Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Музей педагогикасының маңызы зор

Музей педагогикасының маңызы зор
Ашық Дереккөз
Музей педагогикасы – оқытудың белсенді және инновациялық әдістерін біріктіретін заманауи бағыттардың бірі. Бұл тәсіл оқушылардың танымдық қызығушылығын арттырып, тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы бағытта «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталағында әдістемелік тәжірибелерді талқылау мақсатында «Музей педагогикасы белсенді оқытудың инновациялық технологиясы ретінде: тәжірибе, үрдістер, перспективалар» тақырыбында халықаралық онлайн конференция ұйымдастырылды.

Іс-шараға шетелдік сарапшылар, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, мұражай және кітапхана қызметкерлері, әдіскерлер мен педагогтар «Zoom» платформасы арқылы онлайн қатысты. Конференция барысында музей педагогикасының инновациялық әдістері, музей сабақтарын жобалау, білім берудің цифрлық трансформациясы жағдайындағы музей педагогикасының рөлі, туризм мен экологияны білім беру процесіне біріктіру сияқты маңызды тақырыптар қозғалды.

Конференция аясында музей педагогикасын қолдану тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Бұл бағытта Эльмира Мырзалиеваның жетекшілігімен облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Тараз қаласындағы И.Панфилова атындағы №39 мектеп-гимназия педагогтерінің бірлескен жұмысы ұсынылды. Музей мен білім беру мекемелері арасындағы осындай әріптестік музей сабақтарының тиімділігін арттыруға, оқушылардың тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығын дамытуға жол ашады. Қазақстандық зерттеушілер мен педагогтердің баяндамалары музей педагогикасының қазіргі білім беру жүйесіндегі рөлін айқындады. «Өрлеу» БАҰО АҚ Алматы облысы бойынша филиалының кәсіби даму институтының аға оқытушысы Шалхар Шакеров «Қазақстан мұражайларының тарихы: қалыптасуы, дамуы және қазіргі жағдайы» тақырыбында баяндама жасап, музейлердің білім беру процесіндегі тарихи маңызын атап өтті. Тараз қаласындағы №10 С.Нұрмағамбетов атындағы орта мектептің информатика пәні мұғалімі Раушан Қайдаулова «Музей педагогикасында ақпараттық технологияларды қолдану: QR-кодтар және толықтырылған шындық» тақырыбында баяндама жасап, заманауи технологиялардың музей сабақтарындағы рөліне тоқталды. Ал №16 Д.Карбышев атындағы орта мектептің география пәні мұғалімі Жанар Асабаева «Ашық аспан астындағы «Отан» мұражайы – білім алушылардың зерттеу жұмысының дамуына ықпал ететін құрал» атты баяндамасында музей кеңістігінің зерттеу қызметін дамытудағы мүмкіндіктерін қарастырды.

Конференцияға қатысқан шетелдік мамандар музей педагогикасын енгізудің тиімді тәжірибесімен бөлісті. Украина ұлттық педагогикалық ғылымдар академиясының «Белоцерковка үздіксіз кәсіби білім беру институтының» өкілдері Владимир Куліщов пен Ілля Пахомов «Музей педагогикасы әдістерін пайдалана отырып, кәсіптік (кәсіптік-техникалық) білім беру мекемелерінің білім беру процесіне қатысушылардың азаматтық бірегейлігін дамыту» тақырыбында баяндама жасап, музей сабақтарының білім беру үдерісіндегі орнын талқылады. Ал Эстонияның Таллинн Паэ гимназиясының мұғалімі және оқу ісінің меңгерушісі Наталья Преснецова «Музей педагогикасы мектептегі оқыту бағдарламасын жүзеге асыруды қолдау әдістерінің бірі ретінде» атты баяндамасында музейлік әдістерді мектеп бағдарламасына енгізудің нәтижелі жолдарын ұсынды.

Конференция барысында ұсынылған баяндамалар музей педагогикасының пәнаралық әлеуетін айқындап, тарихи сананы, білім алушылардың азаматтық бірегейлігін, ақпараттық құзыреттілігін дамытуға ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар, бұл әдістемелік тәсілдер оқушылардың білімді практикалық қолдану қабілетін, талдамалық және сыни ойлау дағдыларын дамытып, зерттеу және жобалау қызметіне деген тұрақты қызығушылықты қалыптастыруға бағытталғаны анықталды.

Іс-шара соңында қатысушылар өз идеяларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді. Ұйымдастырушыларға музей педагогикасын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтылып, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар