Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сәлем салу айып па?

Сәлем салу айып па?
Ашық Дереккөз
Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері ұлттың болмысын, мәдениеті мен құндылықтарын айқындайды. Соның ішінде келіннің үлкендерге құрмет көрсетіп, иіліп сәлем салуы – қазақ отбасының беріктігін сақтап, сыйластықты арттыратын маңызды дәстүрлердің бірі. Бұл – келіннің жаңа әулетке сіңісіп, өз орнын табуына, үлкендерге ізет көрсетуіне бағытталған тәрбиенің бір көрінісі.

Алайда, бұл дәстүрге қатысты түрлі пікір бар. Мәселен жуырда танымал продюсер Баян Мақсатқызы қазақ келіндерінің сәлем салу дәстүрін қабылдай алмайтынын ашық айтты.

– Маған ертеректе ешкім үлкендерге сәлем салу керек деп айтпаған. Алматыға келгенімде Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салғанын көргенде таң қалдым. Сонда не үшін иілесің десем, олар «солай болуы керек» дейді. Бірі бұл сыйластықтың белгісі екенін айтты. Мен де үлкендерді құрметтеймін. Алайда иіліп сәлем салған емеспін. Маған оны үйретпеген, мені әжем еркін өсіріп, тәрбиелеген, – дейді ол.

Баян Мақсатқызының бұл пікірі қоғамда қызу талқыланып, сынға да ұшырады. Желі қолданушылары оның қазақтың дәстүріне қарсы пікір білдіруін құп көрмей, өз қарсылықтарын білдірді. Көпшілік үшін сәлем салу – үлкендерге құрмет көрсетудің белгісі. Қазақ дәстүрінде келіннің иіліп сәлем салуы оның тәрбиелілігі мен инабаттылығын көрсетеді. Бұл әрекетті үлкендер ризашылықпен қабылдап, келінге ақ батасын береді.

Сәлем салу дәстүрі тек қазақ халқына ғана емес, әлемнің басқа да халықтарына тән. Мысалы, Ұлыбритания корольдік отбасында да жаңа түскен келіндер үлкендерге құрмет ретінде иіледі. Сонымен қатар, Жапония, Корея, Үндістан сияқты елдерде де иілу – сыпайылықтың және құрметтің белгісі. Демек, бұл дәстүр қазақ халқына ғана емес, көптеген мәдениеттерге ортақ құндылық екенін көрсетеді.

Қазақ қоғамында келіннің сәлем салуы – үлкенге құрмет, кішіге үлгі боларлық ізеттің белгісі. Бұл дәстүрдің мәні мен маңызын түсіндіру үшін көпті көрген қазақ аналарының пікіріне жүгінген жөн.

– Мен өзім оңтүстік өңірде өстім. Ата-енемнің қолында тұрдым. Біздің шаңырақта келіндер сәлем салған, мен де сәлем салдым, қыздарым да осы дәстүрді жалғастырып келеді. Бұл – құрметтің белгісі. Біз сәлем салған кезде үлкендер батасын береді. «Өркенің өссін, қарағым!» деген ақ тілекті естудің өзі жүрекке жылу береді. Сәлем салу – бас ию емес, ар-намысты аяққа таптау емес. Керісінше, келіннің үлкенге деген ізеттілігін көрсетеді. Біреуге күшпен жасату дұрыс емес, бірақ дәстүрді мансұқтау да жөн емес деп ойлаймын, – дейді көпбалалы ана Гүлсінай Ізбасханова.

Гүлсінай ханымның пікірінше, келіннің сәлем салуы – оның инабаттылығын, тәрбиесін көрсететін көркем мінездің белгісі. Бүгінде кейбір жастар оны көнерген әдетке балап, қабылдамауы мүмкін. Бірақ кез келген дәстүрдің астарында ұрпақтар сабақтастығы, тәрбиелік мән жатыр. Сондықтан әрбір келін өз жүрегінің қалауымен жасаса, оның еш әбестігі жоқ.

Қазақ аналарының айтуынша, бүгінде дәстүр мен жаңашылдық қатар дамып келеді. Осы ретте Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері Фарида Метерқұлова сәлем салу дәстүріне қатысты өз пікірін білдірді.

– Қазіргі таңда қоғамда «заманауилық» пен «ұлттық дәстүр» деген екі ұғым жиі талқыға түсіп жатады. Кейбіреулер жаңа заманға сай болу үшін дәстүрден бас тарту керек деп ойлайды. Бірақ бұл – дұрыс көзқарас емес. Заманауи болу – ұлттық құндылықтардан алшақтау деген сөз емес. Біз, керісінше, дәстүрлерімізді дәріптеп, оны бүгінгі қоғаммен үндестіре білуіміз керек. Сәлем салу – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі. Бұл – келіннің өзін төмендетуі емес, үлкендерге деген құрметі, тәрбие көргендігінің белгісі. Қазақ мәдениетінде үлкенге құрмет көрсету – басты құндылықтардың бірі. Жасы үлкен адамның алдында ізет көрсету, ілтипат білдіру – тәрбиенің негізі. Біз қазір жаңашылдыққа ұмтылып, көптеген дүниені өзгертіп жатырмыз. Бірақ ұлттық болмысымызды ұмытпауымыз керек. Егер біз дәстүрімізден толықтай ажырайтын болсақ, ұлттық рухымыз әлсірейді. Сондықтан заман ағымына сай даму мен ұлттық құндылықтарды қатар алып жүру – бүгінгі күннің басты талабы, – деді Ф.Метерқұлова.

Маманның пікірінше, дәстүр мен жаңашылдық үйлесімді болғанда ғана ұлттың рухани тұтастығы сақталады. Сәлем салу сияқты тәрбиелік мәні терең дәстүрлерімізді дәріптеу – қазақ мәдениетінің өркендеуіне қосылған үлес.

Шариғат тұрғысынан алғанда, бұл мәселе ғалымдар арасында әртүрлі пікір туғызады. Алайда, көптеген дінтанушылар сәлем салудың құлшылыққа жатпайтынын, оның тек құрмет көрсету үшін жасалатынын алға тартады. Ибн Муфлиһ әл-Мәқдиси: «Иіліп сәлем беру – рұқсат. Себебі ибн Омар Шам еліне барғанда жергілікті өзге дін өкілдері оған иіліп сәлем бергенде, оларға тыйым салмады», деген. Яғни, егер бұл әрекет құлшылық ниетінде емес, тек үлкенге құрмет көрсету мақсатында жасалса, оның шариғатқа қайшы еместігі айтылады.

Қазақ халқы ежелден үлкенді сыйлау дәстүрін берік ұстанған. Сондықтан сәлем салуды мәжбүрлеу емес, келіннің өз қалауымен жасайтын құрметі деп қабылдау керек. Кез келген дәстүр заман талабына сай өзгеруі мүмкін, алайда оның түпкі мәнін жойып жіберуге болмайды. Бүгінде қоғамда әртүрлі пікірлер айтылғанымен, қазақ отбасындағы сыйластық, үлкенге құрмет көрсету, отбасы құндылықтарын жоғары қою ешқашан маңызын жоғалтпайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар