Министрдің айтуынша, биылдан бастап министрлік көлеңкелі экономикаға қарсы күрес жөніндегі негізгі мемлекеттік орган болып айқындалды. Осы сәттен бастап ведомство жаңа жүйелі тәсілдерді енгізуді қолға алды. Мемлекеттік органдардың даму жоспарларына көлеңкелі жүйені азайту бойынша KPI қосылып, тәуекел деңгейі жоғары салаларға байланысты жол карталары әзірленді.
Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі – цифрландыру. Айталық, жасанды интеллект элементтері бар «Smart Data Finance» жүйесі салықтан жалтару схемаларын анықтау мен салық төлеушінің цифрлы бейінін қалыптастыру арқылы азаматтар мен бизнеске қатысты ауқымды мәліметтерді талдауға қауқарлы. Қазір оған 74 дереккөз қосылып, жыл соңына дейін тағы 30 көз қосылады деп жоспарланған. Алайда ҚР ҚМ деректері бойынша шағын және орта бизнес секторында ескі схемалар әлі де кездеседі. Тек 3 576 мекенжай бойынша жалпы салық берешегі 60,4 миллиард теңгеге жететін 20 мыңға жуық компания тіркелген. Тексерулер мен цифрлы құралдар мұндай жағдайларды дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Қазір азаматтардың салық мәдениетін арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, сауда жасау кезінде чекті талап ету есепке алынбаған кірістермен күресудің қарапайым әрі тиімді тәсілі болып қалып отыр. Мысалы, былтыр кассалық аппараттардың 39 пайызы чек шығармаған. Бірақ биыл 70 мыңдай кәсіпкер жағдайды түзетіп, реттей бастаған. Озық цифрлы шешімдердің ішінде 33 миллиард теңгеден астам сомаға жалған шот-фактуралар шығаруды болдырмайтын электрондық шот-фактура ақпараттық жүйесіндегі биометриялық сәйкестендіруді айтуға болады. «e-Tamga» жобасы жүздеген миллион транзакцияны өңдеп, жылына 100 миллиард теңгеге дейін бюджет шығынының алдын алып, ҚҚС автоматтандырылған бақылауын қамтамасыз етеді. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп «Цифрлы ҚҚС» қанатқақты жобасын іске асырып келеді. Бұған сәйкес цифрлы теңгедегі есеп айырысулар қаражаттың көлеңкеге кетуін тежеп, айналымның барлық тізбегін ашық етеді.
2025 жылдың 9 айында шамамен 4 миллиард теңгеге 1 миллион литр алкоголь, 6,6 миллион қорап темекі және 37 мың тонна мұнай өнімдері тәркіленді. 7 миллиард теңгеден астам акциздер есептелді. Кедендік әкімшілендіру саласында жасанды интеллектіні енгізуге баса мән берілді. Тың технологиялар талапқа сай жарияланбаған тауарларды анықтауға және адам факторының әсерін азайтуға мүмкіндік береді. «SmartCargo» платформасы теміржол және әуе тасымалы бойынша деректерді автоматты түрде өңдеуді қамтамасыз етеді, бұл кедендік ресімдеуде уақытты үнемдеп, сыбайлас жемқорлықтың сын-қатерін азайтады.
Валюталық бақылау Мемлекеттік кірістер комитетінің басты назарында. Жыл басынан бері 5,9 миллиард теңгеге айыппұл салынып, 1,5 миллион доллар көлеміндегі декларацияланбаған валютаның елден шығарылуына жол берілген жоқ. Қосымша логистикалық карта – «Цифрлы жібек жолы» жобасы да іске асырылып жатыр, онда еліміздегі көлік инфрақұрылымының барлық негізгі элементі: бекеттер, ЖҚС, қоймалар, бақылау аркалары және төлем пункттері цифрландырылып, қамтылған. Бұл жүк қозғалысының ашық жүйесін жасап, жалған транзитті анықтауға көмектеседі.
– Көлеңкелі экономиканы одан әрі азайту үшін үш бағытқа назар аудару қажет. Біріншіден, цифрландыруды күшейту мен мемлекеттік органдар арасында ақпарат алысу ісін жолға қою керек. Екіншіден, тасымалдаушылар үшін өткізу пункттері мен ілеспе инфрақұрылымды дамытуға мән берілуі тиіс. Үшіншіден, мемлекеттік сатыпалым саласына және қаражатты көлеңкеге шығару тәуекелі бар басқа да секторларға цифрлы теңгені қолдануды кеңейту қажет,– деді Мәди Төкешұлы.
Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі


