Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Диқандар науқанға сақадай сай

Диқандар науқанға сақадай сай
Ашық Дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әбдірәсіл Желеубаевтың қатысуымен брифинг өтті. «Көктемгі дала жұмыстары және қант қызылшасын дамыту» тақырыбында баяндама жасаған спикердің айтуынша, 2025 жылы жалпы 659,9 мың гектарға ауылшаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланыпты.

Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 33,2 мың гектарға артық. Дәнді және дәнді бұршақты дақылдар 372 мың гектарға, майлы дақылдар – 40,2 мың, қант қызылшасы мен картоп алты-алтыдан – 12 мың, көкөніс дақылдары – 34,9 мың, бақша дақылдары – 14,1 мың, мал азығы дақылдары 183,8 мың гектарға егіледі. Осы жылдың өнімі үшін өткен жылы 156 мың гектар алқапқа күздік бидай дақылы орналастырылыпты.

– Ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталуда. Көктемгі жер жырту жұмыстары 1,8 мың алқапқа жүргізіліп, жоспар 2,2 пайызға орындалды. Сонымен қатар, дақыл себуге 995 гектар жер дайындалса, бұл жоспардың 0,7 пайызы. 2,1 мың гектарға жаздық арпа себіліп, меженің орындалуы 1,1 пайызды көрсетті. Көктемгі дала жұмыстарын өз деңгейінде өткізу мақсатында тауарлық-материалдық қажеттіліктер толығымен дайын. Сондай-ақ дала жұмыстарына қажетті 54,8 мың тонна тұқым бар. Жауапты науқандық жұмысқа 8 мыңнан аса ауылшаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Үкімет тарапынан өңіріміз үшін 20 мың тонна дизель отыны бөлініп, 8 өңірлік таратушы оператор анықталды. Тарату бағасы 1 литр дизель отыны үшін 254 теңгені құрады. Бүгінде мұнай өндеуші зауыт пен өңірлік операторлар арасында келісімшарт жасалып, тиісті көлемге қаражат аудару жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айына тиесілі 4,1 мың тоннаның 2,1 мың тоннасына ақы төленді. Биыл 400-ден аса өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникасын сатып алып, жаңару жоспарын 6,5 пайызға жеткізу көзделуде. Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Осы жылы 418 мың гектар алқапқа 83,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарлануда. Бұл ретте науқандық жұмыс барысында шаруалар үшін аванстық жеңілдетілген төлемдер бойынша тыңайтқыштарды алу механизмі қолайлы болып отыр. Осыған орай биыл жергілікті бюджеттен бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат аванстық төлемдер ретінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылды. Көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Агронесиелік корпорация» арқылы облыс шаруаларына 8 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру көзделуде. 2025 жылға ауы шаруашылығы саласын қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджеттен 39,6 миллиард теңге бөлініп, 16 мыңнан астам ауылшаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетілетін болады, – дейді Әбдірәсіл Серікұлы.

Осы жылы өсімдікшаруашылығы бағытында 325,1 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, межені артығымен орындап, 108,3 пайызға өсім көрсету жоспарланыпты.

Спикердің сөзіне сүйенсек, өңір шаруалары науқандық жұмысқа сақадай-сай. Оларға керекті материалдық-техникалық қажеттіліктер толығымен дайын және агротехникалық шараларды мерзімінде өткізу жұмыстары тұрақты бақылауға алынған.

Н.БОЛАТҰЛЫ.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар