Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ербол Бегімовтың еңбегі ерен

Ербол Бегімовтың еңбегі ерен
Ашық Дереккөз
Кітап – білімнің алтын кілті. Ал зағип жандар үшін ол тіпті баға жетпес қазына. Өйткені көру мүмкіндігінен айырылған азаматтар үшін әрбір ақпарат – әлемді танудың жаңа мүмкіндігі. Осы жолда адал еңбегін арнаған жандардың бірі – облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының қызметкері Ербол Бегімов.

Ербол Аққайұлы 2008 жылдан бері аталмыш кітапханада қызмет атқарып келеді. Осы уақыт ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға рухани азық боларлық жүздеген кітапты жарыққа шығарды. Ербол Бегімовтың Брайль қарпіндегі кітаптарды басып шығарудағы қажырлы еңбегі ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол жергілікті ақын-жазушылардың, мерейтой иелерінің шығармаларын Брайль жүйесіне аударып, көз жанарынан айырылған жандардың оқуға деген құштарлығын арттыруда. Бүгінде оның баспасынан 2000-ға жуық кітап жарық көріп, көптеген оқырманның қолына жетті.

Брайль қарпі – көру мүмкіндігі шектеулі жандар үшін әлемді танудың, білім алудың басты құралы. Ербол Бегімов осы саладағы өз қызметін тек кітап шығарумен шектемей, көзі көрмейтін оқырмандарды оқытуға да ерекше көңіл бөліп келеді. Ол кітапхананың жанынан «Брайлист» және «Зағип және компьютер» атты екі үйірме ұйымдастырып, олардың тұрақты жұмысына жетекшілік етеді. «Брайлист» үйірмесінде оқырмандарға Брайль жүйесімен оқуды және жазуды үйретсе, «Зағип және компьютер» үйірмесі зағип жандарға ақпараттық технологияларды меңгеруге мүмкіндік береді. Осы оқу бағдарламалары арқылы 40-тан астам адам Брайль қарпін меңгерсе, 60-қа жуық оқырман компьютерді зағиптарға бейімделген бағдарламалар арқылы қолдануды үйренді.

Ербол Бегімовтың еңбегі тек оқыту және кітап басумен шектелмейді. Ол арнайы компьютерлік бағдарламаларды меңгеріп, Мәскеуден «Duxbury Braille Translator» жүйесін алып келді. Бұл бағдарлама арқылы оқулықтар мен әдеби кітаптарды Брайль қарпіне аудару жұмысы әлдеқайда жылдам әрі сапалы түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар Ербол Аққайұлы «Болашақ» мектеп-интернатының көзі көрмейтін оқушыларына тұрақты түрде сабақ беріп, олардың білім алуына қолдау көрсетіп келеді.

Оның еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасы оған кітапхана ісі мен оқу мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Алғыс хат табыстады. 2019 жылы Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойына орай «Облысқа сіңген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды. 2021 жылы Ұлттық Академиялық кітапхананың «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Сондай-ақ 2021 жылы «Рухани қазына» онлайн фестивалінде «Үздік облыстық маңызы бар зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» номинациясын жеңіп алды.

Кейіпкеріміз  шығармашылығының қыр-сырымен бөлісіп, алдағы жоспары туралы айтты.

– Мен 30 жасымда тағдырдың жазуымен мүлде көрмей қалдым. Алдында Қазақ соқырлар қоғамының өндірістік цехында заңгер-кеңесші болып жұмыс істегенім бар. Ол тоқсаныншы жылдар еді. Жер-жерде тоқырау болып жатқан кез. Жұмыстан қысқарып, цехта тұрмысқа қажетті заттар  жасап жүрдім. Оны сатып, аз-маз тиын-тебен таптым. Өзім осы кітапханаға жақын маңда тұратындықтан анда-санда ат басын бұратыным бар еді. Бірде кітапхана басшылығы осында жұмысқа тұруға ұсыныс жасады. Мұнда  Брайль қарпі бойынша оқып, жазып үйрендім. Мен мұнда нүктелі-бедерлі қаріпте кітап шығарамын. Сонымен қатар екі үйірмеге жетекшілік етемін. Көз жанарынан айырылған жандар соқырлар қоғамына тіркеледі, біз солармен әңгімелесіп, психологиялық қолдау көрсетеміз. Брайль қарпін үйренуге шақырамыз. Алдымен оқытып, жаздырып үйретеміз. Әр курсымыз 20 сабақтан тұрады. Егер ұқыпты қарап, қалмай қатысып жүрсе, толық үйренуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ  компьютерді меңгеруге баулимыз. Арнайы құрылғымыз мониторға шыққан әріптерді дыбыстап тұрады. Пернетақтаның орналасуын үйретеміз. Солай жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Ербол Бегімов.

Кітапхана ісінде 16 жылдан астам тәжірибесі бар Ербол Бегімовтың бұл саладағы еңбегі тек бір мекеменің емес, жалпы қоғамның игілігі үшін маңызды деп айтуға болады. Оның Брайль қарпінде басып шығарған екі мыңға жуық кітабы – көз жанарынан айырылған жандар үшін білімге, мәдениетке және рухани азыққа апарар жол. Бүгінде ол тек өзі ғана еңбек етіп қоймай, өзгелерге де үміт сыйлап, оларды қоғамға бейімдеудің жаңа жолдарын іздеп келеді. Оның еңбегі – мейірімділіктің, қайсарлықтың және рухани жаңғырудың үлгісі.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар