
Айша олимпиада қорытындысынан кейін хаттамаларды қарап отырып, бір есепке 8 балл орнына 10,12 балл қойылғанын байқайды. Алғашында «үнсіз қалсам қалай болар екен?» деп ойлапты. Бірақ кейін «Мұндай жеңіспен басымды тік көтеріп жүре аламын ба?» деп қазылар алқасына барып, өзі лайықсыз жеңіске ұсынылғанын бүкпесіз баяндайды. Олар да қайта тексеріп, қатенің рас екеніне көзі жеткен. Нәтижесінде Айшаға күміс емес, қола медаль табысталған.
Айша химия пәніне қызығушылығы 7-сыныптан бастап артқанын айтады. Тіпті кішкентай кезінің өзінде сода мен сусабынды, ыдыс жуғышты араластырып, тәжірибе жасайтын болған. Әсіресе сусабын мен соданы араластырып, ол денесіне жағылып қалған сәттегі қателігін әлі ұмыта алмайды. Артынан ол қатып қалып, жуғанда кетпей қойған екен. Анасы бір жолы үйінде сірке суы мен соданы араластырып жұмыс істеп жатады. Сода мен сірке суы араласқандағы пайда болған химиялық реакция Айшаға ерекше ұнап, анасының «Жақындама, күйіп қаласың» деген сөзін тыңдамай кейін өзі де қайталап көрген. Сол қызығушылық химия пәніне деген сүйіспеншілігін арттырған.
Білімді оқушы олимпиадада өзіне ең қатты ұнайтын бөлім – эксперименттік тур екенін айтады.
– Теория да керек, бірақ іс жүзіндегі реакциялармен жұмыс істеу тіпті керемет. Мысалы, 9-сыныпта 6 белгісіз затты реакциялар арқылы анықтау тапсырмасы ерекше есімде қалды. Газ бөлінуі, тұнба түсуі, тотығуы – бәрін өз көзіңмен көресің, – дейді А.Ибрагимова.
Соңғы республикалық олимпиададағы қола – Айшаның бүгінге дейінгі ең үлкен жетістігі. Кейіпкеріміз бұған дейін де түрлі аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, талай жеңіске жеткен.
– «Мүмкін ешкім байқамай қалатын шығар?» деген де ой келгенін жасыра алмаймын. Бірақ «адал емес жолмен алған марапат маған керек пе?» деген ой мазамды қашырды. Ақыры шыдай алмай апелляцияға барып, қателікті мойындадым. Әділқазылар ұпайды қайта есептеді, – деп ағынан жарылды Айша.
Айша күн сайын сүйікті ісімен айналысуға тырысады. Сабақтан тыс уақытта да химияға уақыт бөліп, кейде жарты сағат, кейде тіпті 2-3 сағат дайындалады. Әсіресе демалыс күндері көбірек шұғылданады.
Қазір білімді өрен IELTS емтиханына дайындалып жүр. Себебі алдағы арманы – шетелге оқуға түсу.
Айшаның ойынша, олимпиада адамның қай жағынан мықты, қай тұста осал екенін көрсетеді. Ал бәсекелестік өсуге, дамуға түрткі болады.
Адалдықтың ақ туын биік ұстаған Айшаның асқақ армандарының орындалып, білімнің биік шыңынан көрінуіне тілектеспіз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ