
Тарихқа көз жүгіртсек, Алтын орданың құрылуына Талас құрылтайы себеп болса, Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясының тұсауын кесілген. Одан кейінгі құрылтайда Алаш өкіметінің автономия статусын жарияланды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылы қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы өтті. 33 мемлекеттен келген бауырларымыз егемен елдің іргесін кеңейтуді көздеді. Содан бері шетелдегі қазақтардың басын қосқан құрылтай тоқтаған емес және бұл құрылтайдың шалғайдағы қандастардың атамекенге оралуына айтарлықтай ықпал етті.
Тағылымға толы тарихымыздағы осы бір жақсы үрдіс төл жаңа дәуірде қайта жаңғырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ұлттық құрылтай өткізіле бастады. Бұл туралы Президент «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында айрықша тоқталып: «Ұлттық құрылтайдың құрамында еліміздегі барлық аймақтың өкілдері болады. Сондай-ақ, оған Парламенттің бірқатар депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, беделді қоғам қайраткерлері, өндіріс және ауыл шаруашылығы еңбеккерлері, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді. Осылайша, сан түрлі қоғамдық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлттық құрылтай мүшелері маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып отырады» деп атап көрсеткен болатын.
Аталған Жолдауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев негізі бастамалардың бірі ретінде саяси жүйені түбірімен өзгерту керек екендігін айтты. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл халықтың көп жылғы талап-тілегінен туындап отырғанын, азаматтарға мемлекеттік басқару ісіне қатысуға кең мүмкіндік беру, жалпы саяси үдерісті түбегейлі демократияландыру қажеттігін жеткізді. Мұны тиімді жүзеге асыру үшін Ата Заңымызға өзгерістер енгізу, конституциялық реформа жасау керек болды. Сондай-ақ, Президент Негізгі Заңды өзгертудің маңызы өте зор екенін айтты.
Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін саяси жүйе өзгеше сипатқа көшті. Конституциялық реформалар, билік құрылымы өзгерді. Бастысы, жаңа ғасырда жанданған Ұлттық құрылтай тарихи тамырымен біте қайнасқан болатын. Осы орайда алғашқы Құрылтай ұлт ұясы Ұлытауда, кейін түркі әлемінің бесігі атанған Түркістанда, өткен жылы – Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылып, биыл Көкшетау өңірінде өткізілді.
Халық Арқа мен Алатау, Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ жеріміздің әр бөлігінде айтылатын ой-пікірдің бір ортада талқыланғанын қалайтыны ақиқат. Өйткені, ол пікірдің артында ұлттың тағдыры мен болашағы тұр. Әр өңірде, облыста құрылған қоғамдық кеңестер, азаматтық қоғам өкілдері елге қажетті өзекті мәселелерді көтергенімен, ол түйткілдер республикалық деңгейде талқылана бермейді.
Осы ретте, елдік мәселелерді ортаға салып, талқылауда Ұлттық құрылтайдың маңызы өте жоғары әрі салмақты. Алқалы жиында елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешімін табуда.
Құрылтай – құр баратын жиын емес, көптің ойын жеткізетін жер.
Мысалы, Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42 ұсыныс түссе, Түркістанда – 106, Атырауда – 149 ой-пікір айтылған. Яғни, Құрылтай мүшелері де уақыт өте келе, ашылып, халықтың көкейінде жүрген мәселелерді барынша көтеруге тырысып келеді.
Осы орайда, әрбір өткізілген құрылтайларға назар аударып, көтерілген ауқымды мәселелерге көз жүгіртсек. Ұлттық құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысында ұлттық мүдде кеңінен айтылды. Онда Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен жалғасты бастамаларды сөз етті. Әсіресе, митингілер туралы демократиялық заң, партиялық сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесі сөз болды.
Ұлытаудағы жиындағы ең басты шешім 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару болды. Тәуелсіздік күнінің мәнін түсірмей, жаңа датаға басымдық беруді ел құптады.
«Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, Тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы бастамадан кейін, 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітілді. Бұл тарихи және өте маңызды шешім болды. Себебі, еліміздің Тәуелсіздігі осы күннен басталады.
Осылайша, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, қазақстандықтар Республика күнін қайта тойлауға мүмкіндік алды.
Қазіргі «Еңбек адамы» ұғымының бастауы Құрылтаймен тікелей байланысты. Алғашқы отырыста адал еңбектің мәні мен жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ойлар ортаға тасталды. Құрылысшыларға, геологтерге, кеншілерге мемлекеттік наградалар табысталды. Еңбек күні бекітіліп, кәсіби мерекелерді атап өтуге ерекше мән беріліп жатыр.
Ұлытауда қанша жыл түйіні тарқамаған латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болып, Президент асығыс қадам жасауды жөнсіз деп атап өтті. Латын әліпбиіне көшудің лингвистикалық негіздемесін жетілдіріп, қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарағанда ғана жобаға қолдау болатынын айтты.
Ұлттық құрылтайдың Түркістанда өткен екінші отырысында негізіген ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, маңызды институттардың жұмысын жүйелеу сияқты мәселелер қозғалды.
Алқалы жиында Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапаттар әзірленетінін білдік. 2023 жылы «Ел бірлігі» атты жаңа награда мереке қарсаңында белгілі азаматтарға табысталып, кейін тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер жарыққа шықты.
Бұл құрылтайда тарихқа ерекше мән берілгені байқалды. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесі, «Яссауитану» ғылыми орталығын құру, Археология институтын жаңғырту, жеті томдық жаңа тарихты жазу ұсынылды. Қазір бұл идея қолға алынып, тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.
Сондай-ақ, Түркістандағы жиында жастардың рухани азығы мен тән саулығы назардан тыс қалмаған. Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар қалыптасты. Оған қоса, Мемлекет басшысы нашақорлықпен күрестің кешенді жоспары әзірленетінін айтып, есірткімен күрес жұмысын реттейтін арнаулы құжат қабылданды.
Құрылтайда жекелеген мәселелер ғана емес, тұтас өңірлердің тағдыры шешілгенін көрдік. Ұлттық құрылтайда шығыс шекарадағы Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Тақырыпты жер тұтастығы мәселесімен қабыстыра білген Президенттің «шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз» деуі мемлекет ұстанымының нық екенін білдіргендей.
Өткен жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай тақырыбының ауқымы да үлкен болды. Қоғамдағы көптеген түйткілді мәселелер қамтылды. Мысалы, жиында ата-бабасына арнап ескерткіш орнату көбейгені, дәстүрлі емес діни ұстанымдағы азаматтардың құндылықтарға көзқарасы ашық сыналды.
«Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек, – деді жиында сөйлеген Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, осы Құрылтайда лудоманияға шалдыққан қазақстандықтар санының 400 мыңға жуық екені алғаш айтылды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандардың тағдыры кеңес мүшелерін бей-жай қалдырмаған болатын. Нәтижесінде, онлайн ойындарға қатысты арнайы заң қабылданды.
Жалпы, Атыраудағы жиынның да халық үшін берері мол болды. Дәл осы үшінші отырыстың аясында 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды. Сол жылы Мемлекет басшысы тұрғын үймен қамтуға арналған жоба жүзеге асатынын айтып, «Наурыз» бағдарламасы іске қосылды. Мұның барлығы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар болатын.
Бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен бірқатар заң қабылданыпты. Атап айтсақ, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заңдар қабылданды. Бұл қатарға вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды. Оған қоса, заңға есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулер енгізілді.
Бұдан өзге де өзгерістер жетерлік. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылуы – Ұлттық құрылтайдың жемісі. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе беріліп, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайтарылды. Елге елеулі еңбек етіп, үлкен туындыларды дүниеге әкелген қаламгерлер Қазақстаннның халық жазушысы атанды.
Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда да Президент халық көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, талас-тартысы көп тақырыптардың нүктесін қойды. Отырыста құрылтай мүшелерінен де көптеген ұсыныс түсіп, оның бірқатары Президент тарапынан қолдау тапты.
Көтерілген бастамаларды жүзеге асыру туралы жоспарға қол қойылды. Бұл жөнінде «53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірледі. Жоспарда Президенттің гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы тапсырмаларын орындауға қатысты нақты қадамдар көзделген», - деп атап өтті Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.
Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын іске асыру барысында нақты жұмыстар жүзеге асатын болады. Атап айтқанда, «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын, ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарын қабылдау, Ұлттық цифрлық архив құру, бизнес өкілдерін тарта отырып аймақтарда театрларды салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету, шетелде Абай институтын ашу, Халықаралық биологиялық әралуандықты қорғау қорын құру қарастырылған.
Ал әлеуметтік-экономикалық жобалардың ішінен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту, ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құру, өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу көзделген. Сонымен қатар 2025-2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу, алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу сияқты маңызды міндеттер бар.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай мүшелері тарапынан көтерілген қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен ұлттық болмысымызға жат идеологияларға, түрлі алаяқтық әрекеттерге тосқауыл қою, отандық кино және анимация өндірісіне идеологиялық тұрғыдан мән беру, әйелдер колониясындағы жағдайды түзеп, қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңнаманың жүкті немесе кәмелет жасқа толмаған балалары бар әйелдерге қатысты тұсын қайта қарау, кәсіптік- техникалық колледждерді дамыту ісінде жаңа мамандықтарға сұраныс пен еңбек нарығындағы жағдайды ескеру секілді өзекті мәселелерге қолдау білдіріп, өз ойын ортаға салды.
Мемлекет басшысы салық реформасы, ономастика саласы, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарды дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстың кемшін тұстарына назар аударып, ішкі саясаттағы ауқымды идеологиялық жұмысты жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлеуді тапсырды.
Сондай-ақ Абай Құнанбайлының 180 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай институтын Конфуций, Гете, Сервантес институттары сияқты халықаралық деңгейдегі мәдени-ағарту мекемесіне айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды жүктеді.
Президент Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамаларын қолдау, құжат түріндегі мұраларымызды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» тізіміне енгізу, төл болмысымыз бен мәдениетімізді айшықтайтын ұлттық цифрлық мұрағатты жасанды интеллект жүйелеріне кіріктіру, тарихи зерттеулерді жандандыру міндеттерін айқындады.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының жұртшылық алдындағы сөзінің бір бөлігі елімізде жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларға арналды.
Президенттің айтуынша, мемлекеттің ең басты міндеті – аймақтардың экономикалық өсіміне түрткі болатын және өңірлердің дамуындағы теңсіздікті жоятын бастамаларға баса мән беру. Бұл ретте биыл экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемі екі есе, яғни 8 триллион теңгеге дейін ұлғаймақ. Мемлекет басшысы өңірлердегі білім беру, денсаулық сақтау, туризм және спорт салаларын дамыту жобаларына кеңінен тоқталып, оларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асыру маңызды екенін ескертті.
«Қуатты аймақтар – қуатты ел» ұстанымы – менің саяси бағдарымдағы мызғымас қағиданың бірі. Үкімет осы қағиданы негізге ала отырып, облыстардың еншісіндегі әлеуметтік салықты сақтап қалу туралы шешім қабылдады. Алайда облыс әкімдері бюджет қаржысын үнемдеп, тиімді пайдалануы керек. Елге пайдасы тиетін әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық беру қажет. Бүгін айтылған бастамалар мен жобалар аймақтардың біркелкі дамуына ықпал етіп, еліміздің одан әрі өркендеуіне жол ашады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ, Құрылтайда айтылған бастамалар негізінде шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданады.
Жалпы, Президенттің Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында көтерген бастамалары мен берген тапсырмалары мемлекеттік органдар үшін де, бүкіл қоғам үшін де еліміздің ұзақ мерзімге арналған даму бағдарын айқындайтын болады.
Президент Ұлттық құрылтайда айтқандай, қазір адамзат жаңа дәуірдің сипаты айқындалатын тарихи жолайрықта тұр. Алға қарай қарыштап дамуға Қазақстанның мүмкіндігі жетеді. Біз еліміздің әлеуетін нығайта түсуіміз керек, яғни азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асатын және ең бастысы, мәселені тиімді шеше алатын әлеуеті мықты ел болуымыз қажет. Сондықтан білім мен инновацияға негізделген дамыған әрі жоғары технологиялық экономика құруға тиіспіз. Мұның бәрі азаматтар үшін жасалады. Себебі адам – біздің мемлекетіміз үшін ең басты құндылық.
Біздің ұлтымыздың арман-мұраты Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстанды құру идеясынан бастау алады. Мемлекетіміздің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты.
Біз баршаға және әркімге зор мүмкіндік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Бұл – әр азамат өз қабілетін шыңдап, адал еңбегімен отбасын асырай алатын ел болу деген сөз.
Осы ретте, ел тағдыры мен болашағын баянды ету жолында Ұлттық Құрылтай - дала демократиясын түлетіп ғана қоймай, жаңару мен жаңғырудың символына айналары сөзсіз.
Асан ТІЛЕМІСОВ