
Дегенмен, білім беру мекемелеріндегі түрлі үйірмелердің балаға берері өз алдына бір бөлек әңгіме. Ал ұлттық мәдениетті қалыптастырумен қатар оқушының халықтың рухани мұрасын құнттауына ықпал ететін шығармашылық үйірмелердің жайы бір басқа. Бұл тұрғыда облыстағы түрлі мәдени ошақтардың үйірмелер жұмысын жүйелеуде атқарып отырған жұмысы талапқа сай ма, балаларды түрлі бағыттағы үйрімелерге тартуда қандай кемшіліктер бар? Міне, біз осы мәселеге назар аударған едік. Облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаевтың айтуынша, кейбір аудандар халық шағармашылығына қатысты мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізу ісіне немқұрайдылықпен қарайды екен. Одан бөлек ауылдық жерлердегі шығармашылық үйірмелерді дамытуда бірқатар кедергілер бар көрінеді.
– Облыстық халық шығармашылығы орталығы 2024 жылы жоспарға сәйкес және жоспардан тыс 28 іс-шара ұйымдастырды. Оның 16-сы мәдени-көпшілік іс-шара, екеуі семинар, тағы екеуі поэзиялық кеш, бірі айтыс болса, жетеуі фестивальдер мен конкурстар. Былтыр облыстың 85 жылдығы аясында «Мәдениет – асыл қазынам» тақырыбымен аудандардың мәдениет күндері тамыз-қараша айларында аудан орталықтарында өтті. Іс-шара өтетін орынға екі күн бұрын облыстық халық шығармашылығы орталығы тарапынан сахна, LED экран, дыбыс күшейткіш аппаратуралар ақысыз орнатылды. Бір «әттеген-айы» техникаларға қажетті электр қуаты жеткілікті қамтамасыз етілмей, іс-шараның өту деңгейін төмендетіп, ақыр соңында бұл жағдай құрылғылардың істен шығып, жарамсыз болуына бірден-бір себеп болды. Барлық аудандарда көрме ұйымдастыру барысында орын алған ең басты кемшілік қазылар алқасы танысып өткен соң назарға ұсынылған дүниелерді бірден жинап кетіп жатты. Бұл іс-шара ең бірінші халық үшін жасалады. Сол себепті көрме шара аяқталғанға дейін тұруы қажет. Алдағы уақытта осындай іс-шараларды ұйымдастыру барысында мүдделі мекемелер біз сөз еткен кемшіліктердің қайталануына жол бермесе екен деймін. Тағы бір айта кетер маңызды жайт, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аудандарда 98,5 штаттық бірлікке 114 үйірме жетекшісі жұмысқа қабылданған болатын. Осыған сәйкес жаңадан ашылған үйірмелер саны 184, оларға қатысушылар саны 2322-ні құрады. Осы берілген штаттар бойынша ең жоғарғы көрсеткіш Қордай ауданында – 46 үйірме, 690 қатысушы. Ең төменгі көрсеткіш – Сарысу ауданында 4 үйірме, оған қатысушылар саны бар болғаны 42 адам ғана. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шу ауданында ыңғайластырылған Тасөткел ауылдық клубына берілген 1 шығармашылық штаты техникалық маман, яғни гардеробшы штатына ауыстырылғаны анықталды. Барлық аудандардан үйірме жетекшісі штаты бойынша қажеттіліктері сұралған, алайда ешқандай ауданның бұл тұрғыда ұсыныс бермеуі көңіл қынжылтты. Ел арасында «АртСпорт», «ДамуБала» деп танылған мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке кәсіпкерлердің үйірмелері жұмыс істейді. Осы жеке кәсіпкерлер үйірмесіне қатысушылар саны өкінішке қарай мәдениет үйлері мен клубтардағы үйірмелерге қарағанда едәуір көп. Мысалы, Қордай аудандық мәдениет үйінде 11 балалар үйірмесі бар болса, оған 222 жеткіншек қатысады. Дәл осы аудандағы Қордай ауылында жеке кәсіпкерлердің 29 балалар үйірмесі бар, бірақ оған 823 бала қамтылған. Сонымен қатар Қордай ауданы Сарыбұлақ ауылдық округінің Қайнар ауылдық мәдениет үйінде 2 үйірме 18 қатысушысымен қоса жабылған. Себебі. Қайнар ауылдық мәдениет үйі жеке кәсіпкерге үйірме жүргізу үшін жалға берілген екен, – деді Ғани Қадірсізұлы.
Аудандарда шығармашылық маман тапшылығының орын алуы мәдениет ошақтарында білікті үйірме жетекшілерінің жетіспеуін көрсетсе керек. Балаларды үйірмемен қамтуда жеке кәсіпкерлердің басым болуы да мемлекеттік мекеме саналатын мәдениет үйлеріне қарағанда, бизнес өкілдері ұйымдастырған үйірмелерге балалардың қызығатынын айғақтайды. Ал сынып-сыныпты аралап, оқушылармен әңгімелесіп, оларды мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын үйірмелерге тартуда мамандардың тиісті деңгейде жұмыс істемеуі салдарынан мемлекеттік үйірмелердің бәсекеге қабілеттілігі төмендеген деп ойлаймыз. Ғимараттардың да жеке кәсіпкерлерге жалға берілуінің көрініс табуы бізді ойландырмай қоймады. Осы ретте біз алдымен Шу аудандық мәдениет үйінің директоры Айнұр Рахымбаеваға хабарласып, шығармашылық маманы штатының неліктен гардеробшыға ауыстырылғанын сұрадық.
– Шу ауданы әкімдігінің 27 қыркүйектегі 2022 жылғы № 485 қаулысына сәйкес, аудандық мәдениет үйіне және оған қарасты мәдени ошақтарға 10 штат бірлігі берілген. Балалардың үйірме қажеттілігіне байланысты 17 үйірме ашылып, 10 маман жұмысқа қабылданып, еңбек етуде. Үйірмеге қатысушы бала саны – 320. Осы жылдың І тоқсанында Шу аудандық мәдениет үйі және оған қарасты клубтар бойынша үйірмелер саны 71-ді құраса, оған 1016 бала қатысып жүр. Оның ішінде балалар үйірмесі – 61, қатысушылар саны – 872. 61 үйірмеде 38 мәдени қызметкер қосымша жұмыс атқаруда. Тасөткел ауылдық клубына берілген шығармашылық маманының штаты маман тапшылығына байланысты 6 ай тиімсіз бос тұруына орай, Абай ауылдық мәдениет үйінің қажеттілігіне орай, техникалық маманға (гардеробшы) ауыстырылып берілді, – деді А.Рахымбаева.
Қордай аудандық мәдениет үйі және оған қарасты ауылдық мәдени ошақтарда осы жылдың үш айында клуб құрылымы 10 үйірмеге өсіпті. Атап айтқанда, 2 домбыра, 1 вокал, 3 көркемсөз, 2 қолөнер, 1 робототехника, 1 бейнелеу үйірмелері ашылып, клуб құрылымына қатысушылардың жалпы саны 189-ға артқан екен. Отар ауылдық мәдениет үйінің домбыра үйірмесіне 16 бала, көркемсөз үйірмесіне 18 бала, әжелер үйірмесіне 5 адам жазылған. Бетқайнар ауылдық мәдениет үйінен көркемсөз үйірмесі ашылып, оған 10 бала келіп жүр. Сонымен қатар Қарасу ауылдық мәдениет үйінен би үйірмесіне 1 бала, бейнелеу өнеріне 5 бала, қолөнерге 2 бала қатысады екен. Жалпы үйірмеге қатысушылар саны осылай 1924 адамды құрапты. Осы мәліметті берген аудандағы тиісті мамандар неліктен Қайнар ауылдық мәдениет үйіндегі жұмыс істеп тұрған үйірменің жабылып, ғимараттың жеке кәсіпкерге жалға берілгені жөнінде жақ ашпады. Бір анығы, бұл жағдай былтыр анықтала сала аудандық мәдениет және тілдерді бөлімінің басшысы, мәдениет үйінің директоры түсініктеме жазып, жеке кәсіпкермен жалдау шарты бұзылған екен.
Біздің мақсатымыз кеткен кемшілікті жария етіп, көпшіліктен сүйінші сұрау емес. Мүмкін мемлекеттік мәдениет үйлерінің, клубтардың жұмысын жүйелеу, балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту үшін мәдениет үйлеріндегі үйірмелерді жандандыру қажет шығар. Олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білікті мамандарды тарту керек.
Негізі шығармашылық мамандарға көңілге қонымды айлықақы төлеп, үйірме ұйымдастырылатын нысандардың материалдық базасын талапқа сай етсе артық болмайды. Үйірме жетекшілерін ынталандырып, олардың жұмыс істеуіне жағдай жасағанда ғана маман тапшылығы жойылуы мүмкін. Әйтпесе талай талантты тудырған ел ішінен үйірмеге жетекшілік ететін мамандардың табылмауы мүмкін емес.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ