
Мәселен «Хотя бы мен…» трендінің басты мақсаты – бір-бірінің кемшілігін немесе басқалардан артықшылығын айту. Өкінішке қарай мұнда адам намысына тиетін ауыр сөздер жиі айтылады. Бір-біріне тікелей айып тағып, реніштерін жария ету көпшіліктің алдында абыройын төгумен тең.
Әлеуметтік желіде тараған бір видеода анасы мен қызы осы трендті түсіріп, әке туралы ауыр сөздер айтады. Анасы: «Хотя бы менің әкем бар» дейді, қызы: «Хотя бы менің әкем өліп қалмаған» деп жауап береді. Анасы да қарап қалмай: «Хотя бы менің әкем сенікі секілді тастап кетпеген» дегенде қызы көз жасына ерік беріп, видео аяқталады. Мұндай шынайы эмоцияны көрген желі қолданушылары анасының әрекетін сынға алып, «Баланы ренжіткеннен не таптың?», «Бұл енді артық!» деп жазып жатты.
Желіде тараған тағы бір видеода үш құрбы бір-бірінің айыбын бетке басып, бірінің күйеуіне опасыздық жасағанын, екіншісінің бірнеше рет түсік жасатқанын айтып, ашықтан-ашық масқаралауда. Бұрын тек сенімді адамдардың арасында қалатын әңгімелер енді барша жұрттың алдында талқыланатын деңгейге жетті.
Ал енелер мен келіндер арасындағы тартыс тіпті басқаша өрбиді. Енесі келініне: «Хотя бы мен түске дейін ұйықтамаймын» десе, келіні: «Хотя бы мен 10 күнде бір жуынбаймын» деп жауап береді.
Ал, «Айтамыз, бірақ талқыламаймыз» трендінің мәні – адам өзіне қатысты шындықты айтады, бірақ оның талқылануына рұқсат жоқ. Ал шындықтың қандай боларын алдын ала ешкім білмейді.
Көптеген отбасылық жұптар осы челленджді қызық үшін түсірсе де, кейбір жағдайларда бұл үлкен жанжалға әкеліп соғуда. Бір мысалда жас келіншек күйеуіне: «Білесің бе, біз алғаш танысқанда сенің 350 мың теңгең жоғалып еді ғой? Сол ақшаны мен алғанмын» дейді. Бұған ашуланған күйеуіне әйел: «Трендтің ережесін ұмытпа» деп жауап береді. Күйеуі де қарап қалмай, әйелінің салмақ қосқанын айтып, оның түр-әлпетін сынай бастайды. Әйелі болса, күйеуімен некеге тұрғанға дейін бірнеше жігітпен жүргенін ашық айтады. Бұндай жағдайлар бейнежазба соңында «пранк» ретінде түсіндірілгенімен, көп жағдайда ол шынайы жанжалдарға, реніштерге әкеліп жатқаны анық.
Үлкенді сыйлау, әдептілік сақтау, жаман әдеттерді көпшілікке жария етпеу – ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиенің негізгі қағидалары. Ал бүгінгі әлеуметтік желідегі трендтер осы құндылықтарды бірте-бірте жойып бара жатқандай.
Бұрын ерлі-зайыптылар арасындағы сырлар – тек олардың арасында қалатын құпия болса, енді олар ашық айтылады. Бұрын ене мен келін арасындағы қарым-қатынас сыйластыққа негізделсе, қазір ол көпшілік алдында мазаққа айналып барады. Бұрын құрбы-құрдастар арасындағы сенім бірінші орында тұрса, енді оның орнын әшкерелеу мен келемеждеу басқандай.
Дегенмен, осы «Хотя бы мен…» трендін басқаша қырынан көрсетіп, халықтың ықыласына бөленген жандар да бар. Соның бірі – блогер Мөлдір Анарбаева. Ол жолдасы Руслан екеуі трендті өзгеше форматта түсірді. Олар бір-бірінің кемшіліктерін емес, керісінше жақсы қасиеттерін айтып жарысты.
Олар «Хотя бы мен…» дегеннің орнына «Сенің маған мінезің ұнайды», «Сенің маған қолыңның ашықтығы ұнайды» деп алмастырды. Жарасымды жұптың бұл әрекеті желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, «Нағыз махаббат осы», «Осындай позитивті трендтер көбейсін!» деп пікір білдіріп жатты.
Ислам дінінде адамның айыбын жасыру үлкен сауапты іс деп есептеледі. «Мұсылман мұсылманның айыбын жапса, Алла қиямет күні оның айыбын жасырады» деген хадис бар. Бірақ бүгінде адамдар керісінше, жақындарының кемшілігін бүкіл жұртқа жариялап, ел алдында ұятқа қалдыруды әдетке айналдырғандай.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім бауырының кемшілігін көпшілікке ашса, Алла оның кемшілігін әшкерелейді» деген.
Бұл сөз қазіргі әлеуметтік желілердегі келеңсіз әрекеттерге тікелей қатысты.
Әлеуметтік желілер – ақпарат алаңы және табыс көзі. Бірақ бұл оны шектен тыс пайдаланып, отбасы мүшелерін бір-біріне қарсы қоюға әкелетін құралға айналдыру дегенді білдірмейді. Әрбір адамның абыройы, жеке өмірі, отбасы құпиясы – сақталуы тиіс құндылық.
Тренд қуамын деп жүріп, жақындарымызды ренжітіп, олардың жүрегіне жара салудан сақ болайық. Әсіресе, біздің қоғамда әдеп пен ардың рөлін естен шығаруға болмайды.
Айжан ӨЗБЕКОВА