
Жуырда Тараз қаласындағы «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің Көркемсурет галереясында 25 Қазан – Республика күніне, Шу ауданының 95 жылдығына және суретшінің 60 жас мерейтойына орай «Киелі мекен» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылды.
Көрменің әлқиссасы «Құрмет» «Парасат» ордендерінің иегері, әйгілі күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйімен басталды. Әйгілі шығарманы Шу аудандық мәдениет үйінің өнерпазы Жанболат Қыдырәлі орындады.
Мұнан кейін облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға сөз берілді. Ерлан Нұрманұлы шулық шебердің өнердегі өрнегін жоғары бағалап, көрменің мән-маңызы терең екенін айтты. Сондай-ақ басқарма басшысы облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың құттықтау хатын оқып беріп, суретшінің иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Суретшілер одағының мүшесі, доцент Муратджон Рахымжанов, Талас ауданының Құрметті ардагері Кабира Қартабайұлы да ақжарма тілектерін арнады. Сонымен қатар Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков те ізгі лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан жауып, суретшінің керек-жарағы салынған сауытын сыйға тартты.
Лебіздер легін облыстық балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық және спорт бөлімінің меңгерушісі Ольга Сағандықова түйіндеп, көрме авторына сый-сияпатын табыстады.
«Киелі мекен» көрмесінде Қали Ерғазыұлының «Garysh» баспасынан шыққан «QALI» кітабының тұсаукесер рәсіме өтті. Бұл еңбекке жерлесіміздің өмір дерегі мен 8 кескіндемесі, 53 акварель, 91 графика, 159 мүсін, 191 карикатурасы енген. Жобаға жетекшілік еткен Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков болса, Ұлан Айқожа есімді азамат редактор міндетін атқарған.
Жинақтың қызыл лентасын Шу аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Тынышхан Әрістеев пен Суретшілер одағының мүшесі Мұхтар Егізеков қиды.
Іс-шара қонақтарына автордың қолтаңбасымен кітап таратылып, залға қойылған еңбектер көпшілікке таныстырылды.
Өзін құрметтеп келген қауымға ыстық ықыласын білдірген Қали Ерғазыұлы келесі айда Алматы қаласында өтетін көрмесіне куә болуға шақырды.
Ибраһим НҰРЖАН,
журналист