Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Абай шығармашылығы – аласармайтын асқақ шың

Абай шығармашылығы – аласармайтын асқақ шың
Ашық Дереккөз
Байзақ ауданындағы Нығметулла Киікбаев атындағы мектеп-гимназияда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай «Толық адам ілімі табысты ұрпаққа» тақырыбында ғылыми-танымдық конференция өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Абай мұрасын ұлттық құндылық ретінде заманауи бағытта таныту, шығармашылығы арқылы бәсекеге қабілетті зияткер тұлғаны қалыптастыру, ғылыми терминдер мен сөз қолданыстарының сабақтастығын пәнаралық байланыс арқылы жетілдіру және жаратылыстану бағытындағы тәлім алушыларды дұрыс ойлауға, ойын жетік жеткізуге, стильдік қателерге бой алдырмауға бағытталады.

Ғылыми конференция барысында мектеп мұғалімдері  Абай шығармашылығын жан-жақты зерттеп, өз ойларын ортаға салды. Алғашқы болып қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Махаббат Амалбекова «Абай айтқан бес асыл істің бүгінгі күндегі өзектілігі» тақырыбында баяндама жасады. Ал тарих пәнінің мұғалімі Бекзат Сапарбаев «Болыс болдым мінекей» өлеңінің мазмұнын ашып, сол кезеңдегі тарихи оқиғаларға тоқталды. Математика пәнінің мұғалімі Мәдина Тәжібаева математика мен әдебиеттің үйлесімін түсіндіріп берді.

– Абай тікелей математик болмаса да оның шығармаларында математикалық терминдердің кездесетінін байқаймыз. Абайдың отыз сегізінші қара сөзінде «дүниеде есепсіз нәрсе жоқ, бәрі өлшеулі» деген. Бұл жерде әрбір нәрсенің өлшеулі шектеуі болатынын, ал математикалық өлшеммен «дәлдіктің» ғылымы екенін білеміз. Абай өлеңдері 7-8 немесе 11 буынмен жазылған. «Сәулең болса кеудеңде» өлеңіне талдау жасасақ. Бұл қазақ поэзиясындағы ең ерекше өлшеммен жазылған өлең.

Единица – жақсысы,
Ерген елі бейне нөл.
Единица нөлсіз-ақ,
Өз басындық болар сол.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөл?
Берекеңді қашырма,
Ел тыныш болса, жақсы сол,-дейді. Бұл өлеңде халықтың көптігінен не пайда,  кемел басшы болмаса деп математикалық мысал келтірген. Сондай-ақ әдебиетте математиканың символикалық мәні бар. Мысалға 5 санын алсақ Абайдың «бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген сөздері есімізге түседі. Үш десек «үш жүз», қырық десек «қырық мысал», жеті десек «жеті қазына» деген сияқты математика ілімі әдебиетпен байланысын үзген емес,-дейді Мәдина Тәжібаева.

Ал химия пәнінің мұғалімі Зейне Әбілдәнің айтуынша, Абай өлеңдерінде химиялық элементтер де кездеседі.

– Абай Құнанбайұлы- қазақ әдебиетінің классигі. Оның шығармалары қазақ халқының рухани дүниесін байытатын өмірлік мәні зор тақырыптарға толы. Қазіргі ғылымның зерттеуінше, Абай шығармаларында химиялық элементтер бой көрсетеді. Кейбір химиялық элементтердің қасиеттері мен мағыналары толық бейнеленеді. Ақынның шығармаларында жиі кездесетін химиялық элементтер – ауа мен от. Олар өлеңде өмірдің екі жағы-жақсылық пен жамандықты, қуаныш пен қайғыны бейнелейді. Ауа – тіршіліктің негізі, еркіндіктің символы. Ал от болса қуатты әрі жалынды сезімді, күйініш пен өкінішті бейнелейді. Келесі кездесетін химиялық элемент – су. Су  оттегі мен сутегіден құралады. Су-Абай поэзиясында тазалықтың, жаңарудың белгісі. Судың тазалық қасиеті адамның рухани дүниесін кірден тазартып, жаңаша өмір бастауға мүмкіндік беретінін көрсетеді. Сонымен қатар су-тіршіліктің қайнар көзі. Абайдың табиғат лирикасында судың молшылығы, өзен мен көлдің көрінісін береке-бірлікпен байланыстырады.

Лай суға май бітпес қой өткенге,
Күлеміз қасқыр жалап, дәметкенге.
Сол қасқырша алақтап түк таппадым,
Көңілдің жайлауынан ел кеткен бе?, - деген өлең жолдарында бұл элемент ауыспалы мағынада айтылғанын байқаймыз. Шығармада тағы да бір кездесетін химиялық элемент – темір. Ол биіктіктің, күш-қуаттың символы. Темірдей мықты болып қиындықтарға мойымауды білдіреді,-дейді Зейне Серікқызы.

Сонымен қатар өзге де ұстаздар Абай шығармашылығын тиісті бағыттарына қарай зерттеп, өз пікірлерін білдірді.

Ғылыми конференцияның екінші бөлімінде арнайы келген қонақтар оқушыларға дәріс оқып, ойларымен бөлісті.

– Бүгінгі таңдағы басты жетістігіміз – талантты әрі білімді жас мұғалімдердің көбеюі. Олар Абай шығармаларын жан-жақты ашып, жиылған қонақтарға толыққанды түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Мен осыған өз ризашылығымды білдіремін. Абай – түбі терең мұхит. Мұхитқа сүңгіген адам бірден түбіне жете алмайтыны сияқты Абайдың да шығармашылығын толық зерттеу мүмкін емес. Абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы «Мен бар ғұмырымда Абайды зерттедім, бірақ терең зерттеп болдым деп айта алмаймын» дейді. Абай шығармасында көптеген теориялық ілімдер айтылады. Рас, Абай өз заманында тікелей әдебиет теориясымен айналыспағанымен, өлеңдерінде мұндай қырлары көп кездеседі. Неге? Біріншіден, өлеңнің табиғатын түсінді. Екіншіден, халық ауыз әдебиетіне қанық болды. Үшіншіден, батыс әдебиетінің классикалық үлгісімен таныс болды. Төртіншіден, шығас әдебиеті поэзиясының кейіпкелерін толық білді. Абай – халыққа ой салатын, сезімін қорғайтын, адамның жанын жеңілдететін, шерін қозғайтын поэзияларды ұрпаққа мұра етіп қалдырды, - дейді филология ғылымдарының докторы, профессор Сәмен Құлбарақ.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы Рахат Саламатова жастардың Абай шығармашылығына қызығушылық танытуы  рухани сабақтастықтың белгісі екендігін айтады.

– Біз Абайды қоғамдық ғылымдар тұрғысынан ғана танып жүрміз. Егер ақынның ой-танымын толық зерттеп, тағылым тамырларына бойлайтын болсақ шығармада барлық ғылымның біте қайнасып жатқанын көруге болады. XXI ғасыр мұны бізден талап етеді.

Абайды әр ғылым саласы бойынша түсіндіру бағытында сабақ өтіп жүрмін. Ақын шығармашылығын зерттейтін, әр сала бойынша өзіндік қырларын ашатын, ізденімпаз жастарды іздеп жүргенім жасырын емес. Бүгін осы жиынға келіп, сондай жалынды жастарды көргеніме қуанып отырмын. Осындағы баяндама жасаған жас мұғалімдермен бірлесе отырып, ғылыми зерттеулер жазсақ жөн болар еді,-деп Рахат Маханбетжанқызы ұсыныс білдірді.

Сонымен қатар жиынға арнайы келген Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаракөз Тамабаева мен «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, педагогика ғылымдарының магистрі Әлімбай Найзабаев жиынға қатысты пікір білдіріп, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармашылығын естен шығармау керектігін айтып өтті. Жиын соңында келген қонақтар мен оқушылар естелік суретке түсті.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар