Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (МӘЖ) алатындар саны шамамен 544 мың адамды, ал асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылар шамамен 155,9 мың адамды құраған. Мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері мүгедектіктің тобы мен себебіне, сондай-ақ тиісті қаржы жылына арналған «Республикалық бюджет туралы» Заңда бекітілген ең төмен күнкөріс деңгейіне тәуелді түрде белгіленеді. Дәл сол сияқты асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы мөлшері – қайтыс болған адамның асырауындағы адамдар санына, өлім себебіне және ең төмен күнкөріс деңгейіне қарай есептеледі. Сонымен қатар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға әлеуметтік тәуекелдер орын алғанда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлемдер жүргізіледі. Мысалы, 2025 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша 98 мың адам еңбек ету қабілетінен айырылуына байланысты төлем алса, 66,5 мыңға жуық отбасы асыраушысынан айырылғаны үшін әлеуметтік төлем алған.
Әлеуметтік төлемдердің мөлшері соңғы екі жылда МӘСҚ-ға аударылған әлеуметтік жарналар негізінде есептелетін орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылу коэффициенттеріне, асырауындағы адамдар санына, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен табысты ауыстыру көрсеткіштеріне байланысты анықталады. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің өсуіне сәйкес мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 6,5 пайызға артқан. ҚР Үкіметінің шешімімен дәл осындай көлемде 6,5 пайызға – еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін әлеуметтік төлемдер де ұлғайтылды. Мысал ретінде, биыл жалпы ауру салдарынан мүгедектік белгіленген азаматтарға берілетін МӘЖ мөлшері бірінші топ үшін – 101 702 теңге, екінші топ үшін – 81 362 теңге, үшінші топ үшін 55 474 теңге болып белгіленіп отыр. 2025 жылғы 1 қазандағы жағдай негізінде еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төленетін әлеуметтік төлемдердің орташа көлемі 72 087 теңгені, ал асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдердің орташа көлемі 75 064 теңгені құраған.
Бұл кезеңде көпбалалы отбасылар мен марапатталған аналарға жыл басынан бері 449 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы төленген. Осы уақыт ішінде шамамен 847,7 мың отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 604,5 мың отбасыға тиесілі болып, бұл мақсатқа 391,1 миллиард теңге жұмсалған. Ал 243,2 мың марапатталған анаға 58,7 миллиард теңге қарастырылған.
Министрліктің дерегі бойынша, тек 2025 жылдың қыркүйегінің өзінде жоғарыдағы санаттағы азаматтарға 45,5 миллиард теңге төленген. Атап айтқанда, 544,9 мың көпбалалы отбасы 38,9 миллиард теңге, ал 244,8 мың марапатталған ана 6,6 миллиард теңге көлемінде жәрдемақы алған. Көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алу үшін табыс деңгейі есепке алынбайды. Ең басты шарт – бірге тұратын 4 және одан да көп баланың болуы. Сондай-ақ балаларының бірі күндізгі бөлімнің 23 жасқа дейінгі студенті болуы мүмкін. Ал марапатталған аналарға арналған жәрдемақы «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» иелеріне, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын немесе І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденін алған әйелдерге тағайындалады. Бүгінде «Күміс алқа» иегерлері ай сайын 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге, ал «Алтын алқа» атағын таққандар мен өзге марапат иелері 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге көлемінде төлем алады.
Жыл басынан бері мемлекет балаға байланысты төлемдер бағытында да ауқымды қолдау көрсетуде. Мемлекеттік жәрдемақылармен қатар, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне арналған төлемдермен 475,2 мың адам қамтылып, бұл мақсатқа 631,2 миллиард теңге бөлінген. 2025 жылдың басынан бері республикалық бюджет есебінен бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыны 257,5 мың адам алып, төлемдердің жалпы көлемі 46,5 миллиард теңгені құрады. Тек қыркүйек айының өзінде 26,7 мың адамға 4,8 миллиард теңге төленген. Бұл жәрдемақыға жаңа туған баланы дүниеге әкелген, асырап алған немесе қамқорлыққа алған Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер үміткер бола алады. Министрлік мәліметінше, бала күтіміне байланысты жәрдемақыны алу құқығы еңбекке қабілетті адам міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы болмаған жағдайда да сақталады. Бұл туған, асырап алған немесе қамқорлығына бала алған отбасыларға, сондай-ақ егер олар өзге ата-ананың отбасында есепке алынбаған жағдайда өгей балалары бар азаматтарға да қатысты. Есепті кезеңде бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтім үшін төленетін жәрдемақымен 124,4 мың адам қамтылып, оларға 32,7 миллиард теңге бағытталған. Қыркүйек айында 125,8 мың адамға 3,7 миллиард теңге төленген. Бала тууына және бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері «Республикалық бюджет туралы» Заңда бекітілген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) сүйене отырып есептеледі. 2025 жылдың басынан бастап бұл төлемдер 6,5 пайызға индекстеліп, әлеуметтік қолдау шынайы инфляциялық жүктемені ескеретін деңгейге жаңартылған.
Биыл бала тууына қатысты мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері мынадай. Бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 149 416 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 63 АЕК немесе 247 716 теңге төленеді. Бұдан бөлек, жұмыс істейтін азаматтарға жүктілік пен босану кезеңінде, сондай-ақ жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) әлеуметтік төлем тағайындалады. Ол жүктілік пен босану бойынша демалыстың бүкіл мерзімін қамтиды және төлем мөлшері еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілгенге дейінгі соңғы 12 айда МӘСҚ-қа аударылған орташа айлық табысқа және еңбекке жарамсыз күндер санына қарай есептеледі. Жыл басынан бері бұл біржолғы төлемді 161,4 мың адам алып, жалпы төлем көлемі 227,9 миллиард теңгені құрады. Соның ішінде қыркүйек айында ғана 16,7 мың адамға 17,2 миллиард теңге төленген. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 478 563 теңгеге жетті.
Сонымен қатар бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі күтімге байланысты кірістен айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы азаматтарға МӘСҚ-тан ай сайын әлеуметтік төлем жүргізіледі. Оның көлемі соңғы екі жылда әлеуметтік аударым жасалған орташа айлық табыстың 40 пайызы. Егер бір мезетте екі немесе одан көп бала дүниеге келсе, әр бала үшін төлем бөлек тағайындалады. 2025 жылдың тоғыз айында бұл төлем 189,4 мың адамға тағайындалып, жалпы сома 324,1 миллиард теңгені құрады. Тек қыркүйекте 19 мың алушыға 34,8 миллиард теңге төленген. Тоғыз ай ішіндегі ай сайынғы орташа төлем мөлшері 87 035 теңгені құрады.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай қолдаулар әлеуметтік топтар мен көпбалалы аналарды қуантары сөзсіз. Ел экономикасының өркендеуіне үлес қосатын жарқын жобалар көбейе берсін.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ



