Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәжірибелі менеджерлерге сұраныс көп

Тәжірибелі менеджерлерге сұраныс көп
rsv.ru
Еңбек нарығына жүргізілген талдау нәтижесі өңірде жұмыс орындарына деген сұраныстың жоғары екендігін анықтап берді. Жалпы «Enbek.kz» порталының деректері бойынша 700-ден астам вакансия тіркелген. Салалар бойынша тарқата айтар болсақ, білім беру және тәрбие, біліктіліксіз мамандықтар, медицина және фармацевтика, өндіріс, құрылыс және архитектура бағыттары ең жоғары сұранысқа ие. Бухгалтерлерге, қаржыгерлерге және құжат айналымы бойынша мамандарға да тұрақты түрде жұмыс орындары ашылып отыр. Кәсіпорындар мен мекемелердің көбі жиі тәжірибелі есепші және бастапқы құжаттарды жүргізуші мамандарды іздейді.

Облысымызда ақпараттық технологиялар, интернет және телекоммуникация салаларында да сұраныс деңгейі өсуде. Инженерлер, IT мамандар, жүйе әкімшілері мен бағдарламашыларға тұрақты түрде бос жұмыс орындары ұсынылуда. Бұдан бөлек маркетинг, PR және жарнама салалары бойынша да кадр тапшылығы байқалады. Әсіресе банктік секторда, инвестиция, лизинг және корпоративтік қызмет көрсету салаларында тәжірибелі менеджерлер қажеттілігі туындап отыр.

Өңірдің өндірістік бағытында да маман тапшылығы бар. Әсіресе тамақ өнеркәсібі, жеңіл және ауыр өндіріс салаларында тәжірибелі технологтар, инженерлер және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сонымен бірге құрылыс саласында жобалаушылар мен сәулетшілерге, құрылыс инженерлеріне, дәнекерлеушілерге және жөндеу шебері мамандарына сұраныс жоғары.

Қызмет көрсету мен туризм саласында да бос орындар көбейіп келеді. Туризм, қонақүй ісі, медицина, масс-медиа және іс-шараларды ұйымдастыру бағыттарында да жаңа мамандар қажет.

«Enbek.kz» порталындағы бос жұмыс орындарын талдау бойынша наурыз айында мекемелер мен кәсіпорындардан 734 хабарлама түсіп, 1 336 бос жұмыс орны жарияланды. Порталда 23 түрлі мамандық бойынша ұсынылған бос орындарының басым бөлігінде жалақы 100 000-200 000 теңге аралығында және жоғары айлықақы ұсыныстары бар. 

Жұмыс берушілер жариялаған вакансиялардың басым бөлігі толық жұмыс күніне арналған. Сонымен қатар жартылай жұмыс күні, вахталық және ауысымдық жұмыс түрлері де ұсынылады. Алайда олардың үлесі салыстырмалы түрде төмен. 

Білім деңгейіне қойылатын талаптар бойынша көптеген вакансияда жоғары білім талап етіледі, техникалық және кәсіптік білімге де сұраныс жоғары. Сонымен қатар орта білімді талап ететін жұмыс орындары еңбек нарығына әртүрлі деңгейдегі азаматтардың қатысуына мүмкіндік беріп отыр.

Еркін КЕЛЕСОВ,
облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру
және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар