
Мерекелік басқосуға қатысқан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары жастарға «Адал азамат», «Салауатты сана» жобалары жүктеген патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, тарихты тану секілді мәселелер төңірегінде орамды ойларын жеткізді.
Жиында облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары, ғылыми-сараптамалық топтың мүшесі Абдурахман Зайнутдинов және кеңес мүшесі Исмайл Хаджимуратов тарихтан тағылым алып, өткенге құрметпен қарауға шақырды.
– Жастар – кемел келешектің кепілі. Ал жастарға салауатты өмір салтын насихаттап, тәрбиелік-танымдық бағыт-бағдар беру қоғам үшін үлкен парыз. Осы мақсатта өткен жылдан бері елімізде республикалық «Салауатты сана» жобасы жүзеге асуда. Нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Осынау келеңсіздіктерден барынша аулақ болыңыздар, – деді басқосуда сөз алған облыстық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Сара Даузова.
Өскелең ұрпақты жастайынан өз елінің тарихын білуге, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қадірлеу ісінде Аналар кеңесінің атқаратын қызметі туралы Аналар кеңесінің мүшесі Пайза Куненова баянда жасады.
Жиын соңында келген қонақтарға облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесі көрме залының меңгерушісі Жазира Шілдебаева «Достық» үйін аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырды.
***
Халықаралық ана тілі күніне орай, «Достық» үйінде «Ана тілің алпыс тілге татиды» атты облыстық каллиграфия көрмесі өтті.
Іс-шараға этномәдени бірлестіктердің өкілдері, суретшілер, обылстық ҚХА жанынан құрылған қолөнер шеберлері, музей қызметкерлері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
Көрмеге облыс суретшілерінің 25 қолжазба-еңбегі қойылды. Көрменің ашылу салтанатында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбарак Жинақбаева, белгілі журналист, суретші, «Коре» корейлер қауымдастығының өкілі Михаил Те және «Полонез» поляк тілі және мәдениеті» орталығының белсендісі, суретші Вера Майкович сөз сөйледі.
Іс-шара соңында Мүбарак Қасымқызы көрмеге қатысушыларды алғыс хаттармен марапаттады.
Толғанай АТАБАЙ,
«Қоғамдық келісім»
мекемесінің
жетекші-сарапшысы