кейін әйелдер күйеуін аяйды әрі балаларының әкесінің сотталғанын қаламайды. «Балаларымның болашағына әсер етеді» деп қорқады. Сөйтіп отбасына оралып жатады. Бірақ өкініштісі, ер-азаматтар нәзікжандылардың сол қадірін түсінбейді. Қосылған соң да жанжал орын алып, зорлық-зомбылық қайталанады. Үйлеріне оралған соң арада бір апта өтпей орталыққа қайта келетіндер де бар.
– Мекеме басшысының орынбасары болдыңыз, қазір директорсыз. Бұрын қандай түйткілдер бар еді? Ал бүгінде қандай мәселелерді шешуді қолға алдыңыз?
– Дағдарыс орталығынан көмек сұрап келетін әр әйелдің жағдайын бақылап, әр маман жеке жұмыс жоспарын құрып, өз міндетін атқарады.
Биыл басшы болып тағайындалып, жауапкершілігім ұлғайған соң «бір пайдам тисін» деген ниетпен жаңа оқу жылында демеуші іздеп, әр әйелдің балаларына материалдық көмек беруге тырыстым. Мектеп жасындағы 23 қызмет алушы балаға облыстық полиция департаменті, «Қамқор жүрек» қоғамдық қоры, «fashionkids_taraz» киім дүкені, «YUSHA», «detskaya_obuv_sabriko» аяккиім дүкендері демеушілік көмек көрсетті.
Әлеуметтік жағдайына қарай жұмыссыз, аз қамтылған, көпбалалы және асыраушысынан айырылған қызмет алушы аналарға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі өкілінің облыс бойынша Адам құқықтарының уәкілі Қуаныш Тілешұлының және облыс әкімдігі білім басқармасының ықпалдасуымен 13 балаға 53 174 теңге бірреттік әлеуметтік көмек көрсетілді. 6 бала Нұрғиса Тілендиев атындаты мектеп-интернатқа, 2 бала Меркі ауданы, Гранитогор кентінде орналасқан көпбалалы және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларына арналған мектеп-интернатқа орналастырылды.
«Мектепке жол» акциясы аясында балаларға кеңсе заттары, мектеп формасы, аяқкиім, мектеп сөмкелері берілді. Сондай-ақ облыс әкімдігі білім басқармасының ықпалдасуымен «Dauletten» қайырымдылық қоры 23 баланы мектеп сөмкесімен және кеңсе заттарымен қамтамасыз етті. Нұрғиса Тілендиев атындағы мектеп-интернат 5 балаға қаржылай көмек берді. «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы арқылы 6 әйел қысқа курс ашып, шаш, бет әрлеу, аспазшы, массаж, логопед туралы білімін дамытты. Балалар да әртүрлі үйірмелерге қатысып, өзін-өзі дамытуға мүмкіндік алды.
– Есіңізде сақталып қалған бір-екі ерекше оқиғаны айтып беріңізші?
– Бірде 3 баланың анасы, өзі жас келіншек орталыққа көмек сұрап келді. Қайын ағасы өзінің досымен бірге ішімдікке тойып алып, бір уақытта келінін зорлауға әрекет жасайды. Киімін жыртып, ұрып-соғып, бейнежазбаға түсіріп «ауылдың чатына саламын» деп қорқытып, күш көрсетеді. Құдай сақтап, келін түн ішінде терезеден қашып шығып, жиналып тұрған бір мая шөптің үстіне өрмелеп кетіп, әрең құтылады. Әлгілер кетті-ау дегенде қайын атасы мен апасына айтады. Үйдің үлкендері: «Ағайын-туыс бар. Бұл оқиға ортамызда қалсын, кешірім бер» деп істі ушықтырғысы келмейді. Бірақ келіннің жай-күйін ойлаған ешкім болмайды. Оның намысын ешкім қорғаған жоқ.
Сот медициналық сараптама тағайындады. Айғақтар анықталды. Қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарына қатыстым. Қайын ағасы өз әркетіне қатты өкінетінін айтып, кешірім сұрады. Бірақ бәрі кеш екені анық еді. Қылмыскер 3 жыл, 5 айға бас бостандығынан айырылды. Ең өкініштісі, бүтін бір отбасы осы оспадар істің салдарынан ойран болды. Ажырасты. Келіншек 3 баласымен ата-атасының қасына Астанаға кетті.
Әке махаббатын сезінбеген, қамқорлығын көрмеген бір қыз 12 жаста ана атанды. Әкесі 3 жасында дүниеден өткен екен. Шешесі 5 баламен жесір қалған. «Балаларымды жетілдіремін» деп жүріп, анасы үйдегі кішкентай қыздың өмірі елеусіз болыпты. Туған әкесінің інілері өз қарындасын 7 жасынан 7-сыныпқа дейін зорлап келген. Тіпті анасы да күмәнданбаған. Анасы мен қызы бір жылға дейін қылмыстық іс аяқталғанша біздің орталықтың қамқорлығында болды. Сол жасөспірім қызға психологиялық қолдау, әлеуметтік көмек көрсетілді. Қазіргі таңда қылмыскерлердің біріне өмір бойына және екіншісіне 20 жылға дейін жазасын абақтыда өтеу бойынша сот шешімі шықты.
– Орталыққа жүгінетін әйелдердің көбі қандай жағдайда зорлыққа душар болады?
– Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық бір отбасының, бір әулеттің мәселесі ғана емес. Мемлекет әйелдерді, балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау үшін жүйелі жұмыс жүргізуде. Балаларға арнайы педагогикалық-психологиялық қолдау орталықтары, облысымыздың әр ауданында отбасын қолдау орталықтары ашылды.
Орталыққа бас сауғалап келетін әйелдердің көбі екінші мәрте отбасын құрғандар десем болады. Сонымен қатар көпбалалы, жұмыссыз, білімі орта немесе тіпті білімі жоқ және ауылдық жерден шыққан әйелдер орталыққа көп қайырылады. Ерте тұрмыс құрғандары да көп. Олар тек жолдастарынан ғана емес, отбасының басқа мүшелерінен, яғни ана-енесінен, қайын ағасынан, қайын әпкесінен теперіш көргендер. Кейбірі тіпті өз үйін паналап барған кезде төркініне сыймай, психологиялық қысымға ұшырап жатады.
Жақында ғана бір әйел 2 баласымен орталықтың көмегіне жүгінді. Жолдасы істі болып, абақтыға түсіп қалған. Ата-енесі күн бермей, қайын әпкесі үйден қуып шыққан. Жас келіннің барар жер, басар тауы, тіпті төркіні де жоқ. Балалар үйінде тәрбиеленген екен. Қолында бір жасқа да толмаған баласы бар. Қазір ол келіншекпен арнайы жұмыс істеп жатырмыз. Баласын тегін балабақшаға, өзін жұмысқа орналастырдық.
– Әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы зорлық-зомбылық деңгейін азайтуға бола ма?
– Бүгінгі таңда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тұтастай қоғамның тұрақтылығына әсер ететін факторға айналды. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің көмегімізге жүгінетіндердің барлығы дерлік қазақ отбасыларынан шыққан ауыл әйелдері. Қалалықтар жоқтың қасы. Сондықтан ауылдағы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар алқасы белсенділік танытып, отбасындағы келеңсіз жағдайлармен жұмыс істесе, зорлық-зомбылықтың алдын алар едік.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа 18-40 жас аралығындағы, көбіне отбасын жаңа құрған, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тәуелді, құқықтық сауаттылықтары төмен әйелдер көбірек ұшырайды. Алдын алу шаралары ретінде облыста бірқатар жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, түсіндіру және профилактикалық жұмыстар мектеп, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында, мемлекеттік мекемелерде өтеді.
Сонымен қатар ведомствоаралық өзара іс-қимыл жолға қойылған. Полиция, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және білім беру мекемелері арасында ақпарат алмасу және бірлескен әрекеттер жүйесі қалыптасқан. Қолданыстағы стандартқа сәйкес дағдарыс орталығына жүгінген азаматтың жеке басының құпиялылығын сақтай отырып, облыстық полиция департаментіне және меморандумға сәйкес облыстық прокуратураға хабарлама беріледі.
Дегенмен әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Көп жағдайда жәбірленушілер қорқып, арыз жазудан бас тартады. Бұл зорлықтың қайталануына әкеліп соқтырады. Сол себепті қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермей, төзімділік мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық сана мен жауапкершілікті арттыру маңызды.
Тыныштық пен өзара сыйластық – мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығының негізі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек мемлекеттік органдардың ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.
– Бұл салада ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген маман ретінде түйгеніңіз көп қой. Осы мәселеге қатысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?
– Ең алдымен ауылдық елді мекен тұрғындарының құқықтық сауаттылығын арттыру қажет.
Одан бөлек оңалту және тәрбиелеу бағдарламалары толыққанды түрде жетілмеген, агрессорлардың мінез-құлқын өзгертуге бағытталған жұмыстар әлі де аз. Сондықтан оларға бағытталған психотерапия, агрессияны бақылау, отбасы терапиясы сынды оңалту бағдарламалары енгізілсе, нұр үстіне нұр болмақ.
Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша барлық фактілерді жүйелі түрде тіркеп, статистиканы аймақтық деңгейде ашық жариялау шарт. Бұдан бөлек, әлімжеттіктің түрлерін талдай отырып, қай аудандарда сондай жағдайлар жиі орын алып жатқанын анықтау керек деп ойлаймын.
– Әділеттілік пен адамгершілік қағидатын берік ұстанып, әйелдер мен балалардың құқығын қорғауға елеулі үлес қосып жүрген білікті заңгер, тәжірибелі басшы, анасыз. Өз жеке өміріңіз туралы да біле отырсақ...
– Жуалы ауданы, Күреңбел ауылында дүниеге келгенмін. 1993 жылы жеті жасқа толғанымда осы елді мекендегі Владимир Ленин атындағы орта мектеп табалдырығын аттадым. 1996 жылы Тараз қаласына қоныс аударып, «Мақсат» атындағы жекеменшік мектепте оқуымды жалғастырдым. Мектепті бітірген соң 2002 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжіне оқуға түсіп, 2005 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік дипломмен аяқтадым. Сол жылы жоғары білімімді жалғастырып, 2008 жылы аталған университетті «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдадым. Ал 2022-2024 жылдары Тараз инновациялық гуманитарлық университетінде «Педагогика және психология» мамандығы бойынша екінші рет жоғары білім алдым.
Еңбек жолымды 2005 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде бас маман қызметінен бастадым. Бұл қызметте кәсіби жауапкершілігімді шыңдап, заң саласындағы жоғары біліктілігімді арттырдым. 2007-2010 жылдары «Халық тәлімі» газетінде безендіруші-оператор болып еңбек етіп, шығармашылық қабілетімді дамыттым. Ал 2012-2013 жылдары әлеуметтік салаға бет бұрып, облыс әкімдігінің жүйке аурулар интернат үйінде кадр жөніндегі инспектор қызметін атқардым.
2014 жылдан бастап еңбек жолым әлеуметтік-құқықтық бағытта өрбіді. Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығында заңгер лауазымында жұмыс істеп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілердің құқықтарын қорғау ісінде үлкен тәжірибе жинақтадым. Көп жылғы еңбектің нәтижесінде былтыр орталық директорының әлеуметтік жұмыс жөніндегі орынбасары, ал биыл орталықтың директоры қызметіне тағайындалдым.
– Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында бірқатар бастамалар мен жобаларды жүзеге асырып келесіз. Осы орайда жеткен жетістіктеріңіз бен марапаттарыңызды да айта отырсаңыз...
– Әр адамның өмір жолы еңбегі мен ұстанымына байланысты қалыптасады. Мен де өмірімнің әр кезеңінде табандылық пен адалдықты серік еттім. Бұл жолмен жүріп өту мен үшін оңай болған жоқ. Бірақ әрбір қиындық – менің шыңдалуыма, тәжірибемнің артуына себеп болды.
Еңбектің еленіп, бағаланғаны кім-кімге болсын ерекше қуаныш сыйлайтыны анық. Мен үшін ең үлкен марапат адамдардың алғысы мен ризашылығына бөленген сәттерім болды. Бір жәбір көрген жанның өміріне үміт сыйласам, соның өзі мен үшін үлкен қуаныш. Кейде бір ғана жылы сөздің адамның тағдырын өзгертіп жіберуге қуаты жетеді.
Ал осы уақытқа дейін алған марапаттарыма қысқаша тоқталып өтер болсам, 2006 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының Құрмет грамотасымен марапатталдым. 2021 жылы облыс әкімінің және Іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының алғыс хаттарына ие болдым. 2023 жылы Айша бибі атындағы «Білім-Инновация» лицейінің ұжымынан алғыс алып, жас ұрпаққа рухани тәрбие беруге қосқан үлесім үшін де құрметке бөлендім. Ал былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы белсенді еңбегім үшін Тараз қалалық полиция басқармасының және «KAZ Production» киностудиясының Құрмет грамотасымен марапатталдым. Сондай-ақ «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн белсенділік» акциясына қосқан үлесім үшін Тараз қаласы әкімінің алғыс хаты берілді. «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» атты республикалық байқауда І дәрежелі диплом мен арнайы орденге ие болуым отбасылық құндылықтарды қорғаудағы еңбегімнің айғағы болғандай әсер қалдырды.
– Отбасыңыз туралы айтып өтіңізші?
– Өмірлік серігім Сәбит Қажымұратұлы Алматы облысында дүниеге келген. Қазіргі таңда Астана қаласындағы Ұлттық қорғаныс университетінің магистранты. Отбасымызда Іңкәр, Ілияс, Арлан, Аяна есімді төрт перзент тәрбиелеп отырмыз.
– Айдана Сатылғанқызы, уақыт бөліп, бізбен әңгімелескеніңізге көп рақмет.
Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ




