Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Халықтың саулығына бағытталған қаржы қатаң бақылауда

Халықтың саулығына бағытталған қаржы қатаң бақылауда
opennews.kz
Денсаулық сақтау – халықтың өмір сапасын арттырудың және ел әлеуетін нығайтудың негізгі саласы. Сондықтан да бұл салаға көрсетілетін қаржылай және басқа да қолдау түрі аз емес. Әсіресе бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы аса маңызды. Сол себепті облыс бойынша тексеру комиссиясы 2025 жылға арналған аудит жоспарында денсаулық сақтау саласына бөлінген бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына зерделеу жүргізген еді.

Тиісті тараптардың қатысуымен осы зерделеу қорытындысы басты негізге алынған жиын өткен болатын. Онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында денсаулық сақтау ұйымдарына бөлінген қаржының жұмсалу тиімділігі мен мемлекеттік активтердің пайдалану тәртібі жан-жақты талқыланды. Аудит облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы мен оған бағынысты 14 шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды қамтыпты.

Аудит нәтижелері көңіл көншітпейді. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында қамтылған 58 864 786,4 мың теңгеден астам қаражаттың ішінен 32 349 313,1мың теңге көлемінде заң бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде қаржылық бұзушылықтар 15 590 821,0 мың теңгені құраса, тиімсіз жоспарланған қаражат 13 355 118,0 мың теңгеге жеткен. Ал тиімсіз пайдаланылған сома –  1 567 135,8 мың теңге. Бұдан бөлек, 194 рәсімдік, 13 жүйелік сипаттағы кемшілік тіркеліпті. Бұл туралы облыстық тексеру комиссиясының мүшесі Илияс Төлемісов айтып берді.

– Медициналық инфрақұрылым мен техникалық жарақтандыру деңгейі де біз үшін маңызды индикатор. Облыстағы емханалар мен ауруханалардың физикалық тозуы орта есеппен 56,2 пайызды құрайды. Ал медициналық техниканың жабдықталу деңгейі – 77,8 пайыз. Бірақ бұл жерде маңызды бір жайт бар. Ашығын айтсақ, жабдықтардың тозу деңгейі 38,8 пайызға жетіп отыр, бұл назар аударалық жағдай. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызметтің сапасына әсер етпей қоймайды, – деді Илияс Төлемісов.

Мәселен, облыстағы 6 қалалық мемлекеттік емхананың тек біреуі ғана жобалық қуат шегінде жұмыс істейді екен. Қалғандары артық жүктемемен қызмет көрсетіп отыр. Ал бұл бір жағынан кадрлар тапшылығы мен амбулаториялық деңгейдегі қызметтің әлсіздігін айғақтайды. Стационарлық емдеуге жатқызу санының 8,8 пайызға өсуі де осыған дәлел.

Өткен жылы өңірде өлім-жітім көрсеткіші 1000 адамға шаққанда 6,11-ді құрап, 2022 жылмен салыстырғанда 2,2 пайызға артқан. Сонымен қатар нәресте өлімі 18,9 пайызға, ал ана өлімі 12,7 пайызға ұлғайған. Бұның барлығы – алдын алу шараларының жеткіліксіздігі мен жүйелі бақылаудың әлсіздігінен туындап отырған көрсеткіштер.

Тексеру барысында бірқатар нақты заңбұзушылықтар да анықталған. Мысалы, Жамбыл аудандық орталық ауруханасының 2025 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша кредиторлық берешегі – 387591,8 мың теңге. Сонымен қатар 17 102,7 мыңтеңгеге жуық негізсіз сыйақы төленген. Ал мекеменің жіберіп алған табысы 300 488,9 мыңтеңгеден асады.

Талас аудандық ауруханасында 808 779,0 мың теңге көлемінде берешек тіркеліп, кассада 1 221,5мың теңге қолма-қол қаржы жетіспеген. Мойынқұм аудандық ауруханасында бас дәрігер офтальмолог мамандығында қосымша қызмет атқарғанымен, бұл салада заңды сертификаты болмаған. Сарысу ауданында бұдан да күрделі жайт анықталыпты, медициналық ұйымдар лицензия қосымшасы болмағанына қарамастан, қызмет көрсеткен. Кейбір ұсынылған құжаттардың заңдылығы күмән тудырғандықтан, іс құқық қорғау органдарына жолданған.

– Біз аудит барысында анықталған фактілер бойынша құзырлы органдарға тиісті материалдарды жолдадық. Әкімшілік іс қозғау үшін 121 материал облыстық ішкі аудит департаментіне берілді. Бұдан бөлек, сәулет-құрылыс бақылау басқармасына – 2, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне 12 материал жіберілді. Яғни, тексеру нәтижелері кейбір істі құзырлы органдар зерделейтін әрекетке жол ашып отыр, – деді Илияс Мағзымұлы.

Аудит қорытындысы 2025 жылғы 11 қыркүйекте өткен отырыста қаралып, анықталған бұзушылықтарды жою және кінәлі тұлғаларға шара қолдану туралы қаулы қабылданған.

Жалпы денсаулық сақтау саласы тікелей адам өмірімен байланысты бағыт болғандықтан, оған бөлінген әр теңге нақты нәтижеге бағытталуы тиіс. Тиімсіз жоспарлау, шала-шарпы бақылау, құжаттамалық негіздемесіз сатып алулар – мұндай жағдайларға жол беруге болмайды. Бұл бағыттағы аудит тек қаржылық тәртіпті нығайтып қана қоймай, саладағы түйткілдерді кешенді шешуге ықпал етеді.

А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар