
Мәселен, бұрын сүттің сапасы мен табиғилығына күмән келтірмейтін болсақ, бүгінде «сүтке су қосады екен» деген әңгіме жиі естіліп жүр. Бірі құрттың ағарып тұруы үшін оған әк қосса, енді бірі көлемін ұлғайту мақсатында «левкас» (құрылыс материалы) араластырудан да тайынбайды. Соның салдарынан бүгінгі күні нарықта сатылып жүрген құрттардың дәмі бұзылып, майлылығы азайып, тіпті сүттің құнары мүлде жоғалған. Әсіресе дүкендерде сатылатын құрттардың сапасы сын көтермейді. Себебі дүкендер көбіне белгілі бір өндірушімен ғана емес, бірнеше фирмамен келісімге отырып, өнімнің сапасын терең зерттемей, тек сауда айналымын арттыруға басымдық береді. Сатушылармен жүргізілген әңгіме барысында дүкен иелері бұл мәселе бойынша ашық жауап беруден тартынып, тауарлардың сапасын тексермейтінін алға тартты. Бүгінде дүкен сөрелерінде құрттардың қапталған әрі бірнеше данасы біріктірілген түрі 400 теңгеден басталса, жекелей сатылатын құрттар 150 теңгеден саудалануда. Дегенмен сауданың негізгі орталығы – базар екені белгілі. Бұл жердегі құрттар әр аймақтан, әсіресе ауылдық жерлерден жеткізіледі. Бірақ олардың сапасы мен табиғилығы қаншалықты сақталатыны үлкен сұрақ күйінде қалып отыр.
– «Ауыл Береке» базарында ұзақ жылдар бойы құрт саудасымен айналысып келемін. Сауда барысында менің сенімді серіктестеріме айналған жеткізушілерім – қаладан алыс орналасқан бірнеше ауылдың тұрғыны. Олар маған құртты тұрақты түрде ірі көлемде жеткізіп отырады. Алғашқы келісім жасасқан сәттен бастап өнім сапасының жоғары болуы керектігін баса айтқанмын. Осы уақытқа дейін жеткізілген құрттың сапасына қатысты ешқандай олқылық орын алған емес. Сатып алушылар тарапынан да ешқандай шағым түскен жоқ. Керісінше олар риза болып, үнемі қайта айналып келеді. Бұл мен үшін аса маңызды, сондықтан өнім сапасын мұқият бақылап, әрдайым қадағалап отырамын, – дейді саудагер Айпарша апай.
Базардағы кез келген сатушыны сөзге тартсаңыз, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай құртын мақтап ала жөнеледі.
Сүт өнімдеріне деген сенімсіздік құртқа ғана қатысты емес. Қарапайым ірімшіктің өзіне химиялық қоспаларды қосса, айран құрамынан сүтке қарағанда суды көп кездестіреміз. Ал ашытылған қымыздың иісі спиртке ұқсайтыны белгілі. Алайда спирт қосып, ашытылатын қымызға не дейміз? Соңғы 2-3 жылдықта елімізде «Балқымыз» деп аталатын қымыз түрі сатыла бастады. Алғашында балдай болған қымыздың қазіргі дәмі бәріне мәлім шығар.
– Алғашқы кездері «Балқымыздың» бағасы 700-800 теңгеден аспай, қолжетімді болғандықтан, күніне кемінде үш бөтелкесін тауысатын едім. Алайда уақыт өте келе ағзамда түрлі өзгерістер байқалып, әсіресе бас ауруы мен асқазанымдағы жайсыздық күшейе түсті. Бастапқыда аса мән бермегеніммен, бұл белгілер жиілеп, денсаулығыма айтарлықтай кері әсер ете бастағанын аңғардым. Осы мәселеге алаңдап бірден дәрігерлерге қаралдым. Жүргізілген зерттеулер мен мамандардың қорытындысы бойынша балқымыздың құрамындағы спирттің менің ағзама кері әсерін тигізетіндігі анықталды. Бұл күтпеген жаңалық болды. Сол себепті денсаулығымды сақтау мақсатында бұл сусынды тұтынуды толықтай тоқтатуға мәжбүр болдым, – дейді қала тұрғыны Сәбит Жаңабаев.
Осы ретте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарласып, тұрғындар тарапынан түскен шағымдар мен өнімдердің сапасын бақылау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрадық.
– 2024 жылы сүт және сүт өнімдерінің сапасына бақылау жүргізу мақсатында арнайы мониторинг ұйымдастырылып, оның аясында бақылау сатып алу әдісі қолданылды. Бұл шара барысында нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен стандарттарға сәйкестігін анықтау мақсатында 80 түрлі сынама іріктеліп алынды. Жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалардың нәтижесінде аталған сынамалардың 26-сы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Оның ішінде 23 сынама таңбалау талаптарының бұзылуына байланысты, ал 6 сынама майқышқыл құрамының белгіленген нормативтерге сай келмеуіне байланысты стандарттарға сәйкес емес деп танылды. Осы анықталған кемшіліктерге байланысты шұғыл шаралар қабылданып, өнімнің нарықтан кері қайтарылуын қамтамасыз ету үшін тиісті органдар тарапынан 6 қаулы шығарылды. Нәтижесінде сапа талаптарына сай келмеген 52,6 келі сүт және сүт өнімдері сауда айналымынан алынып тасталды. 2025 жылы да бақылау сатып алу жұмыстары жалғасын тауып, зерттеу мақсатында 9 сынама, оның ішінде 1 сынама қымыз өнімінен алынған. Аталған сынамаларға қатысты санитариялық-эпидемиологиялық сараптамалар әлі де жүргізілуде және олардың нәтижелері алдағы уақытта белгілі болмақ, – дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Қордабайқызы.
P.S Маман келтірген деректер де сүт өнімдерінің сапасы сын көтермейтінін растап отыр. Сол себепті саудагерлер мен жеткізушілер осы жағына мән берсе екен дейміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ