
Психосоматика тек медицинамен шектелмейді. Ол қарым-қатынас, ақша айналымы, тұлғалық даму, өзін-өзі бағалау секілді адамның барлық өмір салаларымен тығыз байланысты. Дұрыс ойлау жүйесінің қалыптаспауы денсаулыққа, жеке өмірге, табыс деңгейіне және жалпы өмір сүру сапасына тікелей ықпал етеді.
Кейбір адамдар психосоматиканы тек аурулармен байланыстырады. Алайда бұл сала әлдеқайда кең ауқымды қамтиды. Адамның басындағы негативті ойлар, іште жиналған реніш, ашу-ыза, өзін-өзі бағаламау секілді факторлар денсаулыққа әсер ететін маңызды триггерлердің бірі саналады.
– Мысалы, келін енесінің ескертуін естіп, өз пікірін білдіре алмай, ренішін ішіне бүгіп қалды делік. Мұндай эмоцияның сыртқа шықпай, ішінде жинала беруі денеге белгілі бір реакция береді. Адам тілін тістеп қалса, оның тамағы жиі ауырып, даусы қарлығуы мүмкін. Психосоматикалық дерттер көбінесе созылмалы аурулар, жиі қайталанатын аурулар, белгілі бір эмоцияның сыртқа шықпауынан пайда болатын аурулар түрінде көрініс табады. Тері ауруларының психосоматикамен байланысы ерекше. Мысалы, псориаз көбінесе адамның өзін-өзі қабылдамауынан, жұмысы ұнамауынан немесе тұрып жатқан үйінің көңілінен шықпауынан туындайды. Біз психотерапия жүргізіп, науқастың эмоциялық блоктарын жойдық. Бірақ денедегі жараны емдеу үшін міндетті түрде медициналық тәсілдер қолданылды. Яғни, психосоматиканың медицинамен қатар жүретінін түсіну керек, – дейді психосоматолог Мөлдір Ермекқызы.
Дегенмен, кез келген дертті психосоматикалық тұрғыдан қарастыруға болмайды. Айталық, Даун синдромы, шизофрения, церебралды паралич секілді дерттердің психосоматикаға қатысы жоқ. Бұл аурулар физиологиялық ауытқулардың салдары.
– Даун синдромы бар адамдардың ағзасында қосымша хромосома болады. Бұл – таза генетикалық мәселе. Сол сияқты кейбір адамдарда артық саусақтың болуы немесе жүректің қалыпты емес орналасуы да психосоматикаға жатпайды. Психосоматика тек денсаулыққа ғана емес, қарым-қатынас пен қаржылық жағдайға да ықпал етеді. Адамның өзін-өзі бағалауы төмен болса, оның табыс табуда қиындықтарға тап болуы заңдылық. Себебі ол өз еңбегіне лайықты ақы сұрауға қорқады, табысты болуға өзін лайықсыз сезінеді. Балалық шақтағы психологиялық жарақаттар ересек өмірге әсер етеді. Кейде адамдар айқын физикалық аурулармен келеді, бірақ тереңірек зерттегенде оның түп-тамыры бала кездегі естеліктермен байланысты болып шығады, – дейді маман.
Кей жағдайларда адам дәрі-дәрмексіз-ақ емделе алады. Бірақ бұл барлық жағдайда мүмкін емес.
– Бір ханым миомамен ауырып жүрді. Тек психологиялық терапия жүргізілген соң, оның миомасы өздігінен жоқ болды. Бұл – сирек кездесетін жағдайлардың бірі. Алайда психосоматиканың медицинамен бірге қолданылғанда үлкен нәтиже беретінін ұмытпау керек, – деп түсіндіреді Мөлдір Ермекқызы.
Психосоматиканың алғашқы негіздері ежелгі дәуірден бастау алады. Ежелгі Грекия мен Қытай медицинасы адамның ойы мен денсаулығы тығыз байланысты деген тұжырымды ұстанған. Гиппократ «дене мен жан – біртұтас» деген көзқарасты қолдап, эмоциялардың физикалық денсаулыққа әсерін зерттеді. Оның гуморальдық теориясы бойынша, адам ағзасындағы төрт негізгі сұйықтық – қан, өт, қара өт және шырыш тепе-теңдігі бұзылғанда, аурулар пайда болады.
Орта ғасырларда психосоматикаға діни көзқарастар ықпал етті. Көптеген аурулар адамның күнәларының немесе жаман ойларының нәтижесі деп қарастырылды. Бұл кезеңде медицина мен психология арасында шекара нақты бөлінген жоқ, бірақ рухани және эмоционалдық факторлар маңызды рөл атқарды.
ХІХ ғасырда психосоматиканы ғылыми тұрғыдан зерттеу басталды. Австриялық дәрігер Франц Месмер «магниттік сұйықтық» теориясын ұсынса, кейіннен Зигмунд Фрейд адамның бейсаналы күйзелістері денсаулыққа әсер ететінін дәлелдеді. ХХ ғасырда психосоматикалық медицина қарқынды дамыды. 1930 жылдары неміс дәрігері Георг Гроддек психосоматикалық ауруларды емдеуде психоанализдің маңыздылығын көрсетті.
Қазіргі уақытта психосоматика медицина мен психологияның ажырамас бөлігіне айналды. Стресс, депрессия, іште жиналған реніш пен қорқыныштардың иммунитетке, жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырлары жүйесіне және ас қорыту жүйесіне әсер ететіні ғылыми түрде дәлелденді.
Психосоматика ғылымы адамның эмоционалдық күйі мен мінез ерекшеліктері белгілі бір аурулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін деп санайды. Әрине, кез келген ауруға тек мінезді кінәлауға болмайды, бірақ ұзаққа созылған эмоциялық күйзелістер, теріс ойлар мен стресс ағзаға әсер етіп, аурулардың дамуына жағдай жасауы мүмкін.
Мысалы, қызғаншақтық, көреалмаушылық қасиеттері бар адамдар үнемі ішкі шиеленіс жағдайында жүреді. Олар біреумен бәсекелесуге, өзін басқалармен салыстыруға бейім, ал бұл стресс деңгейін жоғарылатады. Ұзақ уақыттық стресс ағзадағы кортизол гормонының артуына әкеледі, бұл өз кезегінде қант диабетінің дамуына ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, жүрек-қан тамырлары аурулары, гипертония (қан қысымының жоғарылауы) сияқты сырқаттар да осындай адамдарда жиі кездеседі.
Ашуланшақ, ренішті көп сақтайтын, кекшіл адамдарда бауыр қызметі әлсірейді. Бауыр – эмоциялармен тығыз байланысты орган, әсіресе ашу-ызаны сыртқа шығармаса, ол бауырда жиналады деген түсінік бар. Бұған қоса, жиі күйзеліске түсу асқазан сөлінің шамадан тыс бөлінуіне себеп болып, гастрит, асқазан жарасы сияқты ауруларға әкелуі мүмкін.
Үнемі бірнәрседен қорқатын, шешім қабылдауда сенімсіздік танытатын адамдарда тыныс алу жүйесі әлсіреуі мүмкін. Мұндай адамдарда демікпе (астма), бронхит, кей жағдайларда аллергиялық реакциялар жиі кездеседі. Өйткені өкпе – еркіндікпен байланысты орган, ал қорқыныш – адамның өзін қысылғандай сезінуіне себеп болады.
Өмірден ләззат ала алмау, үнемі ренішпен жүру, ұзақ уақыттық депрессия иммунитетті әлсіретіп, ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілетін төмендетуі мүмкін. Бұл жағдай онкологиялық аурулардың пайда болуына әсер етуі мүмкін деген пікір бар. Әрине, рак ауруларының негізгі себебі генетикалық және экологиялық факторларға байланысты, бірақ психосоматика бұл ауруға да белгілі бір деңгейде әсер етеді деп санайды.
Шыдамсыз, сабырсыз, үнемі асығыс жүретін, уайымы көп адамдарда жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысы бұзылады. Мұндай адамдарда жүрек талмасы, гипертония, инсульт қаупі жоғары болады.
Психосоматиканың негізгі қағидаларына сүйене отырып, адам өз эмоцияларын басқаруды, теріс ойлардан арылуды үйренсе, кейбір аурулардың алдын алуға болады. Қазіргі медицинада психосоматикалық бұзылыстарды емдеуде психотерапия, когнитивті мінез-құлық терапиясы, медитация және эмоционалдық күйді реттеу әдістері қолданылады.
Адамның ішкі жан күйі, эмоциялары мен ойлау жүйесі оның физикалық денсаулығына айтарлықтай әсер етеді. Егер адам эмоциясын ішіне бүгіп, жағымсыз ойлардан арыла алмаса, бұл оның денсаулығына, қарым-қатынасына, тіпті қаржылық жағдайына да ықпал етуі мүмкін. Сондықтан медицина мен психология қатар жүрсе, емдеу процесі әлдеқайда нәтижелі болмақ.
Айжан ӨЗБЕКОВА