Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кітапханаға қолдау болса, қоғам ұтады

Кітапханаға қолдау болса, қоғам ұтады
Ашық Дереккөз
Кітапхана десе ойымызға ежелгі Отырар кітапханасы оралатыны белгілі. Өйткені мәдениеттің, ғылым мен білімнің ірі орталығына айналу арқылы IX–XII ғасырларда нақ осы кітапхана өзінің өркениет шыңын бағындырды. Сол кездері Отырар кітапханасының әлеуеті әйгілі Александрия кітапханасынан кем түспеді.

Отырарға жасалған шапқыншылық кезінде аталған кітапхананың жойылып кетуі үлкен қасірет. Десе де осы руханият ордасында кезінде көптеген ғалымдар мен ойшылдар жұмыс істеді. Талай ғұламаның ой-өрісі толығып, ғылым жолына түсуіне Отырар кітапханасы түрткі болғаны анық. Оны «Шығыстың Аристотелі» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің өткен өмірінен-ақ аңғаруға болады. Демек, әлемдік өркениетте кітапхананың алатын орны айрықша деуге толық негіз бар.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ауылдық жерлерде клуб, мәдениет үйі, кітапхана секілді мәдени ошақтардың есігіне жаппай қара құлып салынғаны белгілі. Ұлт руханияты үшін мұндай орынның аса қажет екенін еліміз еңсе тіктеп, есімізді жиғанда ұғындық. Нақты айтқанда, 2000 жыл Мәдениет жылы деп жарияланып, одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдау арқылы жоғымызды түгендей бастадық. Қазіргі уақытта облыста 275 мемлекеттік кітапхана өңір тұрғындарына мәдени-ақпараттық бағытта қызмет көрсетуде. 3 облыстық, 8 қалалық кітапхана Тараз қаласында шоғырланса, қалған 264 кітапхана өңірдің 151 ауылдық округінде жұмыс істеп тұр. Облыстағы кітапханалар қорында – 3 миллион 827 мыңнан астам, оның ішінде мемлекеттік тілде – 2 миллионнан аса кітап бар. Олардың басым көпшілігі қоғамдық-саяси, филология, тіл білімі ғылымдары аясындағы басылымдар мен көркем әдебиет.

Негізінде ауыл тұрғындарын заманауи білім мен ақпаратқа қолжетімді етуге, шалғай елді мекендердегі кітапханаларды интернетпен толық қамтуға, кітап қорын үнемі жаңартып отыруға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға мүмкіндігіміз жетеді. Алайда облысымыздың кейбір ауданында кітапхана ісін жүйелеуде бірқатар кемшіліктер бар көрінеді.

– 2024 жылы да кітап қоры жергілікті бюджет, мемлекеттік тапсырыс, сый кітаптармен толықты. Жалпы облыс бойынша кітап қоры 162 413,1 мың теңгеге 76 497 (68 031-і – мемлекеттік тілде) кітаппен толықтырылды.

9 аудандық кітапханалар жүйесіне жергілікті бюджеттен 26 640,0 мың теңге бөлініп, 7973 (7698-і мемлекеттік тілде) кітап алынды. Осы орайда айта кету керек, Қордай ауданы 2 жыл қатарынан кітап қорын толықтыруға қаржы бөлмеген.

Кітапханалардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 91 453,1 мың теңге бөлінген. 9 аудандық кітапханалар жүйесіне 70 895,7 мың теңге бөлінді. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйелеріне кітап қорын толықтыруға, мерзімді басылымдарға жазылуға және ауылдық кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат көлемі бойынша ауданаралық рейтинг жасалды.  Дегенмен, Қордай ауданы басылымға жазылуда қомақты қаржы бөлмеген. Нақты айтсақ, былтыр 26 кітапханасы бар Сарысу және 20 кітапханасы бар Мойынқұм ауданына мерзімді басылымдарға 1000,0 мың теңге бөлінген. Ал 37 кітапханасы бар Қордай ауданына 1446,4 мың теңге ғана қаралған. Сонымен қатар Қордай, Мойынқұм, Талас аудандары кітапхананың материалдық-техникалық базасына қаржы бөлмеген. Сондай-ақ  Т.Рысқұлов пен Байзақ ауданына аз қаражат бөлінген.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі арасында мамыр-қараша айлары аралығында облыстың 85 жылдығына орай «Туы биік, тұғыры берік - Жамбыл елі» өлкетану оқулары жобасы жүзеге асырылды. Байқауға қатысуға ниет білдіріп, белсенділік танытқан 7 аудандық кітапхана болды.

Ал Қордай, Мойынқұм мен Сарысу аудандары түрлі себептермен қатыспады. «Жыл маманы-2024» облыстық байқауына да 35 жасқа дейінгі 8 үміткер қатысты. Алайда байқауда Жамбыл мен Талас аудандарының өкілдері төбе көрсетпеді.  

Бүгінгі күні интернет желісіне 2 кітапхана, атап айтқанда Мойынқұм ауданы Сарыөзек ауылдық (кабельдік байланыс мүлдем жоқ) және Меркі ауданы Әскери бөлімше кітапханалары интернет желісіне қосылмаған, – дейді облыстық Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхана директоры Эльмира Абдинова.

«Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасының жүзеге асырылуы – өңірде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған айрықша бастама. Дегенмен, ауданда кітапхана жұмысын жүйелеуде кемшіліктердің болуы нені білдіреді? Осы ой жетегімен алдымен аты бірнеше мәрте қайталанған Қордай мен Мойынқұм аудандарына хабарласып, мән-жайға қанығуға тырыстық.

– Өткен жылы Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі арқылы 3200,0 мың теңгеге Отар, Қарасу, Жамбыл ауылдық кітапханаларының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Алайда Қордай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры болып Мадина Жүнісқұлова жаңадан таңайындалғандықтан, жылдық есеп дұрыс тапсырылмаған. Жаңсақ ақпаратқа осылай жол берілді.

Кітап қорын толықтыруға былтыр 1200,0 мың теңге бөлінген. Баға ұсыныстарын сұрау бойынша екі рет Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сұраныс берілді. Ұтып алған мердігерлер келісу рәсімінен өткенімен, келісім-шартқа қол қоймаған. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 44 бабының 1 тармағына сай егер жеңімпаз деп танылған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген мерзімдерде тапсырыс берушіге мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шартты ұсынбаса немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасып, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді және (немесе) осы Заңның 26-бабына сәйкес соманы (ол болған кезде) енгізбесе, онда мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарды деп танылады. Осыған орай, 1200,0 мың теңге жыл соңында қайтарылған. Осы жылы бюджетті нақтылау кезінде сұраныс қайта беріледі.

«Оқитын ұлт» жобасы аясында Жамбыл облысының 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «Туы биік, тұғыры берік – Жамбыл елі» атты өлкетану оқулары шеңберінде Қордай ауданында «Киелі Қордай елі – туған жерім» атты әдеби микс өткізу жоспарланған болатын. Бастапқыда іс-шара 2024 жылдың 4 қазанына белгіленіп, кейін облыстық деңгейдегі өзгерістерге, сондай-ақ референдумға байланысты тоқтатылды.

Жалпы, кітапхана тарапынан толық дайындық жүргізіліп, арнайы форма тіктіріліп, кітаптардың макеттері әзірленген. Мерзімді басылымдарға қажеттілікке сай өткен жылы 1551,0 мың теңгеге бюджеттік өтінім беріліп, қаражат бөлінген. Жалпы аудан әкімі аппараты, бөлімдерді қосқанда мерзімді басылымдарға 2391,0 теңге қаражат бөлінген. Ал 2025 жылға мерзімді басылымдарға 3626,0 теңге қаражат қаралды, оның ішінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қажеттілігіне сай 1551,0 мың теңге бөлінді.

Жалпы ауданда 16 цифрландырылған ақпараттық орталық (ЦАО) халыққа қызмет атқарады. Әр орталық интернет жүйесіне қосылған 4 компьютермен жабдықталған. Қордай ауданындағы 37 кітапхана 95 компьютермен қамтылған. Осы жылы 2 ауылдық кітапхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, 4 компьютермен толықтырылады, – дейді Қордай ауданы әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай.

Мойынқұмда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты 1 балалар мен жасөспірімдер кітапханасы және 18 ауылдық кітапхана филиалдары бар. Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Тулеулиевтің айтуынша, кітап қорында – 272282 кітап болса, оның ішінде 175119-ы мемлекеттік тілде. Оқырман саны 15356 болса, кітап берілімі-229047. Оның 207975-і мемлекеттік тілде. 3839 кітап жаңадан түссе, оның  3636-сы мемлекеттік тілде.

– 2024 жылы жаңа кітаптар сатып алуға 2000,0 миллион теңге қаржы бөлініп, 365 кітап алынды. Оның ішінде мемлекеттік тілде 320 кітап бар. Мерзімді басылымға 1 миллион теңге, 2025 жылға мерзімді басылымға 2 миллион теңге қаржы қаралды.

Кейбір мәселелер былтырға дейін өзекті болып келсе, оның ішінде осы жылы шешімін тапқан бірқатар түйткілдер  бар. Мысалы, биыл кітапханаға арнайы көлік алуға қаржы қаралады. Ақсүйек, Биназар, Мирный, Сарыөзек, Мыңарал ауылдық кітапханаларына қосымша кітап, көрме сөрелері, үстел, орындықтарын алуға аудандық бюджеттен 2025 жылдың 1 сәуірінде 6,3 миллион теңге бөлінеді.

Сарыөзек ауылдық кітапханасына кабельдік желінің жоқтығынан интернет орнатуға мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан Сарыөзек ауылы талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтылмаған. 2024-2027 жылдарға интернет желісін тарту межесіне сәйкес, Сарыөзек ауылын талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамту 2027 жылға жоспарланған. Халық санының аздығына орай (280 адам) жағдай осылай болып отыр, – дейді Мейірхан Берікұлы.

Не десек те кітапханаларға, оның ішінде ауылдық жердегі кітапханаларға айрықша жағдай жасау аса маңызды. Өйткені бұл ауыл тұрғындарының, жастардың ой-өрісін кеңейту, рухани сусындату үшін қажет. Жалпы кітапханаға қолдау көрсетілген жерде зияткерлік әлеует те жоғары болады.

 

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар