
Негізі инфляция деңгейінің жоғарылауына, яғни ақшаның құнсыздануына доллардың қымбаттауы, логистика және тасымал шығынының қымбатқа түсуі, ішкі нарықта қандайда бір тауарларға деген сұраныстың сыртқы нарық есебінен жабылуы, яғни импортқа, шикізатқа тәуелділік, мемлекеттің салық саясатында акциздер мен қосымша құн салығының жоғарылауы, жалақы мен өндіріс шығындарының көбеюі секілді факторлар әсер етеді. Одан бөлек әлемдік геосаяси жағдайлар, санкция, төтенше жағдайлардың жиілеуі, жаһандық өзгерістер, елдер арасындағы әскери қақтығыстар экономикамызға кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл қымбатшылықтың неден пайда болатыны жөнінде экономистердің айтып жүрген пікірі. Еліміз дәл қазір жоғарыда біз сөз еткен жайттарды бастан өткеріп жатыр.
Жалпы Жаңа жылдан бастап облыс тұрғындары қымбатшылықтың жаңа толқынын сезіне бастады. Мысалы, осы жыл кіре сала азық-түлік, оның ішінде картоптың бағасы шарықтап шыға келді. Қазіргі уақытта жанар-жағармай бағасының өсуі де байқалады. Сол секілді кейбір коммуналдық қызметтердің де ақысы өсті. Осы ретте біз коммуналдық қызмет бағасы не себепті өсетінін зерделеп көрген едік.
Бұл тақырыпта сөз қозғамас бұрын ең алдымен еліміздің тарифке қатысты жүргізіп отырған саясатына назар аударайық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдіктің сақталмай отырғанына назар аударды. Мемлекет басшысы елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткенін, бұл табиғи монополия субъектілеріндегі жағдайдың қандай деңгейде екенін айғақтайтына баса тоқталды.
Президент аталған Жолдауында: «Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлардың туындауына әкеп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді. Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», деді.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатынын мәнін ашар болсақ, бұл коммуналдық кәсіпорындардың тозығы жеткен дүниесін тұтынушы есебінен жаңалау. Мысалы, облыстағы жылу, ауызсу, электр энергиясын тарататын компаниялар мен халыққа коммуналдық қызмет ұсынатын мекемелер тозығы жеткен жылу, су, энергия желілерінің белгілі бір бөлігін жаңарту, ескі құбырларды жаңасына ауыстыру секілді жұмыстар жүргізсе, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті тарифті көтеріп береді. Былтыр бірқатар коммуналдық кәсіпорындар өздеріне тиесілі құбырлар мен желілерді ала жаздай жаңартумен айналысқанын газет бетінде сан мәрте жариялаған болатынбыз. Сондықтан аталған департамент басшысы Алмат Абдрайханға жолығып, былтыр нақты қандай мекемелер аталған бағдарлама аясында жаңғырту жұмыстарын жүргізгенін және бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын сұрадық. Департамент басшысы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында желілердің тозу деңгейін төмендету үшін жұмсалған қаржының жартысы мемлекет есебінен бөлінгенін сөз етті.
– Желілердің тозу көрсеткішін 2030 жылға дейін кем дегенде 15 пайызға төмендету мақсат етілген. Сол себепті өткен жылдың басында облыста «қызыл» аймаққа енгізілген 4 кәсіпорын тіркелді. Олар – «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Таразтрансэнерго», «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы. «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі, «Жамбыл су», «Таразтрансэнерго» мекемелері инвестициялық бағдарламаға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тиісті өзгерістер енгізді. «Таразтрансэнергоның» өткен жылғы жылу желілерінің тозуы 67,8 пайызды құраса, биыл бұл көрсеткіш 66,8 пайызға түсті. Желінің ұзындығы – 229 шақырым. 2024 жылы инвестициялық бағдарламаға 935 356,3 мың теңге жұмсалса, осы жылға бекітілген қосымша инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 858 509,5 мың теңгеге тең. «Жамбыл Судың» 2024 жылғы 1 қаңтардағы тозу деңгейі 71 пайыз болса, қазір 65 пайызды құрады. Желілердің ұзындығы – 784 шақырым. Өткен жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 469 075 мың теңге. 2024 жылы жергілікті атқарушы органдар «Жамбыл Судың» балансына қаланың жаңа су құбыры желілерін өткізіп, тозу деңгейі 71 пайыздан 65 пайызға дейін төмендегендіктен ол «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауыстырылды. 2025 жылға қосымша бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 266 766,1 мың теңгені құрап отыр. «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігінің 2024 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі құралдарының тозуы орта есеппен 79,04 пайызды құраған, 2025 жылға 77,8 пайыз болып отыр. Желі ұзындығы – 13 894 шақырым. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 2 495 486,2 мың теңге болса, осы жылға, 1,319 миллиард теңге сомасына инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар бекілді. «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамының өткен жылғы 1 қаңтар бойынша тозу деңгейі 74,5 пайызды құраса, қазір – 73,5 пайыз. Былтыр инвестициялық бағдарлама бойынша 106 707,6 мың теңге бекітілді. Инвестициялық бағдарламаларға қаржы кәсіпорындардың өз есебінен жұмсалса, ол тұтынушылардың қалтасына ауыр соғады. Сондықтан халыққа жеңіл болуы үшін қаржының жартысы мемлекет есебінен өтелді, – деді Алмат Аблайханұлы.
Тұтынушылар үшін коммуналдық қызметтер тарифін реттеу мақсатында, яғни коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормаларына бірқатар өзгерістер енгізіліпті. Бұл өзгерістер тарифтерді қалыптастыру қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылып, сумен жабдықтау, су бұру және жылу энергиясын тұтыну салаларына қатысты болған. Мәселен, коммуналдық қызметтерді тұтынушылар үш негізгі топқа жіктелген. Бірінші топ – жеке тұлғалар (тұрғындар), сондай-ақ жылу энергиясын өндірумен айналысатын ұйымдар және сумен жабдықтау, су бұру қызметін көрсететін кәсіпорындар. Екінші топ – заңды тұлғалар (коммерциялық ұйымдар), олар бірінші және үшінші топтарға кірмейді. Үшінші топ – бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар. Жеке тұлғалар үшін судың тарифтерін саралайтын болсақ, тұрғындарды ресурс үнемдеуге ынталандыру мақсатында бірінші топтағы тұтынушылар қосымша кіші топтарға бөлініпті. Тариф мөлшері адамның ай сайын тұтынатын су көлеміне байланысты белгіленген. Мысалы, бірінші кіші топ бойынша 1 адам 3 текше метрге дейін су тұтынуы тиіс. Сонда олар ең төменгі тарифті пайдалана алады. Екінші кіші топ – суды 3 текше метрден 5 текше метрге дейін тұтынатындар. Бұл ретте тариф 20 пайызға қымбат. Үшінші кіші топ – суды 5 текше метрден 10 текше метрге дейін тұтынатындар, сондай-ақ жылу энергиясын өндіруші ұйымдар. Олар үшін тариф 50 пайызға жоғары. Төртінші кіші топ – суды 10 текше метрден астам тұтынатын жеке тұлғалар және су есептегіші жоқ тұрғындар. Олар үшін тариф 100 пайызға қымбаттаған.
Жылу энергиясын тұтыну тарифтері үйдің жалпы ауданына қарай белгіленіпті. Бұл ретте бірінші кіші топқа пәтерінің жалпы ауданы 100 шаршы метрге дейінгі үйі бар тұрғындар жатады. Олар ең төменгі тарифпен есеп айырысады. Екінші кіші топ 100-ден 200 шаршы метрге дейін, үшінші кіші топ 200 метрден астам үйлері барлар. Олар үшін жылу ақысына ең жоғары тариф қолданылады. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар тарифтерді реттеу аясында «Жамбыл Су», «Таразэнергоорталық» және «Жанатас су жылу» кәсіпорындарының тарифтік саясатына осы өзгерістерді енгізіпті. Бұл өзгерістер әділ тарифтік саясат жүргізуге, ресурстарды үнемдеуді ынталандыруға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған. Белгіленген мөлшерден тыс су мен жылу тұтынатындар жоғары тариф төлейді, ал үнемдейтіндерге төмендетілген тариф ұсынылады.
Осы ретте А.Абдрайханнан коммуналдық қызметке қатысты тарифтердің қымбаттауының тағы қандай себебі бар екенін, егер бағаны негіссіз көтергендер болса, оларға қандай шара қолданылатынын сұрадық.
– Біздің департамент облыс бойынша табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген қызметтердің 60 түрін көрсететін 40 табиғи монополия субъектісін реттеумен айналысады. Оның ішінде сумен жабдықтау кызметін көрсететін – 20, сарқынды суларды бұру қызметі негізінде – 10, табиғи газды тасымалдайтын 1 кәсіпорын бар. Сонымен қатар суды арналар арқылы беру қызметтері бойынша – 2, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және жабдықтау қызметтеріне қатысты – 18, кірме темір жолдары қызметтері бағытында – 8, электр энергиясын беру және бөлу қызметтері бойынша 1 монополия жұмыс істеп тұр. Осы кәсіпорындар тарифті көтеру үшін алдымен бізге өтінім жолдайды. Біз осы өтініште көрсетілген мәселені зерделеп, шығыстарды есептеп, анализ жасап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге күш саламыз. Мысалы, қандайда бір коммуналдық кәсіпорын өздеріндегі жұмысшы жалақысын өсіру есебінен және олар тұтынатын газ, электр энергиясының бағасы өсуінен шығыны артып, бізден тарифті көтеріп беруді сұраса, бұл мәселе зерделеніп, біз тарифті бекітіп береміз. Қазіргі уақытта департамент мамандары 6 өтінімді қарап жатыр. Тарқата айтсақ, аталған кәсіпорындар су, кәріз, жылу, кірме жолдар бойынша қолға алған жобаларын бірі аяқтаса, тағы бірі толығымен орындаған. Мысалы, «Жуалы су» жобасының өсімі 95,8 пайызға жеткен. Сол секілді «Игіліктің» су жобасы 107,06 пайыз болса, кәріз 41,46 пайызға, жылу 53,44 пайызға, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кірме жолдар жобасы 21,77 пайызға орындалды. Кросс субсидиялаудан біртіндеп бас тартуға келсек, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярмен бекітілген кросс субсидиялаудан біртіндеп бас тарту жөніндегі жоспар кестеге сәйкес, 2025-2029 жылдар аралығында сараланған тарифтен бас тартып, тұтынушы топтарына орташа бір тариф бекіту қарастырылған. Біздің облыс бойынша 2024 жылы жоспарға сәйкес кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тартылды. Мысалы, бұл меже былтыр электрмен жабдықтау саласында 23 пайызға, жылумен жабдықтау саласында – 51, сумен жабдықтау саласында – 34, сарқынды суларды бұру саласында – 35, тауарлық газбен жабдықтау саласында 18 пайызға орындалды, – деді ол.
Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – табиғи монополия саласында заңнаманың сақталуын бақылау. Бұл бағытта өткен жылы облыстың жергілікті мемлекеттік тіркеліміне енгізілген 7 табиғи монополия субъектііне қатысты тексеру жүргізіліп, оның ішінде 5 заңбұзушылық анықталыпты. Табиғи монополиялар туралы заңнаманың бұзылуын қалпына келтіру жөнінде 5 нұсқама енгізіліп, оның үшеуі толығымен орындалса, екеуі орындалып жатқан көрінеді. Былтыр департамент тарапынан 6 табиғи монополия субъектісіне қатысты 7 әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып, жалпы сомасы 8 196 240 теңге көлемінде айыппұл салынып, ол толығымен өндіріліпті.
Департамент басшысының айтуынша, тарифтің қымбаттауына стратегиялық тауарлар құнының өсуі, яғни көмір, мазут, дизель отыны, газ, электроэнергия және тағы басқа жайттар себеп болған. Сонымен бірге оның қатарында негізгі құралдар құнының өсуіне әкелмейтін күрделі және ағымдағы жөндеулер, өндірістік персоналдың еңбекақы төлеу қорын индекстеу, иесіз желілерді сенімгерлік басқаруға қабылдау, жергілікті атқарушы орган желілерін ұстауға арналған шығындар, бекітілетін тауарлық газға көтерме бағаның жыл сайынғы өсуі, мемлекеттік салықтар және басқа да төлемдердің ставкасының өзгеруі де бағаға әсер еткен.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 27-тармағын орындау үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы бекітілді. Ұлттық жобаны әзірлеудің мақсаты – халыққа коммуналдық қызметтерді сенімді әрі сапалы көрсетуді және ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету. Осыған орай желілер мен объектілерді жаңғыртудан күтілетін әлеуметтік әсер – апаттық деңгейді 20 пайызға төмендету. Энергетикалық және коммуналдық активтердің тозу деңгейін ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін кеміту. Ұлттық жобаның іске асыру мерзімі – 2025-2029 жылдар аралығы. Бекітілген жобаны іске асырудың жоспар-кестесіне сәйкес, облыс бойынша энергетикалық және коммуналдық секторлардың инфрақұрылымын жаңғырту және салуға тиісті қаржы қарастыру жоспарлануда. Жылумен жабдықтау желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында 61,308 миллиард теңге, электрмен жабдықтау желісінің тозу деңгейін түсіру үшін 19,885 миллиард теңге бөлу көзделді. Сумен жабдықтау желісінің тозу деңгейін азайту мақсатында 24,641 миллиард теңге, су бұру желісінің тозу деңгейін төмендетуге 6,369 миллиард теңге, облыста кәріз-тазарту құрылыстарын салуға 80,706 миллиард теңге қарастыру жоспарланды. Департамент тарапынан аталған жобаға сәйкес облыс бойынша табиғи монополия субъектілерінің қатысуымен осы жылы қаңтарда тиісті іс-шара өткізілді. Осыған орай биыл 2025 жылы ұлттық жобаға қатысуға «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі мен «Жамбыл Су» мекемесі құжаттар пакетін дайындауда, – деді Алмат Аблайханұлы.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыс бойынша департаментінің басшысы берген мәліметке сүйенсек, биыл «Жамбыл электр жүйесі» серіктестігі тарифті 37,44 пайызға, «Жамбыл Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны 9 пайызға, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы 4,34 пайызға, «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы 15,11 пайызға көтеріпті.
Жасыратыны жоқ, биылғы өзгеріс бойынша мұздай судың ақысы адам басына белгіленген мөлшердегі суды тұтынуға байланысты есептелетін болғандықтан елең ете қалдық. Шынын айтсақ, біздің пәтерде 6 адам тіркелген болса, «Жамбыл Су» мекемесінен келетін түбіртекте 3 адам деп көрсетілген. Осыдан кейін дереу аталған кәсіпорынға барып, мән-жайды анықтадық.
– Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығынсыз тариф 1 текше метр үшін 111,27 теңге көлемінде енгізілді. Оның ішінде су есептеуіш құралы бар 1 топтағылар тұтыну көлемін бір адам үшін айына 3 текше метрден асырмаса 78,75 теңгеден төлейді. Тура осылай 2 топ адам басына айына 3-тен 5 текше метрге дейін су тұтынса – 94,50 теңге. 3 топ бойынша су тұтыну көлемі бір адамға айына 5-тен 10 текше метрге дейін – 118,13 теңге, 4 топта су тұтыну көлемі бір адамға айына 10 текше метрден жоғары болса 157,50 теңге болып бекітілді. Су есептеуіш құралы жоқ тұрғындарға – 159, 01 теңге. Жылу энергетикасы саласындағы коммуналдық кәсіпорындарға тариф – 78,75 теңге, бюджет қаржысымен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге – 225,32 теңге, 1 және 2 санатқа жатпайтын басқа да тұтынушыларға 175,97 теңге мөлшерінде бекітілді. Егер шын мәнінде тұрғылықты мекенжай бойынша 6 адам тіркеліп, түбіртекте 3 адам көрсетілсе, онда пәтер иесі біздің мекемеге келіп, арыз жазуы қажет. Өйткені сіздер жұмсаған су 3 адамға ғана есептеліп жатыр. Пәтер иесі арыз жазарда Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, сол жерден отбасы құрамы бойынша анықтама шығартып, оны бізге ұсынуы қажет, – деді «Жамбыл Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының бас экономисі Дүрия Балабекова.
Тарифтердің өсу мәнісі осындай. Бұл ретте жеке тұрғын үйде тұратындар жазға салым ауызсу құбыры арқылы бау-бақша суарып жүретінін талай көргенбіз. Демек бұл ретте олардың ойланып барып әрекет ететіні анық. Сонымен қатар коммуналдық төлемдердің дұрыс есептелуі үшін мекенжай бойынша тіркелген адамдар саны қызмет көрсетуші мекеменің деректерімен сәйкес болуы қажет. Егер бұл сандарда айырмашылық болса, тұрғындар артық төлем жасайтыны айдан анық.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ