
– Жобамыздың басты мақсаты – фермерлердің жұмысын жеңілдету. Мақсатымызға жету үшін «Arduino» аппараттық бағдарламалау құралдарын және «App Inventor» визуалды ортасын қолдандық. Бұл технологиялар арқылы жануарларды тамақтандыру, қалдықтарды қайта өңдеу және энергия өндіру процесін автоматты түрде басқаратын жүйе құрастырып шықтық. Жобаны іске асыру арқылы бірнеше мәселені шешуді көздедік. Ең алдымен электр энергиясына деген тәуелділікті азайтқымыз келді. Сонымен қатар төрт түлікті автоматты түрде қоректендіру арқылы фермерлердің уақытын үнемдеуді және еңбегін жеңілдетуді мақсат еттік. Малдың қиын қайта өңдеп, биогаз өндіру арқылы энергия алу мүмкіндігін де қарастырдық. Табиғи жолмен биогаз өндіру – экологиялық жағынан ғана тиімді емес, шығынды азайтудың бір жолы, – дейді Әдина Әмірқожа.
Жобаның қалай жұмыс істейтініне тоқталсақ, бірінші кезекте жас ғалымдар автоматты қоректендіру жүйесін құрған. Бұл жүйеде жемшөп салатын клапандар белгіленген уақытта өздігінен ашылады, ал арнайы орнатылған пышақтар шөпті ұсақтайды. Мобильді қосымша арқылы фермерлер жануарларды бір ғана батырмамен қоректендіре алады. Сондай-ақ малдың қиынан биогаз өндіретін құрылғы іске қосылады. Бұл биогаз кейін электр энергиясына айналып, ферманың қажеттіліктерін өтеуге көмектеседі. Сол секілді күн панельдері арқылы тұрақты түрде электр энергиясы өндіріледі. Арнайы сенсорлар арқылы жануарлардың қоректену процесі бақыланып, ақпарат экранға шығарылады.
«Ақылды ферма» жобасында қолданылған технологиялар да назар аударуға тұрарлық. Олар «Arduino» микроконтроллері мен түрлі сенсорларды, «Bluetooth» модулін, күн панельдерін және биогаз қондырғысын пайдаланған. Сонымен қатар «App Inventor» арқылы арнайы мобильді қосымша жасап шыққан. Бұл қосымша арқылы бүкіл жүйе смартфон арқылы басқарылады. Бірақ осының бәрін жинақтап, оны дұрыс жұмыс істейтін біртұтас жүйеге айналдыру – үлкен еңбек пен шыдамдылықты талап ететіні айтпаса да түсінікті.
Жобаны дайындаған оқушылар тек теориямен шектеліп қалған жоқ. Өнертапқыш өрендер нақты жұмыс істейтін, өмірде қолдануға болатын жүйе құрастырды. Бұл олардың ізденісі мен еңбегінің нәтижесі.
Жақында талапты қыздар аталған жобасымен 29-31 наурыз күндері Астана қаласындағы «Spectrum» мектебінде өткен «INFORMATRIX-ASIA – 2025» халықаралық компьютерлік жобалар байқауына қатысты. Байқауға 9 мемлекеттен 600 оқушы 250 жобамен қатысқан болатын. Әлемдік деңгейдегі байқауда Аиша мен Әдина «Hardware Control» категориясы бойынша ІІІ дәрежелі диплом мен қола медаль иеленді. Сонымен қатар Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің білім грантын жеңіп алды.
– Біз жобамызды ауылдық елді мекендерді шынайы өмірді өз көзімізбен көріп барып жасадық. Шындығында да мал баққан адамдардың еңбегі өте ауыр. Ерекше айта кетерлігі, көп фермерлер малдарына жемді шашып беріп жатады. Ал, түліктер, әсіресе сиырлар ұсақталған жемді ұнатады. Сондықтан біз ұсынылған технологиялар қатарында жемді майдалайтын арнайы пышақ бар. Ұсақталған жемді сүйсініп жейтін сиырдың сүті де құнарлы болады. Сонымен қатар мал иелері ұзақ уақытқа қонаққа немесе қыдырып кетсе малдары қараусыз қалады. Сол кезде біздің «Ақылды ферма» малды бақылап отыруға мүмкіндік береді. Шаруалар малдарын камера арқылы көріп, жем жеген-жемегенін датчик арқылы анықтай алады. Яғни, қызыл датчик жанса мал ауырып, жемге жоламағанын білдіреді. Егер жасыл жанса түлік қоректенді деген сөз. Қазір бұл жобамызды әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз, – дейді Аиша Жолшыбек.
Өнертапқыш өрендердің жетекшісі Мейрамгүл Батыйханқызы да оқушыларының табандылығы мен жауапкершілігін мақтан етеді.
– Жобаның сәтті шығуына балалардың шын ықыласы мен ізденісі себеп болды. Мен тек бағыт беріп отырдым. «Ақылды ферма» болашақ инженерлер мен зерттеушілердің алғашқы қадамы. Олардың идеясы – ауылшаруашылы саласын жаңғыртуға да үлес қоса аларына сенімім мол, – дейді ұстаз.
Иә, біз де өнертапқыш өнердердің ерекше жобасы ертеңгі күні ауыл өміріне жаңа серпін беріп, ауылшаруашылығын заманауи бағытқа жетелей алатынына сенеміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ