Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сапалы жол серпіліске бастайды

Сапалы жол серпіліске бастайды
Ашық Дереккөз
Халық арасында «Жол-экономиканың күретамыры» деген сөз жиі айтылады. Расында да жолдың жай-күйіне қарап сол аймақтың әлеуетін байқауға болады. Жол тақтайдай тегіс болса барыс-келіс те, алыс-беріс те артады. Сондықтан да кейінгі жылдары жол активтерін басқару жүйесін дамыту, жөндеу жұмыстарының сапасын бақылау және белгіленген стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету жұмыстарына жіті көңіл бөлінуде. Сондай-ақ халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында төтенше жағдайлардың алдын алу мен жұмылдыру дайындығын ұйымдастыру, орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу де басты назарда.

Осы бағытта «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының» облыстық филиалы бірқатар бастамаларды қолға алған. Әрине, атқарылған жұмыс ел-жұрттың көз алдында. Дегенмен, шаруаны ширата түсу үшін ұйымдастырушылық қабілет пен ұтымды ұсыныстарды да ұштастыра білген абзал.  Сондықтан да Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жол жөндеу жұмыстарының негізгі мәселелерін талқылау, тәжірибелік ұсыныстар енгізу және мекеме қызметінің міндеттерімен таныстыру мақсатында оқу семинары өтті.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жол-көлік инфрақұрылымының сапалы болуын қамтамасыз етеді. Жоғарыда айтылғандай жолдарға сараптама жүргізу, жолдың жасалу барысын бақылау, өңірдің жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мекеменің міндетіне кіреді.

– Бүгін біздің кәсіпорынның негізгі қызметін түсіндіру мақсатында атқарушы билік өкілдерімен оқу семинарын ұйымдастырып отырмыз. Шара барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беру арқылы қызметіміздің маңыздылығы мен пайдалы тұстарына тоқталамыз. Айта кетейік, жөнделген жолдарға сараптама жүргізу кезінде бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылады. Мәселен, жолдың тегістігі, тығыздығы, беріктігі және сапасы арнайы зерттеу әдістерімен тексеріледі. Бұл процесте заманауи өлшеу құрылғылары мен жабдықтар пайдаланылады. Еліміз бойынша 16 жылжымалы зертхана жұмыс істейді. Олардың бірі біздің облысымызға тиесілі. Жылжымалы зертхананың басты міндеті – жолдарға диагностика жүргізу. Сол арқылы жолдың техникалық жай-күйі бағаланып, оның күрделі, орташа немесе ағымдағы жөндеуді қажет ететіні анықталады. Шын мәнінде, жылжымалы зертхана жол сапасын бақылауда және жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлауда маңызды рөл атқарады, – дейді өңірлік филиалдың жетекші сарапшысы Жұмахан Шәкірбай.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» жол инфрақұрылымының тиімділігін арттыруға және елдегі автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға ықпал ететін бірегей кәсіпорын болғандықтан, жолшылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері тығыз әріптестік қарым-қатынаста болуы – аса маңызды. Осы мақсатта ұйымдастырылған жиынға  аймақтағы 10 аудан мен Тараз қаласы әкімдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ облыс орталығынан шалғайда жатқан бірқатар ауыл әкімдері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

– Басқосу барысында өңіріміз үшін аса өзекті мәселе – шалғай ауылдардағы жол инфрақұрылымының ахуалы да талқыланды. Ауылдық округ әкімі ретінде аталмыш жиынға арнайы қатысып, өзім үшін маңызды әрі қажетті ақпараттармен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Семинарда ауыл көшелеріндегі жолдарды жөндеу, олардың сапасын арттыру, жол құрылысы жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру секілді маңызды аспектілер бойынша білімімді кеңейттім. Сонымен қатар, «жылжымалы зертхана» мүмкіндіктері жайында жан-жақты мағлұмат алып, оның жол сапасын бақылаудағы рөліне ерекше назар аудардым. Бұдан бөлек, ауылдық жерлердегі жолдарды паспорттау жұмыстарының маңыздылығы мен жүргізілу тәртібі туралы толық ақпаратқа қанық болдым. Бұл жиынның ауыл әкімдері үшін аса пайдалы екенін атап өткім келеді. Себебі мұндай іс-шаралар тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелер бойынша кәсіби білімді арттыруға зор мүмкіндік береді. Сондықтан алдағы уақытта да осындай семинарларға тұрақты түрде қатысуға ниеттімін. Жиынды ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіре отырып, бұл бастама жалғасын табады деп сенемін,-дейді Мойынқұм ауданындағы Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ақсана Қалыбаева.

Ал Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев қалада жол мәселесі әлі де өзекті екендігін айтады.

– Бүгінгі оқу семинарының өте пайдалы әрі мағыналы екендігіне көз жеткізіп отырмыз. Себебі тапсырыс беруші ретінде көптеген сұрақ туындап жатады. Сол сұрақтарымызға осы жиын арқылы толыққанды жауап алдық. Жалпы, Шу қаласындағы жол инфрақұрылымының қазіргі ахуалы – өңір үшін өзекті мәселелердің бірі. Қаламызда 313 көше бар, оның ішінде 121 көшеде жол жабындысы мүлде қарастырылмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 2024 жылы 45 көшеге жаңа жол төселді. Жол сапасын бақылау әрі стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған орталықпен бірлесіп кешенді тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде кейбір көшелер бойынша тиісті нұсқамалар беріліп, олқылықтар жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын табады. 2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, қала аумағында қосымша 42 көшеге жол төсеу көзделген. Сонымен қатар, жолдардың күтімі мен жөндеу жұмыстары да басты назарда. Әсіресе, республикалық маңызы бар Сейфуллин көшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде. 2024 жылы басталған бұл жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы толығымен аяқталуы тиіс.  Жол сапасын қамтамасыз ету және стандарттарға сәйкестігін бақылау мақсатында «Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен» жыл сайын тиісті келісімшарттар жасасып отырамыз. Бұл серіктестік аясында жолшылардың техникалық қорытындысына сүйене отырып, атқарылған жұмыстарды қабылдау процесі жүргізіледі. Осылайша, жол инфрақұрылымын жетілдіру бойынша кешенді әрі жүйелі жұмыстар атқарылып, сапалы нәтижеге қол жеткізуге басымдық берілуде,- дейді Елдос Бекболатұлы.

2024 жылы өңірлік филиал тарапынан жол сапасын бақылау және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылған. Нақты айтқанда, 124 келісімшарт жасалып, жалпы саны 129 жобаға сараптама жүргізіліп, оң қорытынды берілген. Сонымен қатар, есепті кезеңде Жамбыл облысының жол саласы мамандары тарапынан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына қатаң бақылау жүргізу мақсатында 999 рет іссапар ұйымдастырылып, 392 нысанда инспекциялық тексерулер жүзеге асырылған. Нәтижесінде жол-құрылыс материалдарының 3129 данасынан үлгі алынып, сынамадан өткізілген. Сәйкесінше, жол-құрылыс материалдарының 1007 данасы нормативтік талаптарға сай келмейтіндігі анықталған. Кемшіліктерді жою және жол құрылысының сапасын арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылданып, тапсырыс беруші мекемелер мен мердігер ұйымдарға 221 ресми хат жолданған. Бұл шаралар жол сапасын арттыру мен құрылыс стандарттарын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызды бөлігі.

Жиын соңында қатысушылар өздерін толғандырған өзекті мәселелер бойынша сұрақтар қойып, саланың негізгі аспектілеріне қатысты құнды ақпараттарға қанықты.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар