Қазіргі жастар үшін кейбір сөздерді, әрекеттерді сөзбен жеткізгеннен гөрі, бәрін бір ғана жестпен көрсете салу әлдеқайда оңайырақ. Кең таралған қимылдардың бірі – екі саусақты көтеріп, «V» әрпін жасау. Бұл ишара көбінесе суретке түскенде немесе достарымен кездескенде көп қолданылады. Бұл жестті жасау «менің көңіл күйім тамаша» дегенді аңғартады.
Бірақ, бес саусақ бірдей емес. Осы әдемі ишаралардың қатарында көңілге кірбің түсіретін, ерсі көрінетін жағымсыз әрекеттердің де бар екенін жасыра алмаймыз. Тіл шығару, оғаш іс-қимылдар жасау немесе келемеждегендей саусақ шошайту жағымсыз әсер қалдырады. Әсіресе, камераға қарап тілін шығарып, түрлі жағымсыз бейнелер көрсету көрген адамды да ыңғайсыз сезімге бөлейді.
Жастардың күнделікті өмірде пайдаланатын әрекеттері психологиялық тұрғыда қандай мағына беретінін білу үшін психолог маман Лаура Бексейітовамен аз-кем тілдескен болатынбыз.
– Қолмен, саусақтармен көрсетіліп жатқан ишаралар адамның айтқысы келген ойын бірден түсіндіреді. Бірақ бұндай жесттардың ішінде жағымсыз әсер қалдыратын әрекеттер де бар. Бұндай әрекеттердің артында психологиялық травмалардың жатуы мүмкін. Кей адам тілін әзілдеп көрсететін болса, кейбіреуі қысылғаннан, ұялғаннан шығаруы мүмкін. Осы бір қарапайым ғана көрінетін қимылдың астарында адамның ішкі қорқынышы немесе өзін ыңғайсыз сезінуі жатады. Көбіне адам сөзбен жеткізе алмаған сезімін, ішіндегі мазасыздығын осындай балалық әрекеттермен шығарғысы келеді. Мысалы, орынсыз тіл шығару бұл тек еркелік емес, адамның өзін қорғауға тырысуы немесе іштей өзін әлсіз сезінгендіктен туындайтын агрессияның бір түрі болуы мүмкін. Сол сияқты, саусақ шошайту немесе дөрекі белгілер көрсету кезінде дұрыс көңіл бөлінбегенін, жеткілікті мейірім көрмегенін аңғартуы мүмкін. Мұндай ерсі қылықтарды көрсетуді әдетке айналдыру адамның айналасындағылармен дұрыс тіл табыса алмауынан немесе өз-өзін төмен санауынан туындауы ықтимал. Адам өзіне сенімсіз болған сайын, осындай жесттер арқылы өзін көрсеткісі келеді немесе назар аудартқысы келеді. Бірақ, шын мәнінде сауатты, әрі жандүниесі бүтін адам әрдайым жылы ишаралар мен орнықты қимылдарды жасайды. Әрбір жасаған қимылымыз, тіпті кішкентай ғана қол бұлғауымыздың өзі біздің кім екенімізді, тәрбиеміз бен психологиялық күйімізді сөзсіз-ақ әшкерелеп береді, – дейді Л.Бексейітова.
Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің 2-курс студенті Альбина Базарбай кейбір жағдайда айтқың келген ойыңды сөзбен емес бір жестпен немесе қолдың қимылымен көрсете салу әлдеқайда оңайырақ әрі жылдам екенін айтады.
– Достармен кездескенде немесе әлеуметтік желіге видео түсіргенде түрлі ишараларды қолдану өзім секілді студент жастардың өзара сөйлесу тілі секілді. Сырт көзге кейде біртүрлі көрінетін суретке, видеоға түскенде тіл шығару, саусақтармен жүрек пішінді әрекеттер жасау біз үшін жай әзіл ғана емес, сол сәттегі көңіл күйді білдірудің жолы. Кейде шынымен де қатты ұялғанда немесе не айтарыңды білмей қысылғанда еріксіз саусақтармен түрлі әрекеттер жасап, жағдайды елемей өткізіп жібересің Үлкендер жағы бұл әрекеттерді ойын деп немесе дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Бірақ біздің ортада бұл көбіне жай әзіл және трендке ілесу. Дегенмен, әр қимылдың қолданылатын орны бар екенін білеміз. Және де осындай ишараларды орнымен қолдануға тырысамыз. Өйткені кейбір дөрекі әрекеттер адамның өзіне деген сенімсіздігін немесе айналасына деген наразылығын байқатып қоятыны да жасырын емес. Осындай әрекеттердің артында адамның бала күнінен жиналып қалған комплекстері немесе өзін қалай болса да көрсетуге деген жанталасы жатуы әбден мүмкін. Сондықтан біз біреудің оғаш қимылына қарап-ақ оның жандүниесінде не болып жатқанын аңғара аламыз. Меніңше, бұндай вирус әрекеттер мен секілді жастардың өзін-өзі танытуының, сезімін сөзсіз жеткізуінің бір тәсілі, бірақ бәрібір қандай белгі жасасақ та, оның айналаға қандай әсер қалдыратынын ойлауымыз керек. Саусақтың бір қимылы адамның бүкіл болмысын көрсетіп бере алатындықтан, ойын мен әдептіліктің арасындағы шекараны сақтау өте маңызды, – дейді Альбина Жұмақызы.
Әрбір іс-қимыл – адамның ішкі мәдениетінің айнасы. Осындай әрекеттер арқылы жақсылықты да, жамандықты да тілмен айтпай-ақ жеткізуге болады.
Бір-бірімізге жылы ишара жасау арқылы біз қарым-қатынасты қарапайым әрі түсініктірек етеміз. Көшеден көрген әрбір кішкентай белгінің астарында шынайылық пен достық пейіл жатқанын түсіну маңызды. Осындай сөзсіз диалогтар арқылы жастар өздерінің мейірімін, қолдауын және өмірге деген құштарлығын саусақ ұшымен-ақ жеткізе біледі.
Сымбат ҚУАНЫШ




