
Колледж бүгінгі таңда 637 студентке ауылшаруашылығын механикаландыру, тігін өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету және дәнекерлеу ісі сияқты сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім береді.
Оқу ордасы білім берумен ғана шектелмей, ауыл тұрғындарын, студенттерді жұмыспен қамтып отыр. Колледж жанынан ашылған тігін цехы мен шағын кәсіпорын ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзі болып қана қоймай, жастарға өз мамандығы бойынша еңбек етуге мүмкіндік береді.
Колледж директоры Гүлнар Әлімбаеваның айтуынша, тігін цехында 40 адам жұмыс істейді. Цехта ұлттық нақыштағы костюмдер мен заманауи киімдер тігіліп, сатылымға шығарылуда. Сонымен қатар, колледждің оқу шаруашылығында 137 қой өсіріліп, студенттердің тәжірибе жинақтауына септігін тигізуде. Ал шаруашылықтан алынған 450 келі қой жүні колледж цехына жеткізіліп, одан көрпе мен ұлттық бұйымдар жасалады.
Колледждің тағы бір жаңашыл бастамасы – «BK-7 Textile» мамандығын дамыту. Бұл бағыт заманауи тігін және текстиль өнеркәсібі бойынша жоғары сұранысқа ие мамандар даярлауды көздейді. Оқу барысында студенттер өндіріс процестерін толық игеріп, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады.
№7 Бетқайнар колледжі тек жастарды кәсіпке баулып қана қоймай, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыруға да ықпал етуде. Тігін цехы мен жүн өңдеу өндірісі жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, ұлттық өнер мен мәдениетті жаңғырту колледж қызметінің ажырамас бөлігіне айналған.
Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында қолға алынған бұл бастамалар Қазақстанның басқа өңірлеріне үлгі боларлықтай.
Бақытжан БЕКБОЛАТОВ,
журналист,
Қордай ауданы