Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бір қателік өміріңізді өзгертуі мүмкін

Бір қателік өміріңізді өзгертуі мүмкін
Ашық Дереккөз
Облыстық полиция департаменті қамауда отырған есірткі курьерінің анасымен болған сұхбатты жариялады. Әйел адам ұлының өз қателігінен тапқан қазіргі тағдыры мен жүрегін жайлаған мұң туралы айтып, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды. Өйткені бір ғана қателік адам болашағына балта шабуы мүмкін. Оның 23 жастағы ұлы есірткіні жасырын орындарға қойып кетумен айналысқаны үшін 10 жылға сотталған.

– Әрине, мұндай жағдайларда ата-аналар бірінші кезекте өздерін кінәлайды. Жолдасым екеуміз таңертеңнен кешке дейін жұмыста болдық. Ұлымыздың немен айналысатынына, уақытын қалай өткізетініне қызығушылық танытпадық. Біз оның араласатын ортасын білмедік. Тіпті ортасының нашар істерге үйір етіп жатқанын, жаман әдеттері жұғатынын, жоғары оқу орнында білім алып жүрген ұлымыздың сабақққа бармай жүргенін де байқамадық, – дейді анасы.

Кейіннен ұлы күндіз-түні үйіне келуді қойған. Анасы оның киімдерінің қалтасынан бірнеше рет тамшуыр (пипетка) тапқан, алайда ұлы агрессивті әрекет етіп, жақындарымен сөйлеспей қойған.

– Оның оғаш мінез-құлқын байқап, біз ара-қатынасымызды түзетуге тырыстық. Кейде жаймен, кейде ұрыстық, жылы да сөйлестік, қулыққа да бардық. Бірақ барлық әрекетіміз нәтижесін бермеді. Ол қалыпты дұрыс тамақтануды, ұйықтауды қойды, күрт арықтап кетті. Содан кейін үйдегі құнды заттар да жоғала бастады, – дейді ол.

Полиция ұлын тұтқындаған кезде баласының есірткі заттарын қолданатынын және есірткі тасымалдаушы болып жұмыс істейтінін білген.

– Қателік ұлымның өмірін құртты. Қазір ол қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр және жасаған ісіне өкінеді, – деп сөзін түйіндеді ана.

Сотталушының анасы жасөспірімдердің ата-аналарын балаларының өміріне барынша араласып, оларға жақын болуға, құқыққа қайшы әрекеттер жасауына жол бермеуге, ал жастарды ұлының қателіктерін қайталамауға шақырады.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар