«Баға ал да, бонус ал» акциясы 2023 жылдың қыркүйек айынан бастау алған. «Kundelik» платформасымен бірлескен жоба алғашында 5-11-сынып оқушыларын қамтып, үздік атанғандарға 10 балл үшін 100 теңге бонус берілген.
Алайда биылғы жылдан бастап ереже өзгертіліп, барлық өңірден озат 1000 оқушы іріктеліп, жеңімпаздарға 100 мың бонус берілетін болады. Сонымен қатар қатысу кеңістігі ұлғайып, жобаға бастауыш сыныптары, яғни 2-4-сынып оқушылары да қосылған. Бұл жөнінде толық мәлімет алу үшін «Halyk» банкінің мамандарына хабарласып, мән-жайды анықтап көрдік. Сұрақтарымызға жауап берген Дильназ Біржан биылдан бастап жоба форматы өзгергенінен хабардар етті.
– Ең әуелі жобаға қатысу ережесімен таныстырып өтейін. Алдымен «Halyk» қосымшасын жүктеп, «Басты бет» бөлімінде «Halyk Easy. Балаға карта ашу» баннерін басу керек. Содан кейін баланы таңдап, ұялы телефонының нөмірін көрсетуі тиіс. Осы пәрмендер орындалғаннан кейін баланың атына карта ашылып, қосымшаға кіру үшін телефонына уақытша SMS-пароль жіберіледі. Сонымен қатар «Bilimal» сайты арқылы да карта ашуға болады. Яғни осы сайтқа кіріп, ата-ананың есептік жазбасымен авторизациядан өтіп, «Баға ал да, бонус ал» жарнамалық баннерін басу қажет. Қажетті жеке деректерді, баланың ЖСН және телефон нөмірін көрсетіп, сәйкестендіруден өткеннен кейін бала атына карта ашылады. Сондай-ақ банкке бағаларды беру туралы келісімді рәсімдеу жолдарын тілге тиек етейін. «Kundelik» қосымшасын қолданатын оқушының ата-анасы банк қосымшасына кіріп, басты бетіндегі «Kundelik.Pro» батырмасын басып, логині мен паролін енгізгеннен кейін тізімдегі оқушының жанында «Картаны ашу» батырмасын басып, қажетті деректерді енгізіп, нұсқаулық шарттарын орындауы қажет. Нәтижесінде бала «Бағалар үшін бонустар» бағдарламасына қосылады. Оқушы бағдарлама шарттарын орындаған кезде ай сайын ұтыс ойынына қатыса алады. «Bilimal» жүйесін қолданатын оқушының ата-аналары үшін де ереже осындай. Яғни «Bilimal» сайтындағы «Баға ал да, бонус ал» жарнамалық баннерін басып, қажетті жеке деректер мен баланың ЖСН нөмірін және ұялы телефон нөмірін көрсетіп, сәйкестендіруден өтіп, бағаларды беруге келісімді рәсімдеуден өтеді. Оқушылар ұтыс ойынына қатысатынын «Halyk» қосымшасы арқылы біле алады. Ол үшін «Шоттар» бөлімін таңдап, «Halyk Easy» картасы мен нұсқаулығын басып, жеке сәйкестендіру нөмірін енгізуі керек, – дейді Дильназ Бақтыбекқызы.
Банк қызметкерінің айтуынша картаға түскен бонустарды кез келген сауда-саттық орталықтарында пайдалануға болады.
– Оқуда озат болған 1000 мың оқушыны банк автоматты түрде таңдайды. Яғни үздік деп танылған оқушыларға 100 мың бонус беріледі. Бұл ұтыс ойыны ай сайын жүзеге асады. Ұтыс ойынына қатысушылар тізімін қалыптастыру кезінде бонустық шоты бұғатталған, картасы жабылған оқушылар мен білім беру платформалары банкпен ынтымақтаспайтын басқа өңірлердің оқушылары қатыса алмайды. Жеңімпаздар банктің арнайы сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады. Балалар жеке картасы арқылы кез келген төлем жүйелерін орындай алады. Картаға түскен бонустарды QR кодына тіркелген барлық сауда орталықтарына жарата алады, – деді Д.Біржан.
Демек ай сайын 1000 оқушыға 100 мың бонустан берілсе, бір айда жалпы сомасы 100 миллион бонус оқушылардың жеке картасына түседі. Бір оқу жылында 900 миллион бонус жеңімпаздардың шотына аударылады.
Осы орайда жоба жайлы ата-аналармен де тілдесіп көрдік. Бірі бұл жоба туралы естімеген болса, енді бірі жеңімпаз атанып қалармыз деген үмітпен отыр. Мәселен Тараз қаласының тұрғыны Әйгерім Кадырқызы 5 баланың анасы. Оның айтуынша бір айда 100 мың бонус берілсе, ол үшін үлкен жеңілдік болар еді.
– Бес баламның үшеуі мектепте оқиды. Үлкен ұлым жетінші, екіншісі бесінші, үшіншісі үшінші сыныпта білім алады. Көрші келіншек мұғалім болып жұмыс істейтіндіктен бұл жоба жайлы толық түсіндіріп берді. Үш балама да жеке карта ашып, жобаға қатысушы ретінде тіркеп қойдым. Балаларым сабақтарын жақсы оқып жүр. «Баға ал да, бонус ал» акциясында айтылғандай 1000 оқушының арасына балаларым енсе, мен үшін үлкен қуаныш болар еді. Себебі олардың мектепке қажетті заттарын сатып алу үшін осы бонустарды қолдануға болады екен. Бір жағынан жеңілдік болары сөзсіз. Алайда таныстарымнан бұл бонусты алғандар жайлы мүлдем естімедім. Дегенмен үміт басым, – дейді қала тұрғыны.
Иә, баланың болашағына алаңдау, олардың оқуға деген ынтасын арттырып, қаржылық сауаттылығын да жетілдіру әр адамның мақсаты екені анық. Дегенмен айтылған сөз бен бастау алған жоба нақты іске асырылса деген ниеттеміз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



