
Ол кезде балықтың түр-түсін ажырата алмаймыз, атын да білмейміз. Суды қақ жарып жүзіп келе жатқан балықты көргенде ұрып алу ойымен таяқпен салып кеп қаламыз. «Шалп» еткен дыбыс шығады да су бетімізге шашырайды. Әйтеуір улап-шулап, сол күні кешке дейін алаөкпе болып балық қуалағанымыз есімізде. Ересектер жағы үш-төртеуін олжалап, бір балықты «екеуара біреу» деген ережемен әр екі бала бір балықты қақ ортасынан бөліп алғанбыз. Өсе келе біз барған жер Қызыләуіт ауылы мен оның айналасындағы егісті суландыру үшін қолдан жасалған «Шұқырәуіттің» құймасы екенін білдік. Қазір ойласам, біз сол су жайылған жерге мамыр айының арғы-бергі жағы, яғни балық уылдырық шашатын кезде барған болып тұрмыз ғой. Бұл енді баланың тірлігі. Алайда балық аулауға тыйым салынған уақытта заңбұзушылыққа бас пайдасы үшін саналы түрде дайындалып баратын адамдар баршылық. Өйткені уылдырық шашатын кезде балық азайып, нарықта баға біршама қымбаттайды, ал мұндай ұрымтал сәтті бөтен ниеттегілер пайдаланып қалғысы келетіні анық. Бірақ мұның балықтардың табиғи жолмен көбеюіне кедергі келтіретін заңсыз әрекет екені баршаға белгілі.
Өңірде уылдырық шашу кезінде табиғат байлығын қорғау, балық қорының молаюына күш салу Шу-Талас облысаралық балық инспекциясының құзырында. Дәл осы балық уылдырық шашатын кезеңде бақылау күшейтілмесе, заңсыз балық аулау белең алып, тіпті кейбір балық түрі жойылып кетуі де мүмкін. Аталған инспекция басшысының орынбасары Қанатбек Заурбековтің айтуынша, облыста 131 су айдыны болса, оның 94-і табиғат пайдаланушыларға бекітіліп беріліпті. Ал 37 су айдыны әлі бос тұр, яғни ол көлді пайдаланып отырған кәсіпкер жоқ.
– Облыстың өзен-көлдерінде балықтың сазан, көксерке, тұқы, жайын, берш, шортан, ақамур, ақмарқа, жыланбас, қаракөз, қызылқанат шұбар балық, мөңке, табан, алабұға, торта деген сияқты балық түрлері мекендейді. 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында облыс аумағында балықтардың уылдырық шашу кезеңі басталады. Осыған байланысты барлық көлдер мен каналдарда балық аулауға қатаң тыйым салынады. Су айдындарын қорғау мақсатында қорықшылар тұрақты күзет жүргізеді. Шу-Талас облысаралық балық инспекциясының қызметкерлері аталған мерзімде күндіз-түні рейдтер ұйымдастырып, заңсыз балық аулау әрекеттеріне жол бермеуге күш салады. Қазірдің өзінде 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында балық аулауға болмайтыны туралы халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, БАҚ беттерінда материалдар жарияланып, брифингтер ұйымдастырылуда. Мақсат – құқықбұзушылықтың алдын алып, су айдындарында табиғат байлығын қорғау шараларын күшейту, экологиялық тұрақтылықтың сақталуына үлес қосу, – деді Қанатбек Заурбеков.
Осы инспекцияның мемлекеттік инспекторы Нұржамал Кұлбаева облыста «Уылдырық шашу» науқанының алғашқы кезеңі жүріп жатқанын айтады.
– Жыл сайын балықтардық уылдырық шашу кезеңі, яғни 1 наурыздан бастап 1 шілдені қоса алғандағы аралықта Билікөл, Бөгеткөл және Ақкөл көлдерін өзара байланыстыратын Аса өзенінде және оның құймаларында балықты қорғау жұмыстары жүргізіледі. 15 сәуірден 31 мамырды қоса алғандағы аралықта Шу-Талас бассейнінің басқа су айдындарында, 15 сәуірден 30 маусым аралығында «Тасөткел» суқоймасынан жоғары орналасқан Шу өзенінде, оның құймаларында және Талас өзенінде балық аулауға тыйым салынған. Қарапайым тілмен айтқанда, дәл қазіргі кезде 2 шілдеге дейін Аса өзенінде, Билікөл-Бөгеткөл-Ақкөл арасын жалғайтын өзен арналарында балық аулауға рұқсат жоқ. Қалған су айдындарында тыйым салу уақыты 15 сәуірден басталады. «Уылдырық шашу» акциясын ұйымдастыру бойынша осы айдың басында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, табиғатты қорғау прокуратурасы, табиғатты қорғау полициясы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы секілді басқа да мүдделі мекеме мамандарының қатысуымен талқылау жиын өткізілді. Акцияны өткізу кезеңінде құқық қорғау органдарымен, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен, «Охотзоопром» өндірістік бірлестігімен, мамандандырылған «Сапсан» жедел тобымен, балық шаруашылығы субъектілерімен балық ресурстарын заңсыз аулау, сату, сатып алу, иемдену, сақтау, өткізу, және тасымалдау фактілеріне жол бермеу, тыйым салынған балық аулау құралдарын заңсыз саудалау деректерін анықтау, бірлескен профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізу жоспарланды. Әуесқой балық аулауға келсек, балықшаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің резервтік қорында әуесқой балық аулау бір балықшыға бір шыққанда 5 келіге дейін ақысыз қандай да бір рұқсатсыз жүзеге асырылады. Әуесқой (спорттық) балық аулау әртүрлі жабдықтармен (жылтырауық, мормышка, воблер, мушка және басқа да еліктіргіштер) қамтылған құралдардың барлық түрлерімен, сондай-ақ лақтырма қармақтармен және жерлицалармен жүргізіледі. Балық аулау кезінде сүзекі тек көмекші құрылғы ретінде пайдаланылуы мүмкін, – деді Нұржамал Төлебайқызы.
2024 жылы уылдырық мерзімі кезеңінде заңмен тыйым салынғандығына қарамастан қаскөйлік мақсатта балық аулағандардың барлығы да заңды жазаға тартылыпты. Атап айтқанда, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының жүргізген рейдтік шаралары барысында Шу ауданындағы «Тасөткел» су айдынында бір оқиға орын алыпты. Онда балық аулауға тыйым салынған аулау құралы, яғни синтетикалық полиамидті моноталшықтан жасалған, ұзындығы шамамен 50 метр торды суға салып, балық аулап тұрған жерінде К деген азамат қолға түскен екен. Ұсталған азаматтан 7 келі мөңке балықтары, ұзындығы 20 метр синтетикалық моноталшықтан жасалған тор тәркіленіп алынды. Табиғатқа келтірген залалы 16 845 теңгені құрапты. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 383-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалып, сотқа жолданған. Сот қаулысымен азамат кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша әкімшілік жаза ретінде 51 688 теңге айыппұл салынған.
– Мұндай оқиға айта берсе жетерлік. Былтыр сәуір айында Жамбыл ауданына қарасты Билікөл-Бөгеткөл және Ақкөл көлдерінің арасын байланыстыратын Аса өзенінде азамат А. тыйым салынған мерзімде балық аулауға тыйым салынған аулау құралы, яғни шанышқымен заңсыз балық аулап жатқан жерінде ұсталды. Ол сол кезде 7,2 келі мөңке балықтарын аулап үлгерген екен. Балығы да, шанышқысы да тәркіленді. Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 383-бабы 3-бөлігімен әкімшілік іс қозғалды. Сот азамат А-ны кінәлі деп танып, оған аталған бап бойынша әкімшілік жаза ретінде 73 840 теңге айыппұл салу жазасын қолданды. Инспекция тарапынан заңсыз балық аулайтындардың жолын кесу мақстатында қазіргі кезде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде, – дейді Н.Құлбаева.
Негізі браконьерлер Ақкөл, Билікөл секілді ірі көлдерді торуылдайтыны белгілі. Осы ретте біз «Шағын су айдындарында да заңсыздыққа жол беріле ме?» деген сұрақты Байзақ ауданы, Жетібай ауылы маңындағы Багара-2 су айдынының иесі Руслан Изделюповке қойдық.
– Менің шаруа қожалығыма аумағы 20 гектар ғана тоған мен 24 гектар суармалы жер тіркелген. Алқапқа егін егіп, қолымдағы малыма азық етсем, тоғанды әуесқой балықшыларға жалға беріп отырмын. Бір адамға жолдама 4 мың теңгеге беріледі, оған бес келіден артық балық ұстауына болмайды. Браконьерлер қай жерде болса да бар. Мысалы, уылдырық шашатын кезең болсын, болмасын көлігімен келіп, қайығымен суда заңсыз балық аулайтындар бар. Күдіктеніп, қасына барғаныңда қайықта артық зат болмайды. Егер ол адам тоғанда балық ауламаса, басқа не істейді? Демек, олар қолындағы құралдарын біз келе жатқанда байқатпай суға лақтырып жібереді. Оларды ұстау қиын, – деген Руслан Закарұлы иелігіндегі су айдынын 4 адам арнайы бақылайтынын жеткізді.
Білгеніміздей, браконьерлер тек үлкен су айдындарында ғана емес, кішігірім тоғандарда да жүреді. Сондықтан уылдырық шашу кезеңінде кез келген судағы балықтарды қорғауды бір сәтке де назардан тыс қалдырмау керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ